Украина тұтқынындағы қазақстандық Ресей билігіне үндеу жасады
Украина тұтқынында отырған Қазақстан азаматы Николай Перевозчиков Ресей билігіне видеоүндеу жолдады.
Ол мәлімдемесін Ресей жағында соғысқан Орталық Азия елдерінің тұтқындары атынан жасағанын айтты.
60 жастағы Перевозчиковтың сөзінше, Ресейде әскери тұтқындар мәселесімен арнайы айналысатын орган жоқ. Ол Украина тұтқынында отырған шетел азаматтарын Мәскеу айырбасқа сұратпай отырғанын мәлімдеді.
«Ресей бізді айырбасқа сұратпайды», – деді ол үндеуінде.
Перевозчиковтың айтуынша, Украина тұтқынында әлемнің 48 елінен келген бірнеше жүз шетелдік бар.
Видео Threads әлеуметтік желісіндегі toktaramankz парақшасында жарияланып, қызу пікірталас тудырды. Көптеген қолданушы Қазақстан азаматының Ресей жағында соғысқа қатысуын сынға алды. Пікір жазғандардың бір бөлігі оның «өз таңдауын өзі жасағанын» айтты.
Бұған дейін Бәсе басылымына берген сұхбатында Перевозчиков Шығыс Қазақстанда туғанын, Алматыда тұрғанын, кейін 2019 жылы отбасына байланысты Ресейге көшкенін айтқан.
Оның сөзінше, 2024 жылы Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған. Алайда өзін тікелей майданға емес, тылдағы көмекші жұмыстарға жібереді деп ойлағанын жеткізген.
Сонымен қатар ол Қазақстан азаматы ретінде әрі жасына байланысты соғысқа қатыспау керегін мойындап, келісімшартқа қол қоюын қателік деп атаған.
Перевозчиков Луганск облысында тұтқынға түскенін айтқан. Оның мәліметінше, 2024 жылдың маусымынан бері Украина батысындағы ресейлік әскери тұтқындар лагерінде отыр.
Сұхбатында ол Қасым-Жомарт Тоқаевтен өзіне кешіріммен қарап, елге оралған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартпауын сұраған.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтардың шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысуы қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.