Қордайда BMW көлігі тротуарда тұрған үш әйелді қағып кетті
Жамбыл облысының Қордай ауылында BMW жол талғамайтын көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, тротуарда тұрған үш әйелді қағып кетті.
Оқиғаның бейнежазбасы Kozachkov offside Telegram арнасында жарияланды. Видеодағы мәліметке қарағанда, жол апаты 18 қазанда болған.
Кадрлардан BMW көлігінің жолдан шығып кетіп, тротуарда тұрған әйелдерді қағып кеткенін көруге болады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасына қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, BMW жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Келтірілген дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау және одан әрі процестік шешім қабылдау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деп хабарлады полиция.
Зардап шеккен әйелдердің қазіргі жағдайы туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.