Әлеумет

Түркістан облысында журналист Амангелді Батырбеков қамауға алынды

Түркістан облысында "Сарыағаш-Информ" басылымының бас редакторы Амангелді Батырбеков екі айға қамауға алынды.

Амангелді Батырбеков

 Бұған дейін журналист "жала жабу" бабы бойынша 20 тәулік әкімшілік қамауда болған.

22 қазанда Батырбековтің әкімшілік қамау мерзімі аяқталған. Алайда журналист арнайы қабылдау орнынан босап шықпақ болған кезде оны облыстық полиция департаментінің тергеушісі тоқтатқан. Сол күні Сарыағаш аудандық соты қылмыстық іс аясында оны екі айға қамау туралы шешім шығарған.

Журналистің айтуынша, шешімді судья Маржан Ағибаева қабылдаған. Батырбеков сот қаулысын заңсыз деп санайды.

Бұған дейін, 2 қазанда, Сарыағаш аудандық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты журналисті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы ("Жала жабу") бойынша 20 тәулікке қамаған. Істің қозғалуына Сарыағаш аудандық полиция басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуаныш Байзақовтың баянаты негіз болған.

Батырбеков өзіне қатысты қудалауды "Сенсация деуге әлі ерте немесе Құрал Сейітханды неге ұстады?" атты бейнематериалымен байланыстырады.

Аталған материалда журналист "С-ИНФОРМ" газетінің өкілі Құрал Сейітханұлының ісін көтерген. Еске салайық, биыл 8 қыркүйекте Түркістан қалалық соты Құрал Сейітханұлын Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша үш жылға бас бостандығынан айырған. Бұл іс блогер Ләззат Асанованың жеке деректеріне қатысты мәліметтердің таралуына байланысты қозғалған.

Halyqstan басылымының мәліметінше, Батырбековке жаңа сот отырысы алдында өзі таңдаған адвокатты шақыру үшін жеткілікті уақыт берілмеген. Дегенмен оның қорғаушысы Ихтияр Алтынбаев Шымкенттен Сарыағашқа жетіп, сот процесіне қатысқан. 

"Әділ сөз" қорының хабарлауынша, әзірге журналистің жаңа қылмыстық іс бойынша нақты қандай баппен күдікке ілінгені, оған қандай айып тағылғаны және екі айға қамауға алудың ресми негіздері туралы толық ақпарат жоқ.

Қор жағдайды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Әзірге сот пен құқық қорғау органдарының жаңа қамауға алу шешіміне қатысты ресми түсіндірмесі жарияланбаған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз