Әлеумет

Композитор Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне қатысты іс қайта тергеле бастады

Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсеннің жұмбақ өліміне қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды.

Арман Дүйсенов пен Абылай Дүйсен

 Екі жылға созылған тергеу барысында жас жігіттің өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқаға күмән келтіретін жаңа сараптама қорытындысы шыққан. Бұл туралы "Время" газеті жазды.

Басылымның мәліметінше, Ішкі істер министрлігі жүргізген тексеруден кейін Алматы полициясы бұған дейін тоқтатылған қылмыстық істі қайта тергеуге кіріскен.

Қолы артында байланған адам өзін қалай асады?

2023 жылғы 24 қаңтарда белгілі композитор Арман Дүйсенов жүрек талмасынан қайтыс болған. Ал арада бір жыл сегіз ай өткенде, 2024 жылғы 7 қазанда оның 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен өз пәтерінен асылған күйінде табылған.

Алғашқы тергеу жас жігіттің қомақты қарызға байланысты өзіне қол жұмсағаны туралы қорытындыға келген.

Алайда жақында жүргізілген кешенді сот сараптамасы бұл нұсқаға күмән келтірген. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, екі қолы арқасына мықтап байланған адам өзін арқанға аса алмайды.

Марқұмның анасы Айсұлу Алпысбаева ұлының өліміне басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деп есептейді.

"7 қазан күні ұлымның достары хабарласып, Абылайдың телефон көтермей жатқанын айтты. Кешкі сағат тоғыз шамасында үйге келгенде, ұлымды дәліздегі аспашамға байланған арқанға асылып тұрған күйінде таптым", – дейді ол.

48 миллион теңге қарыз және белгісіз "Вампир" лақап атты адам

Айсұлу Алпысбаеваның айтуынша, ұлының қазасынан кейін үйіне келген адамдардың арасында Санжар Мұқаш есімді азамат болған. Ол Абылайдың өзінен пайызға 48 миллион теңге қарыз алғанын айтып, ақшаны кім қайтаратынын сұраған.

"Мен қарызды толық қайтаратынымды айттым. Ол пайызын не істейміз деп сұрады. Мен қайтыс болған адамнан пайыз талап ету адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да жатпайтынын айттым", – дейді марқұмның анасы.

Алайда кейін Санжар Мұқаш Бостандық аудандық сотына жүгініп, композитордың отбасын пәтерден шығару туралы талап арыз берген. Айсұлу Алпысбаеваның сөзінше, ұлы мен Мұқаштың хат алмасуларын зерттеу барысында тағы бір адамның аты белгілі болған.

Ол – "Вампир" лақап атымен белгілі Алтынбек есімді азамат.

Марқұмның анасының айтуынша, бұл адам алтын өндірумен айналысатын компаниялардың ортақ иелерінің бірі болуы мүмкін.

"Хат алмасулардан ақшаны шын мәнінде "Вампир" лақап атымен белгілі адам бергенін түсіндік. Бірақ менің білуімше, оны тергеуге шақырып, жауап та алмаған", – дейді Айсұлу.

Бұл мәліметтер әзірге марқұмның отбасы тарапынан айтылып отыр. Алтынбек есімді азаматтың іске қатысы ресми түрде дәлелденбеген.

Қарыздың пайызы 14-15 пайыз болған ба?

"Время" редакциясына ұсынылған құжаттарда Абылай мен Санжар Мұқаштың ақша мәселесіне қатысты хат алмасулары бар.

Онда "Алтынбек-аға" деген адамның қомақты қаражатты 14-15 пайыздық мөлшерлемемен қарызға бергені айтылған. Бастапқыда әңгіме 140-165 мың доллар туралы болса, кейін қарыз сомасы 65-75 миллион теңге ретінде көрсетілген.

Басылымның жазуынша, Абылай қайтыс болардан бір ай бұрын, 2024 жылғы қыркүйекте, Санжар Мұқашқа банк қосымшасы арқылы 1 миллион 80 мың теңге аударған. Бұл тамыз айының пайызы ретінде көрсетілген.

Айсұлу Алпысбаева тергеушілер осы ақшаның қайдан шыққанын және оны кімнің бергенін анықтауы керек деп санайды.

Композитордың отбасы пәтерінен айырылған

Абылайдың қазасынан кейін басталған азаматтық сот дауы салдарынан оның анасы, кәмелетке толмаған інісі және қарт атасы жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болған. Бастапқыда Бостандық аудандық соты Санжар Мұқаштың отбасын пәтерден шығару туралы талабын қанағаттандырған. Алайда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы пәтерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныған.

Кейін кассациялық сот істі қайта қарауға жіберген.

Айсұлу Алпысбаеваның адвокаты Гүлмира Сыдықованың айтуынша, тараптар арасында пәтерді сату туралы нақты келісім болмаған.

"Абылай мен Санжардың хат алмасуларында тек пайызға ақша қарыз алу туралы айтылған. Пәтерді сату немесе оны басқа адамның атына рәсімдеу жөнінде ешқандай келісім жоқ", – дейді адвокат.

Оның айтуынша, кассациялық сот тергеудің аяқталмағанын, қылмыстық іс материалдарындағы қарама-қайшылықтарға тиісті баға берілмегенін көрсеткен. Сонымен қатар Санжар Мұқаштың Абылайға берген ақшасының шығу тегін анықтау қажет деп тапқан.

Тергеу неге тоқтатылған?

Марқұмның анасы мен адвокаттары тергеу барысында көптеген маңызды мән-жай назардан тыс қалғанын айтады. Атап айтқанда, олардың сөзінше, Абылайдың телефоны толық зерттелмеген, іске қатысы болуы мүмкін адамдардың геолокациялық деректері тексерілмеген.

Сондай-ақ марқұмның психологиялық жағдайына қатысты сараптама отбасы мүшелерінің қатысуынсыз, негізінен Санжар Мұқаш пен өзге адамдардың түсініктемелері негізінде жүргізілген.

Адвокаттардың айтуынша, тергеушінің кейбір әрекеттері Алматының тергеу сотында бірнеше рет заңсыз деп танылған. Соған қарамастан, қылмыстық іс тоқтатылған.

Кейін Айсұлу Алпысбаева Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Министрлік тексеру жүргізгеннен кейін іс қайта жанданған. Алайда тергеу әлі де өзіне қол жұмсау дерегі бойынша жүргізіліп жатыр. Ал марқұмның отбасы кісі өлтіру нұсқасын тексеруді талап етеді.

Анасы әділ тергеуді талап етеді

"Бізге ұлымның басына не түскенін білу маңызды. Қандай ащы болса да, шындықты білгіміз келеді", – дейді Айсұлу Алпысбаева.

Ол тергеушілер Санжар Мұқаш пен "Вампир" лақап атымен белгілі азаматтың арасындағы байланысты, қарыздың нақты мөлшерін және пәтерге қатысты келісімнің мән-жайын анықтауы тиіс деп есептейді.

"Время" басылымы Алматы полиция департаментіне ресми түсініктеме алу үшін жүгінген, бірақ жауап ала алмаған.

Әзірге Абылай Дүйсеннің өліміне қатысты түпкілікті процессуалдық шешім қабылданған жоқ. Оның өліміне өзге адамдардың қатысы бар-жоғы анықталмаған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз