Әлеумет

Шымкентте арнайы жасақ полиция қызметкерін ұстады

Шымкентте есірткіні заңсыз сақтауға қатысты оқиғадан кейін полиция қызметкері жұмыстан шығарылды.

қылмыс

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл деректі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында анықтаған.

Азаматтық тұлғалар отырған көлікте қалалық полицияның аудандық бөлімшелерінің бірінде жұмыс істейтін қызметкер де болған.

Оқиғадан кейін ол ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылған.

Полиция департаменті қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оқиғаның барлық мән-жайына, оның ішінде бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиғаның егжей-тегжейі туралы ақпарат тараған.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 19 қазанға қараған түні Шымкентке кіреберісте жедел қызметкерлер мемлекеттік нөмірі жоқ Kia Cerato автокөлігін тоқтатпақ болған. Көлік тізгінінде Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкері отырғаны, ал салонда тағы екі ер адам болғаны айтылған.

Әлеуметтік желідегі жазба авторларының мәлімдеуінше, көліктегілердің бірі қашуға әрекеттеніп, жедел қызметкерлердің автокөлігін соққан және қарсылық көрсеткен. Осыдан кейін күдіктілерді ұстауға арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) сарбаздары тартылған.

Сондай-ақ көлік салонынан белгісіз зат салынған орама табылып, сараптамаға жіберілгені хабарланды.

Алайда Шымкент қалалық полиция департаменті бұл мәліметтердің барлығын ресми түрде растаған жоқ.

Ведомство тек есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегінің жолы кесілгенін, көлікте полиция қызметкерінің болғанын және оның кейін жұмыстан шығарылғанын растады.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз