Депутаттар клиникалық психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды
Қазақстанда клиникалық психологтер, логопедтер және әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысын арттыру ұсынылды.
Мәжіліс депутаты Лариса Лидің айтуынша, елде науқастардың оңалуына және қоғамға бейімделуіне көмектесетін 12 мыңға жуық маман еңбек етеді.
Алайда олардың жалақысы жұмыс істейтін мекемесіне қарай өзгереді. Көпшілігіне қосымша ақы төленбейді, сондай-ақ еңбекақысын көтеруге мүмкіндік жоқ.
Депутат бұл мамандардың жұмысы ауыр әрі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті. Оның келтірген мәліметіне сәйкес, психикалық денсаулық сақтау ұйымдарында 300 мыңнан астам адам есепте тұр. Ал осы салада жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен психологтердің штаттық бірлігі шамамен 163-ті құрайды.
Осыған байланысты Лариса Ли еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, жалақыны арттыратын коэффициенттер мен қосымша төлемдер белгілеу қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, Жұлдыз Сүлейменова да еңбек жағдайының ауырлығы мен мамандар арасындағы жалақы айырмашылығы мәселесін көтерді. Ол педагог-ассистенттердің жағдайына назар аударды.