Оқиғалар

Патриотизм тәрбиеден басталады

Патриотизм – елдің тұрақтылығы мен дамуының берік іргетасы. Отанға деген сүйіспеншілік, адалдық пен азаматтық жауапкершілік қоғамның тұтастығын нығайтып, өскелең ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

патриотизм

 Осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында Батыс Қазақстан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Адал адам: қазақстандық патриотизм, еңбекқорлық және азаматтық жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Ырысбек Тыныштыбаев, білім басқармасы мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері қатысты. Сонымен қатар жиынға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша өкілі, Орал қалалық прокуратурасының қызметкерлері, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары, дін істері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының мамандары, Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері жиналды. Кездесу барысында қоғамдағы адалдық, патриотизм және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын нығайтудың жолдары кеңінен сөз болды. Қатысушылар бұл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына ерте жастан сіңірудің маңызын атап өтіп, жастардың елге қызмет етуге деген ынтасын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жауапты азамат тәрбиелеу төңірегінде пікір алмасты.

«Германиядағы кеңес әскері тобы ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Ұзақбай Жақсылықов мемлекет қауіпсіздігі мен ел тыныштығын сақтау әрбір азаматтың ортақ борышы екенін жеткізді.

«Еліміздің шекарасы берік, жұртымыз тыныш болуы керек. Бүгінгі бай-қуатты мемлекетті келер ұрпаққа аманаттау – баршамыздың міндетіміз. Ел қорғайтын жастардың бойында Отанға, туған жерге деген құрмет пен сүйіспеншілік болуы қажет. Олар алған білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап, Қазақстанды әлемге үлгі ете білуге тиіс», – деді Ұзақбай Жақсылықов.

Бүгінде білім беру ұйымдарында оқушылардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және тарихи санасын нығайтуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы Орал қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Бауыржан Насыров мектептердегі әскери-патриоттық клубтардың қызметіне тоқталды.

«Қазір әр мектепте «Жас сарбаз» клубы бар. Сонымен қатар полиция департаментімен бірлесіп құрылған «Жас сақшы» клубтары жұмыс істейді. Әскери-патриоттық бағыттағы мұндай ұйымдардың негізгі мақсаты – балалардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастыру», – деді ол.

Еркін пікір алмасу форматында өткен дөңгелек үстелде қатысушылар қазіргі қоғамдағы патриоттық сананы қалыптастырудың өзекті мәселелерін және оны жетілдіру жолдарын талқылады. Іс-шара соңында азаматтық жауапкершілікті күшейту, қоғамдағы бірлікті нығайту, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін жетілдіру және «Адал азамат» қағидатын кеңінен насихаттау бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.

С.Бақбергенова

Тегтер: Патриотизм
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз