Оқиғалар

Патриотизмнің жаңа өлшемі – ерікті болу

Бүгінде патриотизм ұғымының мазмұны да өзгеріп келеді. Қазіргі азамат үшін Отанға қызмет ету тек әскери міндетті орындаумен немесе мемлекеттік қызметте еңбек етумен шектелмейді.

Патриотизм

 Өз кәсібін адал атқару, заңды сақтау, салық төлеу, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, әлсізге қолдау көрсету және ортақ мәселелерді шешуге атсалысу да патриотизмнің заманауи көріністері. Соңғы жылдары біздің елде де ерікті жастардың қатары күн санап артып келе жатқанын көріп жүр­міз. Ерікті топтар ең кіші шаруадан бастап елдік деңгейдегі ауқымды істерге де араласып, өздері­нің үлкен күш екенін мойындатып келеді. Осы орайда президент БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбановпен кездесіп, Қазақстандағы еріктілер қозғалысының дамуы мен халықаралық деңгейдегі бастамалар туралы пікір алмасты. Кездесу Астанада өтіп жатқан ТМД еріктілері форумымен тұспа-тұс келіп отыр. Президент Тойли Құрбановқа бұл саладағы бастамаларды үнемі қолдап, елдегі маңызды қоғамдық жобаларға атсалысып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Президенттің айтуынша, ерікті болу – әсілінде қоғамның азаматтық белсенділігін арттыратын, жастардың әлеуетін ашатын әрі елдің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтетін маңызды бағыт. Қоғамның бұл салаға деген көзқарасы жыл сайын өзгеріп, халықаралық бастамалармен де сабақтасып келеді. Соның айқын дәлелі – ел бастамасының арқасында 2026 жылды Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы ұсыныстың БҰҰ Бас Ассамблеясында қолдау табуы. Бүгінде халықаралық еріктілер жылы аясында мыңнан астам іс-шара өткізіліп жатыр. Елдегі еріктілер саны 300 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіштің өзі қоғамда өзгенің мәселесіне бейжай қарамайтын, ортақ іске уақытын, білімін, күшін арнауға дайын азаматтар қатарының едәуір өскенін аңғартады. Оның үстіне еріктілер қозғалысы тек жастар ортасымен шектелмей, әлеуметтік көмек, экология, мәдениет, білім беру, төтенше жағдайларға қолдау көрсету және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру секілді түрлі бағыттарды қамтып жатқаны шын қуаныш.

Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының да мәні ерекше. Қоғамдық жауапкершілікті күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған мұндай жобалар айқын нәтиже көрсетіп, азаматтардың туған жеріне деген жауапкершілігін іс жүзінде танытуға мүмкіндік бермек. БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбанов елдің бұл бағыттағы тәжірибесіне жоғары баға беріп, еліміздің мұндай қозғалысты дамытуда халықаралық деңгейде алдыңғы қатарға шыққанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық еріктілер жылын жариялау бастамасын 60-тан астам мемлекет қолдаған. Тойли Құрбанов сондай-ақ «Таза Қазақстан» секілді қоғамдық бастамалардың шетелдерде де қызығушылық тудырғанын атап өтті.

Сонымен қатар еріктілер қозғалысын жүйелі түрде дамыту үшін 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Бұл бастамалардың барлығы еріктілікті кездейсоқ немесе бірреттік акциялар деңгейінен шығарып, тұрақты қоғамдық институт ретінде қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде ерікті болу қоғамдағы әлеуметтік белсенділіктен гөрі азаматтық мәдениеттің маңызды көрсеткіші деген мәртебеге қарай ойысып келеді. Ал 2026 жылды халықаралық волонтерлер жылына айналдыру жөніндегі бастама мұндай қозғалыстардың ауқымын кеңейтіп, тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және қоғамдық бірлік ұғымдарымен сабақтастыра түскендей.

Сәруар Бақберген

Тегтер: Патриотизм
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз