Павлодарда мас күйдегі әскери мұғалім дүкенді қиратып кетті
Павлодар облысындағы әскери-патриоттық жұмыс бойынша қосымша білім беру пәнінің мұғалімі мас күйінде темір қақпаны соғып, дүкенді соғып кеткен. Бұл үшін ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Оқиға Шарбақты ауданында болған.
«Мұғалім мас күйінде рульді басқара алмай, «Уют» дүкенінің аумағына кіріп кетіп, темір қақпаны құлатып, қабырғаны зақымдап, жеке кәсіпкерге материалдық шығын келтірген. Тауарлар мен жылу жүйесі де зақымдалған», - деп түсіндірді сот.
Ер адам өз кінәсін мойындап, өз ісіне өкінетінін жеткізді. Келтірілген шығынды өтеуге уәде беріп, медициналық сараптаманың қорытындысымен келіскен.
Аудандық білім бөлімі оқиға кезінде мұғалімнің еңбек демалысында болғанын айтты. 20 қарашада Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес мектептен тыс жұмыс орталығының басшылығына қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.