Пентагон Иранмен соғысқа жұмсалған шығынды 37,5 млрд долларға бағалады
АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) Иранға қарсы әскери операцияларға жұмсалған шығынның 37,5 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.
Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Сенаттың қаржы бөлу комитетіндегі тыңдау барысында айтты.
Оның мәліметінше, мамыр айының ортасында бұл шығын шамамен 29 миллиард доллар деп бағаланған болатын.
Пит Хегсет Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейнмен бірге Конгресті қыркүйек айының соңына дейін әскери операцияларды қаржыландыру үшін қосымша 67 миллиард доллар бөлуді жедел мақұлдауға шақырды.
Олардың айтуынша, бұл қаражат «аса шұғыл қажет». Сонымен бірге сұралған қаржыға Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларын қалпына келтіру шығындары кірмейді.
Демократтар да, республикашылдар да сын айтты
Пентагонның қосымша қаржы сұрауын екі партия өкілдері де сынға алды.
Демократ сенатор Джинн Шахин Қорғаныс министрлігінің бұған дейін бөлінген 75 миллиард долларды әлі толық пайдаланбағанын еске салып, жаңа қаржы сұраудың себебін түсіндіруді талап етті.
Өз кезегінде Пит Хегсет бұл қаражаттың президент Дональд Трамп әкімшілігінің басқа басым жобаларына, соның ішінде Golden Dome for America зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін дамытуға, гипердыбыстық қару әзірлеуге және өзге де қорғаныс бағдарламаларына бағытталғанын айтты.
Республикашыл сенатор Джон Кеннеди Конгреске «ашық әрі нақты жауаптар қажет» екенін айтып, АҚШ Ормуз бұғазынан әскерін шығарған жағдайда қандай қауіптер туындауы мүмкін екенін сұрады.
Алайда Пит Хегсет пен генерал Дэн Кейн Иранның мұндай жағдайда бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы енгізуі мүмкін бе деген сауалға нақты жауап берген жоқ.
АҚШ Иранға 11 түн қатарынан соққы жасап жатыр
21 шілдеде АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранға қарсы кезекті ауқымды әуе шабуылдары жүргізілгенін хабарлады. Осылайша әскери операциялар 11 түн қатарынан жалғасып отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран тарапынан америкалық әскери қызметкерлердің қаза табуы жалғасса, Тегеран «бірнеше есе ауыр жауапқа» тап болатынын ескертті.
«Иран әрбір америкалық сарбазды өлтірген сайын, оған бірнеше есе ауыр жауап беріледі», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
CENTCOM мәліметінше, Таяу Шығыстағы жаңа шиеленіс басталғалы бері үш америкалық әскери қызметкер қаза тапқан. Ал Иранға қарсы соғыс басталған ақпан айының соңынан бері қаза тапқан АҚШ әскери қызметкерлерінің жалпы саны 17 адамға жеткен.