Әлеумет

Пентагон Испанияның НАТО-дағы мүшелігін тоқтатуды қарастырып жатыр

Пентагон НАТО аясында АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операцияларын қолдамаған одақтастарға қатысты қысым шараларын талқылап жатыр.

Трамп пен НАТО

Бұл туралы Reuters агенттігі америкалық шенеунікке және ведомство ішіндегі хат алмасуға сілтеме жасап хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, ұсынылған шаралардың бірі – НАТО құрамындағы «мәселелі елдердің» өкілдерін маңызды қызметтерден шеттету, сондай-ақ Испанияның альянстағы мүшелігін уақытша тоқтату. Сонымен қатар, Вашингтонның Ұлыбританияның Фолкленд аралдарына қатысты ұстанымын қайта қарауы да қарастырылып жатыр.

АҚШ әкімшілігінің наразылығын әсіресе Испания туғызған. Мадрид билігі өз аумағы мен әуе кеңістігін Иранға соққы жасау үшін пайдалануға тыйым салған. Құжатта Испанияның мүшелігін тоқтату АҚШ әскери операцияларына айтарлықтай әсер етпегенімен, «саяси-символикалық мәні зор» болатыны айтылған.

Алайда мұндай шешімді жүзеге асыру тетігі нақтыланбаған. Әдетте НАТО аясындағы мұндай маңызды шешімдер альянсқа мүше 32 елдің бірауызды келісімін талап етеді.

Испания үкіметінің басшысы Педро Санчес елінің альянсқа адалдығын растады. Оның айтуынша, Испания одақтастарымен толық ынтымақтастыққа дайын, бірақ бұл тек халықаралық құқық аясында жүзеге асуы тиіс.

Ал Германия билігі Испанияның НАТО-дағы мүшелігін қайта қарауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Politico басылымы Ақ үй НАТО елдерін «жақсы» және «жаман» одақтастарға бөлгенін жазған еді. Ал The Telegraph мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп қорғанысқа ЖІӨ-нің 5 пайызы деңгейінде қаржы бөлмейтін елдерді альянста дауыс беру құқығынан айыру мүмкіндігін де қарастырған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз