Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:33, 18 Қазан 2022

«Пиар сүйгіш ханым» һәм «Қазпошта»

None
None

Өткен аптадағы шулы жаңалықтың бірі «Қазпошта» АҚ басқармасының төрайымы болып Әсел Жанасова ханымның тағайындалуы болды.

Әдеттегі көп тағайындаудың бірі болар ма еді. Келмей жатып, пиаршы жалдаймын деп әлеуметтік желіде негатив тудырып, көпшіліктің күлкісіне қалған төрайымның әрекеті еріксіз назар аударды. Жасыратыны жоқ елімізде барлық сала дамып, ақпарат алмасу жеделдеп, барлық сала жаппай сандық технологияға көшіп жатса да «Қазпошта» еліміздегі артқа кеткен мекеме болып отыр.

Еліміздегі баспасөзге жазылу мен жеткізуді ұйымдастыратын «Қазпоштаның» үнемі газет-журналдарды иесіне жеткізбей жоғалтып жіберуі мен ауылдарға айлап, апталап кешіктіріп жеткізуінің соңы бүгінде қазақ баспасөзінің түбіне жетіп отыр. Алыс ауылдар түгілі бүгінде Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларда да тұрғындардың жазылған газетіне уақытылы қолы жетпеуі әдетке айналған. Тіпті алыс аудандарымызда қасақана газетімізге жаздырмау деректері де талай рет кездесті. Баспасөзге жазылуды ерте аяқтап, «коммуналдық төлемді алып жатқан кезде баспасөзге жазылу жүргізіл­мейді» деген түрлі сылтаулармен қазақ баспасөзінің таралымына барынша тосқауыл қойған «Қазпоштаның» әрекетін қастық демеске амал жоқ.

«Жас Алаштың» талай жылдан бергі оқырманымын. Кеңестік кезеңде де қазақ газеттерін үйге жаздырып алатынмын. Ол кездерде мұндай бассыздыққа тап болмаған едім. Қазір газет екі аптада бір, кейде тіпті үш аптада, бір айда жиналып бір-ақ келеді. Ол кезде жазған мақалалар да өзекті болмай қалады. Біз ол ақпараттарды сайттардан, әлеуметтік желілерден көріп, біліп оқып аламыз», – дейді редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз. Талай рет редакторлар мен журналистер шырылдап, осы мәселені мемлекет басшысының назарына дейін көтергенімен мәселе шешілмеді. Өйткені «Қазпоштаға» «әй дер әже, қой дер қожа жоқ». Нәтижесінде жазылса да қолына тимейтін газет үшін шаршаған халық баспасөзге жазылудан бас тартып, талай газет журнал жабылып қалды. Биыл да жаңа жылдан соң елімізде бірнеше газеттің жабылатыны белгілі болып отыр. Ал «Қазпошта» басшылары жалақыны миллиондап алып, мекеменің өзі қарызға батып, тірлігі кері кетсе де шенділердің келіп, қалтасын қалыңдатып кететін майшелпек қызметі болып отыр.

Жалпы елімізде 3 027 БАҚ тіркелген болса, оның 2 608 басылым екен.  Соның ішінде 519-ы қазақ тілінде болса, 802-сі орыс тілінде, 922 баспасөз қазақ және орыс тілдерінде шығатын көрінеді. Ал соңғы жылдары «Қазпоштаның» жаны ашымастық пиғылының арқасында онсыз да саны аз  қазақ баспасөзі жаңа жылдан бастап азаяйын деп отыр. Шын мәнінде қазақ баспасөзі – қазақтың жаны, үні десек, сол ұлттың жанын жоғалтып, үнін өшіруге тырысқан «Қазпоштаның» ұлт алдындағы қысастығы тіпті кешірімсіз екені анық. Дамыған елдерде цифрлы технологияның өскеніне қарамастан, газеттердің қағаз нұсқаларына деген сұраныс жоғары. Олардың таралымы қайта өсіп келеді. Мысалы, Жапонияның «Ёмиури симбун» газетінің таралымы 14 мил­лион, «Асахи симбун» 12,5 миллион. Аме­рикалық «Нью-Йорк таймс» газетінің таралымы 1 миллионнан асатын көрінеді. Ал бізде жылдан-жылға таралым саны азайып, газеттер жабылып қалуда. Басқа БАҚ түрлеріне қарағанда, газеттің ұлттық мәселелерді жиі көтеретінін ескерсек, қазақ баспасөзін түгел жабуды көздеген «Қазпоштаның» да, қазақ билігінің де ниеті түсініксіз.

Осылайша жебір «Қазпошта» қазақ баспасөзінің түбіне жетіп отыр.

Қазақтан сөз ауысқан ба?!  Блогер жалдап мақтатып, жасанып түскен суреті бүкіл желіні жаулап алған Әсел ханымның суретін көрген бір ағамыз: «Мынау пошта таратып қарық қылмайды-ау» деген көрінеді. Мәселесі мың сан «Қазпоштадан» гөрі, сұлулық байқауына келгендей тым жасанып, оның үстіне пиар сүйгіш қалпына көңілі толмаса керек.

«Қазпошта» қазақ баспасөзін ғана емес өз қызметкерлерін де қарық қылмады

Бірнеше жылдан бері аталмыш мекеме қызметкерлерінің жалақының аздығы мен еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жыл сайын наразылыққа шығуы қалыпты жағдайға айналып барады. Сол жалақысына деген көңіл толмаушылық та газет-журналдардың дер кезінде жеткізілмеуіне себеп болып отырғандай. Осы орайда атап өтер жайт, негізі басылымдар да «Қазпоштаға» жазылым үшін алған қаржысынан бөлек, жеткізіп берулері үшін де қомақты қаражат төлейді. Әйтсе де бәрібір «Қазпошта» халыққа қалтқысыз қызмет ете алмай отыр. Тіпті қайбір жылдары «Қазпоштаның» жеткізілім қызметін арттыру үшін мемлекеттен арнайы субсидия да бөлінген болатын. Бірақ сонда да сала жанданып кеткен жоқ.

«Қазақстанның шағым кітабы» сайтының статистикасында бүгінде «Қазпошта» үшінші орында тұр екен. Шағымдардың дені компания бөлімшелеріндегі тасымал қызметіне көңілі толмаушылардан келіп түскен. Яғни тасымал, жеткізу аталмыш компанияның басты қызметі десек, сол басты функциясын «Қазпошта» дұрыс атқармай отыр. Есесіне, жыл сайын жалақыларын арттырып отыруды «ұмытпайды».

«Қазпоштаны» теспей сорғандар тұралатты

«Шығынға батып жатырмыз» деп қызмет түрін қымбаттатып, одан қалды мемлекетке қол жаюдан алдына жан салмайтын компания – тек зейнетақы жеткізіп беруден түсетін комиссияның өзінен айына қыруар табыс түсетініне, ауылдық жердегі бөлімшелері арқылы әр көрсетілген қызметінен пайда тауып отырғанына қарамастан қызметкерлердің жалақысы көтерілмейді. Есесіне, компания басшылары жалақысын еселеп көтеріп, «компания шығынға батып отыр» деп үкіметтен миллиардтаған субсидия сұрап келеді.

Соның айғағы 2021 жылы компанияның басқарма және директорлар кеңесі мүшелерінің жалақысы мен сыйақысын төлеуге 208 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ал компания шығынның артуына қарамастан топ-менеджерлерінің жалақысын бір жылда 40%-дан астам өсірген. 2020 жылғы пандемия кезінде ұлттық компания басшыларының әрқайсысы орта есеппен 17 292 000-ға жуық ақша алса, 2021 жылы топ-менеджердің жылдық табысы шамамен 30 миллион теңгеге дейін өскен. Мемлекеттен миллиардтаған көмек сұраушылар шын мәнінде, бар қаржымен жалақыларын көтеруді ғана білген. Онда да жаппай барлық қызметкерлері емес, басқарушы санаттағы санаулы адамның жалақысы жоғарылаған.«2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі басқарушы персоналға 7 адам кіреді. 2021 жылғы 31 желтоқсанда негізгі басқарушы персоналға қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді сыйақылардың жалпы сомасы (еңбекақы және сыйлықақылар) 208 264 000 теңгені құраған», дейді дереккөзде. Яғни «Қазпоштаның» барлық табысы жеті адамға ғана қызмет еткен. Компанияны майшелпекке айналдырғандар – мемлекетке шығынға батқан компания ретінде ғана көрсетеді, ал халыққа бұйырғаны кері кеткен қызметі ғана.

Компания директорлар кеңесі мүшелерінің жалақысын төлеу қорының қаражатын былтыр 99 762 000-нан 183 984 000-ға дейін күрт арттырған.Бұл ретте компанияның шығыны 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 1,1 миллиардқа (46 пайызға) өсіп, 2,4 миллиард теңгені құраған. Яғни компания шығынға батса батсын, тек жалақымыз көтерілсе болды деген ұстанымдағы басшыларының әрекеті компания қызметін кері кетіріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда «Қазпошта» еліміздегі «майлы жіліктің» бірі деп сеніммен айта аламыз. Ал Әсел Жанасовадай әдемі ханым сол майлы жілікті көздеп келді ме, жоқ әлде қордаланған мәселелерді шешуге келді ме?! Келмей жатып, шетел асып оқығанын жарнамалаған ханым мәселелерге назар аударса шын мықты екеніне сенер едік...

Цифрлы технология мен жаңа инновациялар өріс алған бүгінгі заманда адамдар жылдам, әрі сапалы қызмет көрсетілуін талап етеді. Бұл тұрғыда бәсекелестік ортада бәсі жоғары болудың орнына уақыт легіне ілесе алмай, көштен кейін қалған «Қазпоштаның» қызметі мемлекеттің дамуын да кері кетіріп отыр.

P.S.«Қазпошта» – пошта қызметі саласындағы жалғыз ұлттық компания. Компанияның жүз пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық ӘАҚ толықтай мемлекетке қарайды. Демек, әрбір салық төлеуші, әрі пошта қызметін тұтынушы азамат талапқа сай қызмет алуға құқылы. Осы тұрғыдан келгенде уа, үкімет, баспасөз тасымалын да, жазылымын да кері кетіріп, пошта арқылы салынған заттары жоғалып кетіп жататын «Қазпоштаның» тәртібін майшаммен қарайтын кез келгендей.

Тегтер: