Қоғам

"Pitbullshop" Telegram-дүкені арқылы есірткі сатқан топ 16-17 жылға сотталды

Астанада және еліміздің өзге өңірлерінде Telegram арқылы есірткі саудасын жүргізген ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі сотталды.

Полиция

Polisia.kz мәліметінше, олар "Pitbullshop" интернет-дүкені арқылы заңсыз заттарды жүйелі түрде сатып келген.

Тергеу деректеріне сәйкес, топ мүшелері өзара міндеттерді бөліскен. 35 жастағы ұйымдастырушы жеткізілім мен қаржыны бақыласа, 26 жастағы қатысушы интернет-дүкеннің жұмысын жүргізіп, оны жарнамалаған. Тағы екі адам есірткіні өлшеп, орап, жасырын орындарға қалдырған. Ал бесінші қатысушы есірткіні бөлшектеп сатып, жаңа курьерлерді тартумен айналысқан.

Тергеу барысында топтың шамамен екі мың жасырын орын ұйымдастырғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың айналымы 90 миллион теңгеден асқан. Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталған кезде полицейлер 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын, сондай-ақ электрондық таразыларды, қаптама материалдарын, банк карталары мен ақшаны тәркілеген.

Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Топты ұйымдастырған адам 17 жылға, қалған төрт қатысушы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Полиция азаматтарды курьерлік жұмыс немесе оңай табыс туралы күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Белгісіз заттарды тасымалдау немесе жасырын жерлерге қалдыру туралы тапсырмаларды орындау ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз