Президент тапсырмасы: 2026 жылы Қазақстанда 12 мың шақырым инженерлік желі жаңартылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында биыл Қазақстанда инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары едәуір күшейтіледі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жөнделетін инженерлік желілердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайып, 6,6 мың шақырымнан 12 мың шақырымға дейін жеткізіледі.

Бұл мақсатқа республикалық және өзге де қаржы көздерінен 1 триллион 138 миллиард теңге қарастырылған. Оның 759 миллиард теңгесі тікелей құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалады. Ал жалпы құны 379 миллиард теңгені құрайтын, EPC-мердігерлері анықталған жобалар бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, отандық тауар өндірушілерден қажетті материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Үкіметтің мәліметінше, аталған шаралар Президенттің тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, тозған инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және апаттардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 547 миллиард теңге бөлініп, 6,6 мың шақырым желі жөнделген болатын. Оның ішінде 6 мың шақырымға жуық электр желісі, 309 шақырым су құбыры, 259 шақырым жылу желісі және 103 шақырым кәріз желісі жаңартылды.

Биыл жөндеу көлемінің екі есеге жуық артуы коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайтып, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба отандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдауға және инженерлік желілердің ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.