Пригожиннің апатқа ұшыраған ұшағында Қазақстан тумасы болған
«Вагнер» басшысы Евгений Пригожинмен бірге ұшақ апатынан қаза тапқан жалғыз әйел — Қазақстанның 39 жастағы тумасы Кристина Распопова.
Ол “МНТ Аэро” компаниясының қызметкері болған және апатқа ұшыраған ұшақта бортсерік қызметін атқарған.
Starhit.ru сайтының хабарлауынша, Кристина Челябі облысы Еманжелинск қаласы прокурорының орынбасары Евгений Распоповтың әпкесі. Екеуі де Қазақстанда туған.
«Ол Мәскеуге биіктерге жету, мансап құру үшін барды. Ағасы екеуі әртүрлі жолмен жүрді, анда-санда телефонмен сөйлесетін, жылына бір реттен артық көріспейтін. Кристина Челябіге ешқашан келмейтін», — деп келтіреді сайт өзінің анонимді дереккөзінен.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Евгений Пригожин мен оның ең жақын көмекшісі Дмитрий Уткиннің болғаны 24 тамызда расталды.