Атырауда блогер Олеся Вертинская екі айға үйқамаққа алынды
Атырауда «Дорожный контроль» қоғамдық бірлестігінің өкілі әрі Instagram-парақша авторы Олеся Вертинская екі ай мерзімге үйқамаққа алынды.
Бұлтартпау шарасы сәуір айында Атыраудағы азық-түлік базаларының бірінде болған жанжалға байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында таңдалды.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 22 сәуірде шамамен сағат 17:30-да болған. Вертинская Hyundai Custin көлігін басқарып жүрген кезде база күзетшісімен жанжалдасқан.
Тергеу нұсқасы бойынша, күзетші көліктің алдында тұрып, қызметтік міндетін атқарып жатқанда автомобиль оған қарай қозғалған. Бейнежазбаларға жүргізілген сараптама көліктің күзетшіге қарай екі рет қозғалғанын анықтаған.
Оқиғадан кейін ер адам полицияға арыз түсіріп, өзін көлік қағып кеткенін мәлімдеген. Сот-медициналық сараптама оның алған жарақатын денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру деп бағалаған. Кейін бұл қорытындыны қайталама комиссиялық сараптама да растаған.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 2-бөлігі – ауырлататын мән-жайларда денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру бойынша тергеліп жатыр. Тергеу күзетшіге қатысты әрекет қасақана жасалған және оның қызметтік міндетін орындауымен байланысты деп есептейді.
Вертинская болса, тергеудің бұл нұсқасымен келіспейді. Ол бұған дейін болған жағдайды «автоподстава» деп атап, күзетшіні әдейі қағу ниеті болмағанын айтқан.
Сәуірдегі жанжал бұған дейін жеке әкімшілік іске де себеп болған. Оқиғадан соң Вертинская күзетшінің суретін жариялап, жазылушыларына оның «көліктердің астына әдейі секіретінін» жазған. Осыдан кейін ер адам полицияға жүгінген.
Шілде айында сот Вертинскаяны көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 778 500 теңге айыппұл салды. Тамызда Атырау облыстық соты бұл қаулыны өзгеріссіз қалдырды.
Оқиға 3 қыркүйекте Вертинскаяны полицияның мәжбүрлеп жеткізген сәтінің видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қайта резонанс тудырды. Сол кезде оның жанында емізулі сәбиі болған. Блогер өз құқықтарының бұзылып жатқанын мәлімдеген.
Атырау облысының полиция департаменті Вертинскаяның қылмыстық іс бойынша жауап алуға бірнеше рет шақырылғанын, алайда келмегенін хабарлады. Осыдан кейін тергеуші оны мәжбүрлеп жеткізу туралы қаулы шығарған. Полиция сондай-ақ оның қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбағанын мәлімдеді.