Қазақстанға кірудің жаңа тәртібі Мәскеуді алаңдатты
Ресей Қазақстанға кірудің жаңа ережелеріне қатысты қосымша түсініктеме алуға үміттенеді. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова мәлімдеді.
Мәселе Қазақстанда визасыз режимді пайдаланатын шетелдіктерге, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің азаматтарына электронды кіру рұқсатын енгізуге қатысты болып отыр. Жаңа талап Ресей азаматтарына да қолданылады.
Қазақстан үкіметі 10 қазанда № 890 қаулымен жаңа тәртіпті бекітті. Электронды рұқсат беру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.
2026 жылғы 1 қарашадан бастап жүйе Ақтау халықаралық әуежайында және "Үрлітөбе", "Аухатты", "Атамекен", "Нұрлы жол" автомобиль өткізу бекеттерінде қолданыла бастайды.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Астана мен Алматы әуежайларында, ал 1 наурыздан бастап елдегі қалған барлық шекаралық өткізу бекеттерінде енгізіледі.
Алайда 2027 жылғы 30 маусымға дейін электронды рұқсат алу міндетті емес, тек ұсыныстық сипатта болады. Осы өтпелі кезеңде шетел азаматтарына рұқсатты рәсімдеу тәртібі түсіндіріледі. ETA электронды рұқсатының болмауы Қазақстанға кіргізбеуге негіз болмайды.
2027 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа талап қолданылатын шетел азаматтары үшін электронды рұқсат міндетті болады. Рұқсаттың болмауы Қазақстанға кіруден бас тартуға негіз болуы мүмкін.
Ресей азаматтары үшін визасыз режим сақталады. Алайда Қазақстанға келер алдында электронды рұқсат рәсімдеудің қосымша тәртібі енгізіледі.
Жарияланған түсіндірмелерге сәйкес, электронды рұқсат тегін беріледі және 180 күнтізбелік күн бойы жарамды болады.
Бұған дейін Ресей тарапы да Қазақстандағы өзгерістерге назар аударған. Қазан айының басында Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі Александр Стерник Мәскеу Қазақстаннан электронды рұқсат үшін ақы алынуы мүмкін екені туралы ешқандай ресми хабарлама алмағанын мәлімдеген еді.
Ал түпкілікті бекітілген тәртіп бойынша электронды рұқсат тегін рәсімделеді.