Саясат

«Бір бөлмеде отыруы қиын»: Трамп Путин мен Зеленскийдің кездесуін міндетті деп санамайды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина басшылары тікелей кездеспей-ақ соғысты тоқтату жөнінде келісімге келе алатынын мәлімдеді.

Трамп

Ол Владимир Зеленскийді ұсынылып отырған шарттармен келісуге тағы да шақырды.

Трамп бұл туралы 20 қазанда Ақ үйдің Сопақ кабинетінде журналистермен әңгімелесу кезінде айтты. DW хабарлауынша, кездесу АҚШ президенті әкімшілігінің YouTube арнасында көрсетілген.

«Менің ойымша, олар мұны басқа жолмен де жүзеге асыра алады. Оларға бір бөлмеде отыру қиын. Келісімге қалай қол жеткізілетіні мен үшін маңызды емес», – деді Трамп.

АҚШ президенті Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің арасында «орасан зор өшпенділік» бар екенін де қайталады.

Сонымен қатар ол Украина президенті соғысты тоқтату жөніндегі келісімге келуге ұмтылуы керек екенін атап өтті.

«Ол келісімге келуді қалауы тиіс. Өйткені, менің ойымша, оның халқы бұған бұдан әрі төзе алмайды», – деді Трамп.

АҚШ президенті Вашингтон Украинаға орасан зор көмек көрсеткенін, алайда оның орнына «қайғы-қасірет, адам өлімі және қыруар қаржылық шығыннан басқа ештеңе алмағанын» мәлімдеді.

Оның айтуынша, америкалық салық төлеушілер де, Еуропалық одақ елдері де Украинаны қаржылай қолдаудан шаршаған.

Әңгіме барысында Ресей түрмесінде отырған 73 жастағы АҚШ азаматы Стивен Хаббардтың мәселесі де көтерілді. Трамп Путинмен сөйлескенде оны босатуды сұрағанын айтты.

Хаббард 2024 жылдың қазан айында Ресейде жалдамалы жауынгерлікке қатысты бап бойынша 6 жыл 10 айға бас бостандығынан айырылған.

Ресей тергеуінің нұсқасы бойынша, ол 2014 жылдан бері Украинада тұрған. 2022 жылдың ақпанында Харьков облысындағы Изюм қаласының аумақтық қорғаныс күштеріне қосылып, сол жылдың сәуірінде Ресей әскерилерінің қолына түскен.

Бұған дейін AFP агенттігі Хаббардтың Ресей түрмесінде азаптауға ұшырағаны туралы хабарлаған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз