Путин Донбассты басып алмай соғысты аяқтаудан қауіптенеді
Владимир Путин Украинадағы соғысты Ресей үшін ең төменгі мақсат саналатын бүкіл Донбассты басып алмай аяқтау өзінің жеке қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп есептейді. Бұл туралы The Economist басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, соғыс кезінде Путин жақын адамдарының бірнешеуіне бір сәтте: «Олар мені асып өлтіреді», - деген. Бұл ақпаратты журналға аты аталмаған дереккөз жеткізген.
The Economist дереккөздерінің айтуынша, Украинадағы майдандағы тығырыққа байланысты Ресей президенті қақтығысты одан әрі ушықтыруға дайындалып, 300-400 мың адамды қосымша жұмылдыруды қарастырып отыр.
Кремльде соғысты нақты жеңіссіз аяқтау немесе АҚШ-пен жақындасу Ресейдегі радикалды Z ортасының - әскери тілшілер мен ультраұлтшылдардың наразылығын күшейтуі мүмкін деп қауіптенеді. Басылымның мәліметінше, арнайы қызметтер бұл топтың билік жоспарларына кедергі келтірмеуін бақылауға мәжбүр.
Сонымен қатар Ресей қоғамындағы соғысқа қатысты бұрынғы үнсіз келісім де әлсіреп барады. Украина дрондарының мұнай өңдеу зауыттары мен қоймаларына соққы беруі және интернеттің бұғатталуы елдегі қалыпты өмір туралы қалыптасқан түсінікке әсер еткен. Сауалнамаға сәйкес, ресейліктердің 57 пайызы елдегі жағдайды «шиеленісті» деп бағалайды.
Элиталар арасында да күйдің нашарлағаны айтылады. Бұған соғыста жоғалған бес жыл және қақтығысты жалғастырудың Ресейдің экономикалық ресурстары мен саяси капиталына түсіріп жатқан салмағы себеп болуы мүмкін.
Осы жағдайда Путин жаңа эскалацияға баруы ықтимал. The Economist мәліметінше, ол ЦРУ директоры Джон Рэтклиффтің сапарын АҚШ-тың әлсіздігі ретінде қабылдаған болуы ықтимал.
Журнал жазған ықтимал жоспарлардың қатарында Украина энергетика нысандарына жаппай соққы беру және майданға тағы 300-400 мың адам жіберу бар. Оларды аймақтық билік органдарының қысымы арқылы жинау жоспарланып отырғаны айтылған.