Путин Ким Чен Ынға әскери қолдауы үшін алғыс айтты
Солтүстік Кореяның «Нодонг Синмун» газеті Ресей президенті Путиннің «Ресей мен КХДР: жылдар бойғы достық пен ынтымақтастықтың дәстүрлері» атты мақаласын жариялады.
Аталған мақалада Путин "Ресей мен КХДР арасындағы теңдік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген достық пен тату көршілік қарым-қатынастары жетпіс жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқанын" айтқан.
Ресей Президенті КХДР-ді әлемде бірінші болып танып, онымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Кеңес Одағы екенін, содан кейін «кореялық достарға ұлттық экономиканы құруға, денсаулық сақтау жүйесін құруға, ғылымды дамытуға көмектескенін» еске салды.
Мақалада Ресей Федерациясы мен Солтүстік Корея бүгінде «көпқырлы серіктестікті» белсенді түрде дамытуды жалғастырып отырғаны айтылады.
Біз КХДР-дың Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясына күшті қолдауын, негізгі халықаралық мәселелер бойынша бізбен ынтымақтастығын және Біріккен Ұлттар Ұйымында ортақ басымдықтар мен көзқарастарды қорғауға дайындығын жоғары бағалаймыз, делінген Путин мақаласында.
Айта кетейік, 18 маусым күні Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Пхеньянға барды. Оны әуежайда Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын күтіп алды.
Путиннің Солтүстік Кореяға сапары екі күнге созылады. 19 маусымда Путин әртүрлі форматтағы келіссөздер, оның ішінде Ким Чен Ынмен жеке кездесуі жоспарланған.
РФ Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Путиннің сапары барысында бірлескен құжаттарға, соның ішінде Ресей мен КХДР арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы жаңа шартқа қол қою жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, жаңа келісім «әлемдегі және аймақтағы геосаяси жағдайдың терең эволюциясы, сондай-ақ соңғы уақытта екіжақты қарым-қатынаста орын алған сапалық өзгерістермен» байланысты.
Ол жаңа келісімнің әскери-техникалық саладағы ынтымақтастыққа қатысы бар-жоғын нақтыламады.
Батыс ақпарат құралдары Ресейдің КХДР-мен әскери ынтымақтастығын күрт арттырғанын, атап айтқанда, Украинадағы ұрыс аймағында қолдану үшін Солтүстік Кореяның снарядтары мен зымырандарын алғанын бірнеше рет жазды. Ресей әскерлерінің Украина аумағына шабуыл жасау үшін Солтүстік Корея зымырандарын пайдаланып жатқаны туралы БҰҰ-дағы АҚШ өкілдері бұған дейін мәлімдеген болатын.
Ал, Путин Пхеньянға 2000 жылдан кейін екінші рет сапарлап отыр.