Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:28, 15 Қараша 2022

Қайтқан малдың қайырын қашан сезінеміз?

None
None

Жыл басында мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаржы мен заңсыз ақшаға сатып алынған активтердің қайтарылатынын мәлімдеп, үкіметке екі ай ішінде ол ақшалардың шетелге қалай шыққанын зерттеп, шығарылған капиталды қайтару шараларына қатысты ұсыныс беруді тапсырған болатын.

Артынша Қазақстан үкіметі шетелге шыққан қаржыны қайтарумен шұғылданатын арнайы комиссия құрды. Кейбір дереккөздерге сенсек, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған екен. Аз ақша емес. Шамалап қарасақ, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең қаржы көрінеді.

Дәл қазір елдің сыртқы қарызы еселеп өсіп, халықтың да әлеуметтік жағдайы төмендеп, қоғамымызда қымбатшылық анық сезіліп, еліміздің қордаланған әлеуметтік мәселелері көбейіп тұрған тұста ол қаржы еліміз үшін айтарлықтай маңызды болып отыр. Ебін тауып шетке кетірген қаржы шын мәнінде халықтың қазынасы екені даусыз.

Осы орайда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде мемлекет басшысы  «Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды» деп «жағдайды дереу өзгерту» қажеттігін айтқан болатын. Одан беріде 162 адамның байлығының қаншалықты ортайғанын қайдам, алайда қанша жерден қымбатшылық елдің құтын қашырғанымен жалпы халықтың жалақысы көтеріле қойған жоқ. Көтерілетін шаралар жасалып та жатқан жоқ. Халық қалтасы көтергенін алып, ал құнарлы тамақтануды ұмытты десе де болғандай. Табысы тек «аш қалдырмаса болды, қарызға кіріп кетпесем екен»  деп жүрген халық көп. Осындайда «шіркін шетел асқан қаржы қайтып, елдің жағдайы көтерілсе екен» деген ой кімді де болса мазалары анық. Өйткені мемлекет басшысының сөзінен соң халық көп нәрседен үміттенді. Жағдайы елдің бар байлығын уысында ұстаған 162 адамның деңгейіне жетпесе де, шетел асқан қаржының қайтып, елдің жыртығын бүтіндеуге жұмсалып, ендігі жерде ел байлығы шекара аспай, халықтың мүддесі үшін жұмсаларына сенді. «Қайтқан малда қайыр бар» деп, қайтқан қаржының еліміз үшін қайырлы боларын ойлады.

          Бірақ жыл басынан бері бұл бағытта атқарылған жұмыстар көзге көрінбейді. Осы орайда Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, яғни шетелдегі қаржыны қайтарумен айналысатын комиссия үшін арнайы құрылған сайтты да шарлап еш мәлімет таппадық. Бұл аталмыш комиссия жұмысының нәтижесіздігі ме, жоқ әлде президенттің тапсырмасының құр сөз болып қалғаны ма?! Ашық ақпарат жоқ жерде, ойға осындай күдік ұялайды.

Кейбір мәліметтерге сенсек, соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару деректері бойынша 200-ден астам іс қозғаған көрінеді. Алайда нақты нәтижелері туралы мәлімет белгісіз. Тағы да заңсыздыққа жол беріліп, шетел асқан қаржы талан-таражға түсіп кетпесі үшін, ең болмаса өз орнымен жұмсалуы үшін сыртқа кеткен активтер жайлы, оның қайтарылуының жай-жапсары, келген қаржы қай мақсатта жұмсалып жатқаны туралы ел біліп отыруы керек еді ғой.

Осындай күдік көбейген соң жақында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов: «Жұмыс ел ішінде де, шетелде де жүргізіліп жатыр. Мысалы, комиссия жұмыс істеген бес ай ішінде мемлекетке залал өтелді және жалпы сомасы 630 миллиард теңгеден аса активтер қайтарылды. Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 400 млн доллардан аса қаражат қайтарылды. Атап айтқанда, Лихтенштейннен 170 млн доллардан аса, Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен 3 миллионға жуық доллар, ал алыс шет елдерден құны шамамен 230 млн доллар болатын зергерлік бұйымдар қайтарылды»,– деген болатын. Алайда тағы құр сөз. О баста елімізден заңсыз шығарылған қаржының қоғамдық бақылау мен қадағалаудың кемшіндігінен шекара асқанын ескерер болсақ, бүгінгі күні елге қайтқан әрбір қаржының халық игілігі үшін дұрыс жұмсалуы жолындағы ақпараттың ашықтығына не кедергі?! 160 млрд доллар теңгеге шаққанда 74 трлн-нан астам теңге болады екен. Шіркін, ел игілігіне жұмсалса, халықтың еңсесін тіктеуіне қызмет етсе талай мәселені шешіп тастайтындай-ақ қаржы. О баста ұрланған халықтың несібесі елге келген соң халықтың мүддесі үшін жұмсалуы керек еді ғой. Алайда қазір ондай ашықтық байқалмай тұр. 

Шет ел асып кеткен активтерді қайтарумен өзге мемлекеттер де айналысуда. Мысалы, соңғы уақытта Өзбекстан 20 млн долларын, Ресей 3,5 млн долларын қайтарғаны айтылады. Олардың жанында біздің еліміздің қайтарған ақшасының мөлшері тым қомақты. Бірақ қайда, қане? Елдің қай жыртығын жамауға, қаншалықты орнымен жұмсалғаны жөнінде ақпарат мүлдем жоқ. Халық сезіне де алып отырған жоқ. Ондай болса, жалпы сол қаржы шынымен қайтты ма? Бар ма өзі? Әлде әлдебіреулердің артын жабу жолында айтылып жатқан өтірік болмасына кім кепіл?! Көңілде күдік көп. Қайтқан малдың қайырын қашан сезінеміз?!

Тегтер: