Оқиғалар

Қарағандыда интернет-казино ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру схемасы тоқтатылды

Қарағанды облысында интернет-казино ойыншыларының қаражатын қабылдап, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен деген күдікке ілінген топтың әрекеті тоқтатылды.

онлайн-казино

Операцияны Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен жүргізген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, схема 2026 жылдың қаңтарында іске қосылған. Ұйымдастырушылар интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында қаражатты қабылдау және шығару жөнінде келісімге келген.

Кейін топ мүшелері арасында міндеттер бөлінген. Бір күдікті схеманың жалпы жұмысын үйлестіріп, казино өкілдерімен байланысқа жауап берген. Екіншісі банк шоттарын пайдалануға келісетін адамдарды іздеп, олардың шоттарына қол жеткізуді ұйымдастырған және операторларды жұмысқа тартқан.

Қарағандыдағы жалға алынған кеңседе операторлар тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істеген. Тергеу мәліметінше, заңсыз қаржы айналымына барлығы 23 дроп-шот тартылған. Осы шоттар арқылы 415 млн теңгеден астам қаржы қозғалған.

Іс бойынша екі күдікті ұсталып, оларға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне де тыйым салынған. Оның ішінде жеке тұрғын үй, екі жер телімі және Mercedes-Benz автокөлігі бар.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мәліметтері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз