Без Категории

Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттар дебатына қатыспайды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 мамырда "Хабар" арнасында өтетін кандидаттар дебатына қатыспайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттар дебатына қатыспайды

Бұл туралы Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин қазақстандық ақпарат агенттіктеріне айтты.

Қариннің сөзінше, "Тоқаев үгіт-насихат науқанынан өзін барынша шектеп, президенттік қызметіне көп көңіл бөліп жүр. Оның үгіт-насихат жұмыстарын сайлауалды штабы мен сенімді өкілдері жүргізіп жатыр".

— Президент басқа кандидаттарда көп мүмкіндік болуы керек деп санайды. Басқа кандидаттар да өз ұстанымдарын кеңінен насихаттап, халыққа танылса дейді. Ол (Тоқаев — ред.) әділ сайлау өткізуге уәде берген. Бұл — оның негізгі ұстанымы, — деді ол.

Қариннің сөзінше, Тоқаев сайлауалды штабына теледебатқа бір өкіл жіберуді тапсырған. Бірақ президенттің кеңесшісі дебатқа сайлауалды штабының өкілдері қатысу-қатыспауын ашып айтпады.

Теледебатқа Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов, Сәді-Бек Түгел қатысатындарын айтты. Inforumburo.kz сайтының хабарлауынша, "Ақ жол" партиясының кандидаты Дания Еспаева дебатқа қатыспайды. Оның орнына партия төрағасы Азат Перуашев қатысады.

29 мамыр күні кешкі 6-да мемлекеттік "Хабар" арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков — "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева — "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов — "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков — "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел — "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз