Әлеумет

Қайрат Сатыбалдының Алматыдағы бұрынғы қонақүйі 12,3 млрд теңгеге сатылды

Алматыда бұрын Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар компанияның меншігінде болған DoubleTree by Hilton Almaty қонақүй кешені 12,3 млрд теңгеге сатылды.

Қайрат Сатыбалды

 Нысан электронды аукцион арқылы жаңа иесіне өтті.

Сауда 29 қазанда e-Qazyna электронды алаңында өткен. Қонақүйдің бастапқы аукциондық бағасы 38,2 млрд теңге болғанымен, нысан 12,3 млрд теңгеге сатылған.

Алайда сатып алушының кім екені және аукционға қанша қатысушы тіркелгені әзірге белгісіз.

Алматының Алмалы ауданындағы Досмұхамедов көшесінде орналасқан қонақүй бұған дейін екі рет аукционға шығарылған.

Алғашқы сауда 2026 жылғы 25 қыркүйекте өткен. Ол кезде нысанның бастапқы бағасы 12,7 млрд теңге болып белгіленген. Алайда сатып алушы табылмаған.

13 қазанда ұйымдастырылған екінші аукцион да қатысушылардың болмауына байланысты өтпеген.

29 қазандағы үшінші саудада бағаны төмендету әдісі қолданылған. Бастапқы баға 38,2 млрд теңге, ал ең төменгі рұқсат етілген баға 8,9 млрд теңге болған. Қатысушылар үшін кепілдік жарна 1,9 млрд теңгені құраған.

Нәтижесінде қонақүй 12,3 млрд теңгеге, яғни мемлекеттік мүлік департаменті бастапқыда бағалаған құннан сәл төмен сомаға сатылды.

Сатылған нысан – жалпы ауданы шамамен 16 мың шаршы метр болатын 11 қабатты ғимарат.

Қонақүй кешенінде 112 бөлме, мейрамхана, конференц-залдар, бассейн, SPA аймағы және фитнес орталығы орналасқан.

Аукционға тек қонақүй ғимараты шығарылған. Жиһаздар мен басқа да жылжымалы мүлік сату бағасына кірмеген.

Сондай-ақ жаңа меншік иесіне DoubleTree by Hilton атауын, тауар белгілерін, зияткерлік меншік нысандарын және франчайзинг келісімін пайдалану құқығы берілмейді.

Жер телімі де жекешелендірілетін мүліктің бағасына жеке енгізілмеген. Алайда жерге қатысты құқықтар Қазақстанның Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтуі тиіс.

Қонақүй мемлекет меншігіне қалай өтті?

2021 жылдың қарашасында қонақүйді Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар компания сатып алған.

2022 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар үшін сотталған.

2023 жылғы 18 қыркүйекте ол заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару аясында қонақүй кешенін сыйға тарту шарты бойынша мемлекет меншігіне өткізген.

2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалды мемлекетке жалпы құны 732,8 млрд теңге болатын активтерді қайтарғанын хабарлаған.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз