Трамптың қысымынан кейін Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасауды тоқтатты – WSJ
Украина АҚШ президенті қысымынан кейін Ресей аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды уақытша тоқтатқан.
Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жағдайдан хабардар дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, қазан айының ортасында Украинаның алыс қашықтыққа соққы жасайтын әскери бөлімшелеріне Ресейдің мұнай өңдеу нысандарына бағытталған операцияларды уақытша тоқтату жөнінде нұсқау берілген. Бұған дейін басталған операцияларды аяқтауға рұқсат етілген.
Дереккөздердің айтуынша, бейресми үзіліс АҚШ-та 3 қарашада өтетін аралық сайлауға дейін сақталуы мүмкін. Сондай-ақ оның қараша айының соңына дейін созылуы да жоққа шығарылмайды.
Вашингтон Киевке қысым көрсеткен
WSJ мәліметінше, Дональд Трамп соңғы апталарда Украина билігін Ресейдің мұнай өңдеу кәсіпорындарына шабуылдарды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. АҚШ президенті мұндай соққылар әлемдік жанармай бағасының қымбаттауына әсер етеді деп есептейді.
20 қазанда Ослода өткен келіссөздер барысында АҚШ өкілі Джаред Кушнер Украина президенті Владимир Зеленскийге мұнай өңдеу зауыттарына соққы жасауды 30 күнге тоқтату туралы ұсыныс айтқан.
Ал Киев өз кезегінде Ресейдің Украина энергетикалық инфрақұрылымына шабуылдарын тоқтатуын немесе елдің әуе қорғанысын күшейтетін қосымша қолдау көрсетілуін қалаған.
Зеленский шабуылдарды тоқтату туралы бұйрық берілмегенін айтты
Украина билігі Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына шабуылдарды ресми түрде тоқтатқанын жариялаған жоқ.
Владимир Зеленский украиналық әскерилер соңғы күндері сақтық танытқанын, алайда Ресейдегі мұнай өңдеу кәсіпорындарына соққы жасауға тыйым салатын арнайы бұйрық берілмегенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Ресей Украина қалалары мен энергетикалық инфрақұрылымына зымыран және дрон арқылы шабуылдарын жалғастырып жатыр.
Украина Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалатын соққыларды Мәскеудің соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеу тәсілдерінің бірі ретінде қарастырады.