Без Категории

Қазақстан билігін тұрмыстық әлімжеттік көрсеткендерге жазаны күшейтуге шақырды

"Қазақстанда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдер өздерін қорғансыз сезінеді, әділдікке сирек қол жеткізеді".

Қазақстан билігін тұрмыстық әлімжеттік көрсеткендерге жазаны күшейтуге шақырды

Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының 17 қазанда жариялаған мақаласында осылай деп жазылған. Мақалада ұйым Қазақстанда зәбір көрсетушілердің көп жағдайда жазасыз қалатынын, тұрмыстық зорлық көрген әйелдерге психологиялық-құқықтық көмек беретін дағдарыс орталықтарының өте аз екенін, халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелеріне қарамастан Қазақстан билігінің әлімжеттік мәселесіне қырын қарап отырғанын сынайды.

"Қазақстан әйелдерді әлімжеттіктен қорғау мақсатында зорлық-зомбылықпен күресті жетілдіруі тиіс болатын, бірақ әйелдер әлі зәбір көріп жатыр. Үкімет оларға көмек көрсететінін айтқанмен бір мезгілде "отбасы ішінде әлімжеттіктер ерекше назарды қажет етпейді" дегендей сыңай танытты" деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Виктория Ким.

Ұйым 2019 жылы сәуір мен тамыз айлары аралығында тұрмыстық әлімжеттік көрген 16 жәбірленуші мен 26 заңгер, құқық қорғаушы, дағдарыс орталығының қызметкері, қылмыстық іспен айналысқан полиция қызметкері арасында сауалнама жүргізген. Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының одағы дерегіне сүйенген ұйым жыл сайын жүздеген әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналатынын, әрбір сегіз отбасының бірінде әлімжеттік кездесетінін жазған. Одақ жетекшісі Зульфия Байсақова шұғыл телефон желісіне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жылына 14 мың қоңырау түсетінін, басым бөлігі әйелдер екенін айтқан. Ресми деректі алға тартқан ұйым 2017 жылы Қазақстанда 18 бен 75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы бұрынғы немесе қазіргі күйеуінен немесе серігінен зорлық-зомбылық көргенін жазады. Әйелдер полиция әлімжеттік туралы арыздарын қайтарып алуға жиі үгіттейді деп айтқан.

Адам құқығын қорғау ұйымы мақалада сонымен бірге Қазақстан билігінің әлімжеттікті жоюға тиісті дәрежеде күш салмай отырғанын, зәбір көрсетушілердің көп жағдайда жазасыз қалатынын айтады. Мақалада бұған қоса, зәбір көрген әйелдерге құқықтық тұрғыда көмек жетіспейтіні жазылған.

Мақаладағы дерекке сәйкес, HRW қазан айының басында Қазақстанның жоғарғы соты мен ішкі істер министрлігіне хат жолдап, жыныстық зорлық-зомбылық, тұрмыстық әлімжеттік және соған ұқсас қылмыстар бойынша жазаны күшейтуді ұсынған.

HRW Қазақстан билігіне әлімжеттікті жеке қылмыс ретінде қарастырып, зәбір жасаушылар тиісті жазасын алатындай арнайы заңнамаға өзгеріс енгізуді ұсынады. Бұған қоса, ұйым тұрмыстық әлімжеттік мәселесімен айналысатын полиция қызметкерлерін, дағдарыс орталықтары мен денсаулық сақтау саласы мамандарының біліктілігін арттыруды, дағдарыс орталықтарының қызмет көрсету сапасын жақсартуды ұсынады.

Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз