Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:24, 13 Қаңтар 2023

«Қазақстан халқына» қордағы ақшаны кімнен қоримыз?

None
None

Қаңтар айында «Қазақстан халқына» қорының құрылғанына бір жыл толды. Бір жыл ішінде қор қандай істерге мұрындық болды?

Ел күткен үдеден шықты ма? Шыны керек, қор жұмысы қолға алынғаннан бастап көп нәрсеге үміттендік. Өйткені президенттің өзі көп нәрсені уәде етті. Ондаған жылдар бойы елдің ен байлығын басыбайлы астына басып, соның шын иесі – бұқараны қанап келген қаптаған олигархтар мен билікке жақын тұлғалардың халық алдындағы кешірім сұрауының, заңсыз алған дүниені халықтың өзіне қайтаруының символдық нышанына айналуға тиіс қор сол мақсатты орындай алып отыр ма?

Сөзбе сөз келтірсек Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгін мен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатын болады. Мысалы, сирек кездесетін аурулары бар балаларға көмек. Шынында да, көптеген отбасылар үшін емдеу шығындары өте ауыр. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт объектілерін салатын боламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыда қайғылы оқиғадан айығуға көмектесеміз. Осы қордың қаражатынан біз қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаймыз. Бұл тек жеке мысалдар. Атап өтейін: бұл президенттің, үкіметтің немесе қандай да бір басқа мемлекеттік органның қоры емес. Бұл барлық қазақстандықтардың қоры, Халық қоры.Ол әкімшілік немесе үкімет жанында жұмыс істемейді. Беделді байқау кеңесі құрылып, адал және жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметінің толық ашықтығын, қоғамның алдында есеп беруін және бақылауында болуын қамтамасыз етеміз» деген болатын. Тағы бірде «Қадап айтамын: бұл президенттің, үкіметтің немесе қандай да бір меморганның қоры емес. Бұл – барлық қазақстандықтың қоры. Халық қоры. Бірінші Президент–Елбасының арқасында өте табысты компаниялардың тобы, тіпті халықаралық өлшеммен алғанда шылқыған бай адамдардың аз шоғыры пайда болды. Халыққа тиесіліні қайтаратын уақыт жетті деп санаймын. Қор халыққа жүйелі және ұдайы негізде көмектесуі керек. Үкімет компаниялар тізімін анықтап, қорға жыл сайын енгізетін жарнасының көлемін солармен келіседі. Бұған қоса, орасан зор қаражаты бола тұра, көлеңкеде қалған тұлғалардың да белсенді қатысуын күтемін» деген еді президент. Халық қоры қаншалықты халық мәселесін, әлеуметтің әлеуметтік мәселесін шеше алып отыр?

Қор жұмысына көз жүгіртсек, бір жыл ішінде қорға заңды және жеке тұлғалардан 131,7 млрд теңге қаржы түскен. Оның бүгінгі күнге дейін 18 млрд теңгесі ғана жұмсалыпты. Қыруар әлеуметтік мәселесі бар қоғамымызда бұл қаржы неге орнын таппаған? Қордың сайтындағы мәліметке сүйенсек, өткен жылдың 14 қаңтар күні мемлекеттік тіркеуден өткен қордың 22 сарапшысы, 79 000-нан астам демеушісі бар көрінеді. Қор өзіне келіп түскен демеушілік қаржыларды бар-жоғы 13%-ға ғана игерген. Ал қалғаны ше? Неге игеріліп, о баста президент нұсқаған мәселелерді шешуге жұмсалмады? Балалар жылында пайдалануға берілген, қала, аудан, кент, ауылдардан салынуы тиіс спорт нысандары қайда? Қабілетті балаларды қолдау қайда? Көкейде сұрақ көп. Шыны керек, ақшаны дер кезінде игермеген министрліктерді жатып кеп сынаймыз. Ал қор жұмысын кім қадағалайды? Осы орайда қордың мемлекет тарапынан қадағаланбайтыны көңілге алаң туғызады. Мемлекет қадағаламаса, халыққа ашықтық қалыптаспаса қор қаржысы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпей ме?!

Қордың сайтындағы ақпаратқа сүйенсек «2023 жылдың 5 қаңтардағы жағдай бойынша Қор қайғылы қаңтар оқиғалары барысында зардап шеккен 540 адамға жалпы сомасы 2 млрд 112 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткен. Атап айтқанда:

— қаза тапқан 19 әскери қызметшінің, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерінің отбасыларына – 133 млн теңге (7 млн теңгеден); 

— Ауыр жарақат алған 111 әскери қызметшіге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне – 333 млн теңге (3 млн теңгеден);

— Қаза тапқан әскери қызметшілердің, ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасыларындағы 23 кәмелетке толмаған балаға – 46 млн теңге (әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден);

— қаңтар оқиғаларының кездейсоқ құрбаны болған ҚР 135 азаматының отбасыларына – 945 млн теңге (7 млн теңгеден);

— кездейсоқ құрбан болған Қазақстан Республикасының қаза тапқан азаматтарының отбасыларындағы 101 кәмелетке толмаған балаға – 202 млн теңге (әрбір кәмелетке толмаған балаға 2 млн теңгеден);

— атыс қаруынан зардап шеккен және жәбірленуші деп танылған 138 ауыр жараланған кәмелетке толған азаматтарға – 414 млн теңге (3 млн теңгеден);

— қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған 13 баланың отбасыларына – 39 млн теңге (3 млн теңгеден)» қаржы берілген. Сондай-ақ қордың сайтында ауыр науқасқа шалдыққан балаларға берілген көмектер де көрсетілген. Алайда қордан көмек сұраса да ала алмай жүрген талай жанды әлеуметтік желіден байқап отырмыз. Осы орайда қор «Қор халыққа жүйелі және ұдайы негізде көмектесіп отыр» деп айта аламыз ба?! Бір жыл ішінде қор ең болмаса жиналған қаржының тең жартысын неге халық игілігіне жұмсамады? Неге халыққа бағытталуы тиіс қаржыны халықтан аяп отыр?

Қор жұмысын мемлекет бақылай алмайды, халық қадағалайтындай да жүйені байқай алып отырғанымыз жоқ. Сондықтан бүгінгі күні жүз миллиардтан астам қыруар қаржыны бостан босқа бауырына басып алып жатқан қор жұмысын жүйелеу керек. Елімізде талай әп әдемі басталған дүниенің түбіне жемқорлық жеткенін ескерсек, қор жұмысының ашықтығын да қамтамасыз ету қажеттілігі сезіледі.

«Оның қызметінің толық ашықтығын, қоғамның алдында есеп беруін және бақылауында болуын қамтамасыз етеміз» деген мемлекет басшысының сөзіне сай қор қаражатының күнделікті қозғалысын, кімдердің бетін қайтарып, кімдерді нақты қолдағаны сайтта ашық көрсетілмесе қор жұмысына күдік көбейіп кетері анық. Ақыры халыққа бағытталған қаржы болған соң халықтың қор жұмысының ашықтығы мен есептілігін талап етуі әбден заңды. Ендеше, қорды нақты мәселелерге бағыттамасақ, енді бір екі жыл көлемінде қор басшыларына іс қозғап жатарымыз анық...

Тегтер: