Қазақстан сарбаздарының ас мәзіріне киік етінен жасалған консервілер қосылуы мүмкін
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі өкілдері мәлімдеді.
Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы нормалар бірінші санаттағы сиыр етін ет консервілерінің басқа түрлерімен алмастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан белгіленген талаптарға сай келетін киік етінен жасалған консервілерді де әскери қызметшілердің рационына қосуға болады.
Алайда әзірге мұндай өнімдерді, негізінен, дала жағдайында сарбаздарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Сарбаздар киік етін қашан жейді?
Министрлік киік етінен жасалған консервілерді әскери қызметшілердің ас мәзіріне енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданбағанын хабарлады. Өнімді жеткізудің нақты мерзімі де белгісіз.
Яғни қолданыстағы ережелер киік етінен жасалған консервілерді пайдалануға мүмкіндік бергенімен, бұл өнімнің жақын арада сарбаздардың рационына қосылатынын білдірмейді.
Әскерді азық-түлікпен кім қамтамасыз етеді?
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Қарулы күштерінде әскери қызметшілерді тамақтандыру аутсорсинг жүйесі арқылы ұйымдастырылады. Азық-түлікті сатып алу, жеткізу, сақтау және ыстық тамақ дайындау міндеттері коммерциялық ұйымдарға жүктелген.
"Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерді күнделікті тамақтандыруды ұйымдастыру үшін азық-түлікті тікелей сатып алмайды", – делінген ведомство хабарламасында.