Live

Қазақстанда учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 2027 жылдан бастап 40 пайызға дейін өседі

Қазақстанда учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 2027 жылдан бастап 40 пайызға дейін өседі

медициналық көмек

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханаларда жұмыс істейтін учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 40 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Президент тапсырмасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі кадр тапшылығын азайту және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында сараланған үстемеақы енгізу ұсынылып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында кадрлық әлеуетті нығайту және алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіндегі жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған үстемеақы белгілеу ұсынылады. Емханаларда жұмыс істейтін учаскелік мамандардың жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін өседі», – деді Ақмарал Әлназарова бейсенбі күнгі Үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, үстемеақы мөлшерін есептеу кезінде қызметкердің еңбек өтілі мен психоэмоциялық жүктемесі ескеріледі.

Сонымен қатар еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланған. Олардың қатарында аудандық ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен қан орталықтары бар.

Атап айтқанда, сегіз перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы және балалар хирургиясы орталығы салынады.

Бұдан бөлек, Ұлттық балаларды оңалту орталығының бес өңіраралық филиалын және 25 амбулаториялық-емханалық нысанды салу көзделген.

«Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде жалпы ауданы шамамен 1,8 миллион шаршы метр медициналық инфрақұрылым салынып, жаңартылады. Ауруханалардағы төсек-орын қоры 9,2 мың орынға ұлғайтылып, жаңғыртылады. Сондай-ақ амбулаториялық көмектің қуаты бір ауысымда 5,3 мыңнан астам қабылдауға артады», – деді министр.

Әзірге жалақыны арттыру ұсыныс ретінде қарастырылып отыр. Нақты үстемеақы мөлшері медицина қызметкерлерінің еңбек өтілі мен жұмыс жүктемесіне байланысты белгіленбек.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Тегтер: медицина
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз