Қазақстандықтардың 58 пайызында ешқандай артық ақша жинағы жоқ
Қазақстандағы ересек тұрғындардың жартысынан көбінің ешқандай жеке жинағы жоқ.
Ұлттық банктің тапсырысы бойынша 2026 жылғы қазанда жүргізілген ауқымды сауалнама осындай нәтиже көрсеткен.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 58 пайызы ешқандай қаражаты жиналмағанын айтқан. Ал 28,8 пайызының аз да болса артық ақшасы бар. Респонденттердің тағы 13,2 пайызы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.
Сонымен қатар қазақстандықтардың едәуір бөлігі соңғы бір жылда отбасының қаржылық жағдайы нашарлағанын мәлімдеген. Сауалнамаға қатысқандардың 31,3 пайызы осындай жауап берген. Ал 48,9 пайызы материалдық жағдайы өзгермегенін айтса, тек 14,8 пайызы табысы жақсарғанын жеткізген.
Алдағы бір жылға қатысты болжам да әртүрлі. Қазақстандықтардың 29,5 пайызы отбасының қаржылық жағдайы жақсарады деп күтеді. 33,2 пайызы жағдай өзгеріссіз қалады деп есептейді. Ал 19,7 пайызы тұрмысы одан әрі нашарлауы мүмкін деп алаңдайды.