Қоқыстан тамақ іздеген 10 жастағы баланың анасы ата-ана құқығынан айырылды
Батыс Қазақстан облысында 10 жастағы баланың өмірі мен құқығын қорғау мақсатында сот оның анасын ата-ана құқығынан айырды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот баланы бұған дейін отбасылық үлгідегі балалар ауылына орналастыру туралы талапты қанағаттандырды.
Сот материалдарына сәйкес, бала туғаннан бері анасының қарауында болған. Алайда әйел спирттік ішімдікті шамадан тыс тұтынып, қоғамға жат өмір салтын ұстанған. Отбасы тұрған үйдің жағдайы да бала үшін қауіпсіз болмаған. Анасы қараусыз қалған баспананы бөгде адамдар жиналатын орынға айналдырған.
Бала 10 жасқа дейін мектеп табалдырығын аттамаған. Соның салдарынан оқып-жазуды білмеген. Тіпті күнделікті ішетін асы мен киімін қоқыс арасынан іздеп табуға мәжбүр болған.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия араласқаннан кейін бала үш айға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа орналастырылған. Кейін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен білім басқармасының шешімі негізінде ол отбасылық үлгідегі балалар ауылына берілген.
Осы уақыт аралығында анасы баласына бір рет те келмеген. Сот отырыстарына да шақырылғанымен, жауапкер процеске қатыспаған.
Сотқа қатысқан психолог баланың ауыр психологиялық жарақат алғанын анықтаған. Мамандардың бағалауынша, оның анасына деген эмоционалдық байланысы іс жүзінде үзілген. Бала анасынан қорқатынын және қайтадан қоқыс арасындағы өмірге оралудан қауіптенетінін айтқан.
Ал балалар ауылында оның жағдайы өзгерген. Бала мұнда өзін жайлы сезінетінін, таза төсекте ұйықтап, уақытылы әрі жақсы тамақтанатынын жеткізген.
Осы жағдайларды жан-жақты бағалаған сот анасының ата-аналық міндеттерін ұзақ уақыт бойы орындамағанын және баланың жағдайын өзгертуге әрекет жасамағанын ескерді.
Нәтижесінде әйел ата-ана құқығынан айырылды. Сонымен қатар одан баланы асырауға алимент өндірілетін болды. Өндірілген қаражат баланың жеке депозиттік шотына аударылмақ.
Сот шешімі заңды күшіне енді.