ҚТЖ Елжас Отыншиевтің ұсталуына қатысты алғаш рет пікір білдірді
"Қазақстан темір жолы" компаниясы басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталуына байланысты түсініктеме берді. Компания өкілдерінің мәліметінше, бұл жағдай теміржол жұмысына әсер етпеген.
ҚТЖ баспасөз қызметі пойыздар кестеге сай қатынап, жолаушылар мен жүк тасымалы әдеттегі режимде жалғасып жатқанын хабарлаған.
Компанияда қозғалыс қауіпсіздігі мен тасымал кестесінің сақталуы тұрақты бақылауда екені айтылды. Сондай-ақ жолаушылар мен клиенттер алдындағы міндеттемелер толық көлемде орындалып жатқанын жеткізді.
Алайда ҚТЖ басшылығы Елжас Отыншиевтің не себепті ұсталғаны және тергеу барысы туралы ақпарат бермеді.
Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев пен "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыповты ұстаған. Комитет мәліметінше, олар және өзге де тұлғалар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қылмыстық істің өзге мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.