Қоғам

Қарағанды облысында екі ай бұрын жоғалып кеткен әйелдің мәйіті табылды

Қыркүйектен бері хабар-ошарсыз кеткен 38 жастағы Ирина Керннің денесі 13 қарашада Теміртаудан шамамен 22 шақырым жерден табылды.

Ирина Керн

Полиция марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болғанын хабарлады. Адам өлтірді деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ирина 19-ынан 20 қыркүйекке қараған түні жоғалып кеткен. Әйелдің әпкесінің айтуынша, ол үйден кетер алдында азаматтық некедегі жұбайымен жанжалдасқан. Сол түні үйде Иринаның ұлы және өзі бұрын паналатқан 19 жастағы жігіт те болған. Әпкесінің сөзінше, жігіттің барар жері болмағандықтан, Ирина оны үйіне кіргізген.

Таңғы сағат алты шамасында үй іші тынышталып, артынша есік тарс жабылған. Үйдегілер оянғанда, Ирина орнында болмаған. Алайда оның үйден қалай шығып кеткенін ешкім көрмеген.

Әйел жоғалып кеткеннен кейін туыстары оны өз бетінше іздеуге кіріскен. Олар таныстарына хабарласып, Ирина баруы мүмкін жерлерді тексеріп, сол түні болған оқиғаларды анықтауға тырысқан. Полицияға оның жоғалып кеткені туралы ресми арыз тек 2 қазанда тіркелген.

Аталған дерек бойынша адам өлтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Марқұмның артында үш баласы қалды.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз