Әлеумет

Құрт ауруы диспансерлерін жаппай жабу дұрыс па?

Атырау облысында екі жыл бұрын денсаулық саласында жүрген оңтайландыру реформасына сәйкес, аудандық құрт ауруына қарсы диспансерлер түгел жабылды.

Құрт ауруы диспансерлерін жаппай жабу дұрыс па?
Қазіргі күні жұмыс істеп тұрғаны – Атырау қаласындағы үш жүз орындық облыстық диспансер және оның балансындағы Жылыой ауданы емханасындағы 14 адамға арналған стационар, Мақат ауданы Доссор поселкесіндегі 25 орындық мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі және 25 орындық хоспис. Облыстағы басқа науқастар жергілікті емханаларынан ем алып тұрады.-Науқастар саны жыл санап азайып келе жатыр, 2008 жылы саны бір жарым мың адам туберкулезбен ауырса, 2018 жылы мың адамдай тіркеліп тұр. Бұл сан жыл санап азайып келеді. Қазір облыстық диспансерде 180-200 адамдай ғана жатыр, ай сайын науқастың қақырығын тексеріп отырамыз, оның жағдайы оңалып келе жатқаны байқалса, емханалардан емделуге шығарып жібереміз, — дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қуатжан ТҰРЫСБЕКОВ.Осындай оң көрсеткіштер өз кезегінде тағы бір мәселені тудырып отыр. Облыс көлемінде құрт дертіне шалдыққандарға арнап салынған ғимараттар босап қалуда. Соның бірі, Махамбет ауданындағы тубдиспансер 2010 жылы  1 млрд. 146 млн. теңгеге салынған. Жылыой ауданында салынған диспансер де осы кепті киді. Қуатжан Тұрарұлының айтуынша, бұл жерлерде дезинфекция жүргізілгеннен кейін басқа мақсаттарға пайдалануға болады. Тіпті, бір жыл бос тұрған жағдайдың өзінде ғимарат толықтай залалсызданады екен. Алайда, бұл жерде тағы бір кілтипан бар. Емдеу мекемелері жұқпалы ауруларға арналғандықтан елді мекендерден кемі бес шақырым қашықтықтарға салынған. Қатынаудың қиындығынан оларды әлеуметтік нысандарға айналдыру тиімсіз болып тұр. Бұдан бөлек, Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандарындағы жұмыс істеп тұрған диспансерлер де жабылып, қазіргі күні басқа мақсаттарға пайдаланылуда.-Махамбет поселкесіндегі тубдиспансердің босап қалған ғимараты қымызбен және шұбатпен емдейтін емдеу, сауықтыру немесе курорт нысаны қылып ашуға сұранып-ақ тұр. Себебі, ол Сарытоғай елді мекенінің аумағында, өңіріміздегі бірден бір экологиялық таза мекенде орналасқан. Бұл жерде жылқының қымызын, соның ішінде саумалын ішіп, түйеден шұбат сауып отырған шаруа иелері жыл санап өсіп келеді. Олар өндіріп отырған таза табиғи өнімдерін жетпіс шақырым қашықтағы Атырау қаласына апарып сатуға мәжбүр. Осы ретте санаторий ашу жергілікті өнім өндірушілерге үлкен қолдау болар еді. Әрі бұл нысан «Атырау-Орал» трассасы бойында орналасқандықтан қатынауға қиындық келтірмейді. Кезінде диспансер жергілікті халықтың біраз бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отырды. Жабылғаннан кейін адамдар жұмыссыз қалып, басқа жақтарға қатынап, берекесі кетіп қалды. Қайтадан ашылса сол дәрігерлер, басқа да мамандар қайтып қамтылар еді, — дейді қала тұрғыны Ардақ ЖУАСОВА.Алайда, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қуатжан Тұрысбеков «диспансерлер жабылғанмен бір де бір маман жұмыссыз қалған жоқ» деп отыр.-Облыста медицианалық мамандар тапшы екенін білесіздер. Сондықтан, дәрігерлер де, медбикелер де жерде қалған жоқ. Көпшілігі жергілікті емханаларға орналасып, мұндай науқастарды амбулаториялық негізде қарап жатыр, — дейді ол.Бұл реформа ә дегеннен көптің қолдауына ие болды деу артық болар еді. Науқан жаңадан басталған тұста емделіп жатқан науқастардан бастап, Басарулла ХАРАСОВ сияқты саланың ардагер мамандарына дейін оған қарсы болды. Тубдиспансерлер мәселесі қаралған алқалы жиында Б.Харасов«Туберкулез диспансерлерін жабуымыз асығыстық, өйткені, қазіргі күні халыққа міндетті флюорография жоқ, оның үстіне, Атырауда басқа өңірлер мен шетелдерден келгендер көп, олардың дерт жұқтырмасына кім кепіл?!» деген ойын жеткізді. Халық арасында «Қазақстан дамыған елдердің қатарынан көрінуі үшін туберкулез көрсеткіші төмен болуы керек екен, сол себепті, бар ауруды жоқ деп көрсетіп, тыраштанып жатырмыз» деген пікір белең алып тұр.Зейнеткер Сұлухаш ҚОНАРОВА Махамбет аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде 1994 жылдан 2017 жылы жабылғанға дейін аға медбике болып жасаған. — Мені де сала маманы ретінде диспансерлерді жаппай жапқанымыз алаңдатады. Науқастарға емін берген кезде қатаң қадағалаушы едік. Соның ізінде, дәріні біреуі ішсе, біреуі ішпей қалатын. Нұсқаулық бойынша цитрустық шырындармен ішу міндеттелетін дәрілер де болды. Одан бөлек, шұбат ішу, жақсы тамақтану сынды талаптар бар. Қазір дерті бар адам өз еркімен емделе ме? Емделсе оған әлеуметтік жағдайы келе ме? Әдетте, науқас 100 пайыз жазылып кетеді деп айту қиын. Қаннен-қаперсіз жайбарақат отырғанымыз дұрыс емес, бір күні «вспышка» шығып кетуі әбден мүмкін, — дейді С.Қонарова.Тағы да, Қуатжан Тұрысбековтің сөзіне жүгінсек, құрт дерті бойынша есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмегі тегін, ай сайын он айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 24 500 теңге жолына және тамағына әлеуметітк көмек алады. Олардың бұл соманы қаншалықты мақсатты жұмсап отырғаны – басқа мәселе.Аймақта құрт ауруы азайды деген статистика тек диспансерлерге ғана әсер етіп тұрған жоқ. Мақат ауданында Мақат поселкесінің шетіндегі осындай науқасы бар отбасы балаларына арнап салынған санаторлық балабақша жай балабақшаға айналдырылған.-Қазір аудан бойынша бар-жоғы мұндай 19 бала тіркелген. Оларға арнайылап санаторлық типті балабақша ашуға қажеттілік жоқ. Есесіне, бес жүзге жуық бала мектепке дейінгі ұйым кезегінде тұр. Сондықтан, жүз орындық ғимаратқа 150 бала қамтимыз деп балабақша ашып жатырмыз. Бұл жерге ауылдың ішінде жүретін автобустар келеді, сондықтан, проблема жоқ деп ойлаймын, — дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Аманбек АБДОЛОВ. Фото: photogoroda.com
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз