Қоғам

Қысқы дөңгелек сатамыз деп жұртты алдап жүргендер көбейді

Күн суытып, көлік жүргізушілері қысқы дөңгелек ауыстыруға кіріскенде, интернеттегі алаяқтар да белсенді бола бастаған.

Қысқы дөңгелек

Олар әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн-платформаларда шиналарды арзан бағамен сататынын айтып, сатып алушылардан алдын ала ақша аударуды талап етеді. Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырды.

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар өздерін сатушы ретінде таныстырып, қысқы шиналарды қолжетімді бағамен ұсынады. Сатып алушының қызығушылығын арттыру үшін тауарды брондау мақсатында алдын ала төлем жасауды немесе ақшаны толық аударуды сұрайды. Сонымен қатар шиналардың саны шектеулі екенін және оларға сұраныс жоғары екенін айтып, адамды асықтыруға тырысады.

Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шықпай, сатып алушыны бұғаттап, жариялаған хабарландыруларын өшіріп тастайды. Соның салдарынан азаматтар тауарсыз қалып, қаржысынан айырылады.

Осындай жағдайларға тап болмас үшін ІІМ бірнеше сақтық шарасын ұсынады:

– тауарды алмай тұрып, бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем жасамаңыз және толық соманы аудармаңыз;

– нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан ұсыныстарға күмәнмен қараңыз;

– мүмкіндігінше қысқы шиналарды ресми дүкендерден немесе сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;

– төлем жасамас бұрын тауардың бар-жоғын және жай-күйін тексеріңіз;

– күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, банк деректері мен SMS арқылы келген кодтарды бөгде адамдарға бермеңіз.

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз