Саясат

Қытай Қазақстанның тәуелсіздігіне күмән келтіре ме?

Қытай елшісінің бір ауыз сөзі жарты әлемді бүйі шаққандай бір тулатты. Батыс жұрты: «Бұл Қытайдың ұстанымы ма, әлде елшінің жеке көзқарасы ма?

Қытай Қазақстанның тәуелсіздігіне күмән келтіре ме?

» деп әңгіменің астарына үңілсе, кеңестік империяның шекпенінен шыққандар қатты шамырқанды. Елшінің көзіне көк шыбын үймелету керек десті.

Онда әңгіменің әлқиссасы былай: Франциядағы қытай елшісі Лю Шэй француздың LCI телеарнасына берген сұхбатында кешегі кеңестік империя күйреген соң, оның орнында пайда болған тәуелсіз мемлекеттердің бостан екендігіне күмән келтірді. Елшінің айтуынша, ол мемлекеттердің құқықтық мәртебесін тәуелсіз ел ретінде нақтылайтын халықаралық келісім жоқ-мыс. Тіпті Лю Шэй қыза келе, «Қырым ежелгі орыс жері» дегенді де айтып салса керек. Бұл сөз ресми Мәскеуге майдай жаққаны белгілі. «Әне, көрдің бе, ормандай орысты, жұлдыздан көп қытай қолдап жатыр. Нағыз одақтас осы» деп, орыс баспасөзі ұлардай шулады. Бөрікті аспанға атты. Ал егемендігіне күмән келтірілген жұрт, әсіресе Украина һәм Балтық жағалауында жатқан Литва, Латвия, Естония мемлекеттері Қытай елшісін Франциядан қууды талап етті. Еуроодақтың депутаттары да осындай талап қойды. Ендігі іс – президент Макронның қолында.

Сондай-ақ Балтық мемлекеттері өз елдеріндегі қытай елшілерін шақырып, түсінік беруді сұрады. Сол-ақ екен Қытай Сыртқы Істер министрлігі «КСРО құрамында болған барлық елдердің тәуелсіздігін құрметтейміз» деген мәлімдеме таратты. Ал Лю Шэйдің сөзі елшінің жеке көзқарасы ма, әлде мемлекеттің ұстанымы ма, ол жайлы жақ ашпады. Жалпы, Лю Шэй талай мемлекетте елші болған, сұңғыла дипломат. Қай жерде қалай сөйлеуді біледі. Ал телеарнадағы әңгімесіне не жорық? БҰҰ мойындап, мүшелігіне енгізген мемлекеттердің тәуелсіздігіне шекесінен қарайтын астамдыққа жетті ме, иә болмаса БҰҰ-да қатталған құжатты менсінбеу ме? Түсініксіз. Өзгені қойып, өзімізе келсек, былтыр ғана Қазақстанға арнайы сапарлай келген Си Цзиньпин мырза, «Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына кепілдік береміз» дегені қайда қалды? Лю Шэй Си мырзаның сенімді өкілі емес пе? Бейжін басшысының сөзін аяқасты терістеу неге қажет бола қалды екен? Тіпті елші сөзінің ауанынан кезінде Қазақстан мен Украинаға берілген ядролық кепілдіктің (Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Кепілдік берген мемлекеттің бірі) де құны көк тиыннан кем екені білініп қалғандай. Айтпақшы, 17-18 мамырда Қытайда Орталық Азия мемлекеттері президенттерімен Си мырзаның кездесуі өтеді. Орта Азияда жатқан бес ел: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстанда кешегі КСРО-ның құрамында болған республикалар. Си мырза саммитте «елшінің сандырағына өкпелемеңдер. Ресми ұстаным басқа, тәуелсіздіктеріңді құрметтейміз» деп қылымси тіл қатар ма екен? Әлде жарты әлем шулап жатқан дауды жорта естімеген, білмеген адам болып отыра бере ме? Білмедік. Айтпақшы, Ресей саясаткерлері тарапынан «Қазақстанның  солтүстік өңірі ежелгі орыс жері» деп айтылып жатқан сандырақтарға ілуде бір «мәу» дейтін біздің Сыртқы Істер министрлігі де бұл дауға енжарлық танытты. Әліптің артын бақты. Алайда әлеуметтік желідегі әңгіменің ушығып бара жатқанын көріп, СІМ өкілі Айбек Смадияров Франциядағы Қытай елшісінің сөзі негізсіз екенін, Қытай СІМ таратқан түсініктемені қолдайтыны туралы қысқа мәлімдеме жасады. Бары – осы. Жалпы, біздің қоғамда қытай «синдромының» уыты басым. Бұл Ресей ақпарат  құралдарының «қытай сендерді бейбіт түрде жаулап алады. Қазақстанға кірген қытай кері қайтпайды. Қазақ қызына үйленеді, азаматтық алады. Осылайша, аз ғана қазақты қытайландыру саясатын жүргізеді. Жиырма миллионға жетпейтін Қазақстан миллиард халқы бар қытайдың жемсауына түсіп кетеді» деген сияқты ақпараттарды әлсін-әлсін таратып келді. Әлі де солай. Тіпті белгілі тұлғалардың да аузымен айттырды. Санаға сіңірді. Содан келіп, қазақы қоғамда қытай десе тыжырына қалатын аллергия, үреймен қарайтын синдром пайда болды.

Бұл жерде Ресейдің Қазақстанды өз орбитасынан шығарғысы келмейтін астарлы саясаты жатқанын да аңғаруға болады. Әйтпесе, бұ қазақ ата-бабасы ғұн, көк түріктер, тіпті кешегі Абылайдың заманында да қытайдан қорықпай, сойылдасып, өз өкімін оларға да жүргізіп келген баһадүр жұрт емес пе еді. Енді кежегесі кері тартып, үреймен өмір сүретіндей мүсәпірлікке қалай түсіп қалды? Бұл терістіктегі көршінің қазақтың санасына «қытай бүжәй халық» деп әбден сіңіріп тастауының «жемісі» болуы ықтимал. Өйткені бүгінгі қазақы қоғам Қытай елінің Қазақстанмен тонның ішкі бауындай, араласып кетуіне түбегейлі қарсы. Содан болар, соңғы кезде елімізде Қытаймен 30 күндік визасыз режим енгізуі мәселесін талқыға салғанда, қазақы қоғам өре түрегелді. Қазіргі күні әлеуметтік желідегі негізгі әңгіме – осы.

Айтқымыз келгені, үргенге айтақ қосу емес, қытай елшісінің сөзі еді. Әлемде экономикалық әлеуеті жағынан АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұрған, қаржылық қауқары әбжіл һәм жаһанды дәрегейіне алғысы келіп отырған аждаһа елінің дипломатиясында кеткен «шикілік» Бейжіңнің сыртқы саясатына көлеңке түсірері хақ. Алдағы уақытта кез келген мемлекет Қытаймен қарым-қатынасына екі шоқып, бір қарары анық. Демек, Қазақстан да «жалпақшешейлік» танытпай, осындай ұстанымды ұстанғаны жөн. 

Тегтер: Без Тега
Күлтегін Бек
Күлтегін Бек Күлтегін Бек

Оқыңыз