Саясат

ТӨРТІНШІ БИЛІК ТӨРДЕ ЕМЕС... Құрылтайға кулуардағы тыйым не үшін керек?

Бұдан былай БАҚ өкілдері мен журналистер Құрылтай депутаттарына бұрынғыдай Парламент кулуарында еркін сұрақ қоя алмайды.

Құрылтай

 Бұл ақпаратты Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков жеткізді. Оның сөзінше, ендігі жерде журналистер тек баспасөз орталығында ғана депутаттарға сұрақ қояды. Сонымен қоса, Құрылтай аппараты журналистердің депутаттардан сұхбат алатын орнын өз бетімен белгілеуге құқылы. Ал нақты мәселеге қатысты журналистер қандай да бір депутаттың пікірін білгісі келсе, алдын ала келісіп, кездесу уақытын белгілеуі керек, болмаса жазбаша сауал жолдай алады. Қалай десек де, енді журналистер бұрынғыша кулуарда кез келген депутатқа көкейіндегі сұрағын қоя алмайды.

Негізі осы уақытқа дейін Парламент кулуарлары депутаттар мен журналистер арасындағы пікір алмасудың алаңы болатын. Халық қалаулылары отырыстан шыға салысымен журналистердің сұрағына жауап беретін. Әрине, бұған бәрі бірдей құлық таныта қоймайтын. Кейбірі жүре тыңдап, кейбірі сұрақтан жалтаруға тырысатын. Енді біреулері «ағынан жарылатын». Тіпті кейде журналистер қандай да бір саяси ахуалға, қоғамдағы резонансты оқиғаларға немесе депутаттың бұрын айтқан сөзіне қатысты пікірін нақтылап сұрайтын-ды. Кейбір депутаттың жауабы кейін қызу талқыланып жатады. Енді мұндай коммуникацияның тәртібіне шектеу қойылып, журналисті депутатпен тілдестіретін «тікелей жол» жабылмақ. Бұған БАҚ өкілдерінің көпшілігі наразы. Әлеуметтік желіде бірқатар ақпараттық агенттіктер мен қоғамдық қорлар бас көтеріп, үкіметке үндеу жасады. Ең қызығы, бұл ережеден депутаттардың өздері де бейхабар сияқты. Көшеде, ғимарат сыртында журналистерге «ұсталып қалған» кейбір су жаңа депутаттар бұл сұраққа сипай қамшылап, сырғақтап жауап бергенін әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Сонымен мұндай ережені қабылдаудың себебі неде, салдары қандай болмақ?

«Жас Алаш» бүгін осы мәселені талқылады. Біздің сауалдарымызға журналистер Асылхан МАМАШҰЛЫ, Халима ТӘЖІҚҰЛ және Жолдас ӨРІСБАЙ жауап берді.

– Жаңа ережеге сәйкес, енді заң шығарушы орган ғимаратындағы дәстүрлі кулуарлық сұхбаттар өткізілмейтін болды. Енді БАҚ өкілдері депутаттарға сұрақтарды тек арнайы баспасөз орталығында ғана қоя алады дейді-мыс. Сіз қалай ойлайсыз, мұндай өзгерістің себебі неде? Осыған дейін депутаттардың әлеуметтік желілерде таралған «сценарийден тыс» жауаптары әсер етті ме екен?

Асылхан Мамашұлы

А.Мамашұлы: – Менің ойымша, осыған дейінгі Парламент депутаттарын БАҚ өкілдері қалай қуалап жүріп, сұрақ астына алғанын бәрі көрді. Оның үстіне мұндай ситуацияларда депутаттардың өте ыңғайсыз жағдайға қалатынын байқадық. Сол себепті осындай ашық форматты тоқтату туралы шешім қабылдау әбден түсінікті.

Ең қызығы, байқауымызша, Құрылтайдың осындай шешім шығарғанын депутаттардың өздері де білмейді. Журналистердің қойған сұрақтарына қарағанда, олар бұл шешімді бірінші рет естіп тұрғанын айтып, ақталған. Анығында, мұндай шешімді депутаттар емес, Құрылтай аппаратындағы шенеуніктер жасап отырғанға ұқсайды. Әсілінде, саяси маңызы бар шешімді депутаттардың өзі дауыс беріп қабылдауы керек еді. Ал бүгін, өкінішке қарай, депутаттар өз сырттарынан не қабылданып жатқанын да білмейді. Бұл – депутаттардың да құқығы шектеулі деген сөз.

Негізі осындай шектеудің түп-тамырында депутаттардың деңгейі байқалып қалмасын деген де ой бар сияқты. Себебі тосыннан қойған сұрақтарға депутаттардың көбі жауап бере алмай жататыны бар. Шын мәнінде, халық сайлаған, өзіндік көзқарасы бар депутат кез келген сұрақтан қашпай жауап беруі керек. 90-жылдары журналистер депутаттардың кез келген отырысына қатыса беретін. Ол кезде тіпті аккредитацияның өзі де керек емес еді. Кейін бұл жүйені біртіндеп енгізіп, журналистерді іріктеу, ақпарат алу құқығын шектеу күшейе берді. Оның ең соңғы нүктесі – бүгінгі тек баспасөз орталығында ғана сұхбаттасу деген ереже болды. Бұл – біздің таңдаған саяси бағытымыздың көрінісі.

Ж.Өрісбай: – Оған түрлі фактор әсер еткен болуы мүмкін. Біріншісі, меніңше, Құрылтайды «қасиетті», сөз тимейтін, қоғам келеке етпейтін институтқа айналдыру. Бұған дейін Парламенттің екі палатасының депутаттарын кулуарда журналистер түрлі сұрақтар қойып, жауабын алатын. Қазақстанда көптеген редакция белгілі бір деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатқа, оның қаржысына тәуелді болғанымен, кейбір әлеуметтік өткір тақырыптар бойынша сұрақ қоятын журналистер көп. Солардың сұрағына жауап бере алмаған немесе орынсыз жауап берген бұрынғы депутаттар белгілі бір деңгейде Парламенттің беделіне нұқсан келтіретін. Одан бөлек, Ардақ Назаровтың жиыннан тікелей анасын құттықтағаны, Анас Баққожаевтың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа «әйелдің тілі ұзын болғаны» да итермелейді дегені немесе Азат Перуашевтің «Штрафстаны» және кейін сол сөзі үшін екі рет кешірім сұрағаны, осы секілді жағдайлар заң шығарушы институт беделіне зор нұқсан келтірді. Ал оның бәрін контексімен халыққа жеткізген – сол кулуарда еркін жүріп, сұрақ қойған журналистер. Енді жаңа ереже енсе, журналистер ондай еркіндігінен айырылады. Өзі қалаған депутатты кулуарда кезіктіріп, пікірін цензурасыз жазып ала алмайды. Кулуарда еркіндік болса, кез келген депутатқа барып, сұрақ қоятын журналистер табылады.

– Енді депутаттар арнайы пресс-конференцияларда өздеріне ыңғайлы сұрақтарға ғана жауап беретін формат пайда болады делік. Мұндай шешімнің журналистикаға тигізер салдары қандай болмақ? Әрине, қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету деген түсінікті талап. Алайда мұндай шешім БАҚ-тың мүмкіндігін шектеу емес ме?

А.Мамашұлы: – «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының есебі бойынша, сөз бостандығы мәселесінде біз қазір 180-200 мемлекеттің ішінен 146-орынға жайғастық. Сондықтан онсыз да артта тұрған баспасөз еркіндігін бұл одан сайын құлдыратары анық. Әрине, бәз біреулер «мұндай шешімнің шектеуге қатысы жоқ, тәртіпке келтіру» деген мысалды алға тартатын шығар. Дегенмен айналып келгенде, баспасөз мәслихатын қалай ұйымдастыратынын бәріміз жақсы білеміз ғой. Әдетте баспасөз мәслихатында тек «ыңғайлы» сұрақтарға жауап бере алатын «ыңғайлы» депутаттар шығып, «ыңғайлы» сұрақ қоятын журналистерді ғана шақыруы мүмкін. Тіпті басқа журналистерді кіргізбеуі де бек мүмкін. Сол себепті мұны шектеу деуге толық негіз бар.

Дегенмен бұл тарапта тағы бір мәселенің басын ашып алған жөн шығар. Кейде дәлізде қуалап жүріп сұрақ қоятын БАҚ өкілдерінің өзі кейде орынсыз сұрақтар қоятынын байқаймын. Мұны да айта кету керек. Өйткені депутат қоғамда болып жатқан құбылыстардың бәріне бірдей жауап беруге міндетті емес. Депутаттың өзіне жүктелген міндеттері болады. Бірақ кейде журналистер белгілі бір оқиғалар мен құбылыстарға қатысты депутаттардың көзқарасын сұрайтыны бар. Бәлкім, дұрыс та шығар, мұндайда депутат өзіне қатысы жоқ, тиесілі емес нәрсеге де жауап беруге мәжбүр болып жатады. Осындай мәселені «дұрыс емеске» балап, үкім шығаруға да болмайды. Алайда қандай жағдай болмасын депутаттың өзінен жауап болу керек. Мәселен, «мұндай мәселе менің құзырыма жатпайды, мен басқа мәселелермен айналысып жүрмін» десе, жеткілікті ғой. Бірақ депутаттардың бір ауыз сөзге өресі жетпей жатса, өзгелер осылай қорғамағанда, не істейді?

Қалай десек те, бүгін болып жатқан оқиғаға байланысты депутаттардың, шенеуніктердің ой-пікірін сұрап, біліп, халыққа көрсету маңызды. Егер болып жатқан процестерді көрсетпесе, «үкіметтің істеп жатқан жұмысын айтпадыңдар» деп тағы айыптайды. Ал оны айтып, жазайын десе, арнайы баспасөз жиынында ғана айту сынды сан түрлі кедергі жасап қояды. Осыдан соң «журналист қалай жұмыс істеуі керек?» деген сұрақ туады.

Қалима Тәжіқұл
Фото: ашық дереккөз

Х.Тәжіқұл: – Иә, мұнда журналистиканың негізгі қағидалары тұрғысынан белгілі бір қауіп бар деп ойлаймын. Мәселе, баспасөз орталығының болуында емес, оның кулуарлық сұхбатты толық алмастыруында. Егер депутаттар тек өздеріне ыңғайлы сұрақтарға жауап беретін, алдын ала ұйымдастырылған баспасөз конференцияларының форматына көшсе, журналистің жедел әрі өткір сұрақ қою мүмкіндігі азаяды. Ал журналистиканың міндеті – дайындалған ақпаратты ғана тарату емес, билік өкілдеріне қоғам атынан сұрақ қойып, жауап алу, қажет болса, жауаптан жалтаруға мүмкіндік бермеу. Кулуарлық сұхбаттың ерекшелігі де осында. Мысалы, заң жобасына қатысты сын, қоғамдағы дау немесе депутаттың бұған дейін айтқан сөзін нақтылау қажет болса, дәл сол дәлізде жауап алуға ғана мүмкіндігі бар. Басқа жағдайда «сұрақты жазбаша жібер» деп депутат көмекшілері жолатпауы мүмкін.

Егер журналист тек арнайы бөлінген жерде, белгіленген уақытта және ұйымдастырушылар ұсынған форматта ғана сұрақ қоятын болса, ақпаратқа қол жеткізу арнасы біртіндеп сүзгіден өтетін коммуникацияға айналады. Бұл парламенттік журналистиканың сыни және бақылаушы функциясын әлсіретеді. Әрине, қауіпсіздік пен тәртіп керек. Бірақ оны қамтамасыз етудің жалғыз жолы журналистердің депутаттармен тікелей байланысын шектеу болмауы керек. Егер жаңа тәртіп журналистің ақпарат алу мүмкіндігін шектесе, БАҚ-тың билікті бақылау функциясы әлсірейді.

Ж.Өрісбай: – Мұны цензураның жасырын механизмі деуге болады. Себебі баспасөз жиындарында әдетте журналистер кезекке тұрып, бірнеше спикерге небәрі екі сұрақ қоя алады және сұрақтар сол күнгі баспасөз жиынының тақырыбына сәйкес келуі керек. Келмесе, журналист жауап ала алмайды. Оны модератор да кесіп тастайды. Бұл практика қазір қазақ үкіметінде жүргізіледі. Үкімет отырыс өткізген соң, баспасөз ғимаратына бірнеше спикерін жібереді. Сол үкімет отырысының тақырыбы баспасөз тақырыбына жалғасады. Яғни журналистер қоғамда талқыланып жатқан басқа мәселелер бойынша үкімет өкілдерінен үкімет ғимаратында еркін пікір жазып ала алмайды. Енді бұл тәжірибе Құрылтайға енсе, депутаттарды да сөзге тарту біршама қиындай түседі. Әрине, депутаттардың көмекшілеріне шығып, оларды сұхбатқа сыртқа шақыруға болады. Бірақ ондайда әдетте депутат нақты қай тақырып бойынша, не сұрағыңыз келетінін білгісі келеді.

Сосын баспасөз орталықтарындағы жиындар арқылы хабар тарату стилі тәуелсіз журналистиканы паркетті шаблонға енгізіп жібереді. Яғни журналистер бәрібір сол жиынға баруға мәжбүр. Өз сұрақтары бойынша эсклюзив жинау мүмкіндігі болмағаннан кейін, жаңалықты үкімет спикерлерінің дайындап келген есептеріне сүйеніп жазуына тура келеді. Бұл пресс-релизді ары қарай таратуға ұқсайды. Билік осылай қоғамдық пікірді барынша өз бақылауында ұстағысы келеді әрі журналистердің өз нарративіне бейімдеп пайдаланбақ.

– Соңғы бірер күнде депутаттарды көшеде, ғимарат сыртында БАҚ өкілдерінің қаумалап, сұрақтарына жауап алғанын сіздер де көрген шығарсыз. Дегенмен журналистердің мұндай әрекеттерін кейбіреулер «этикаға сай емес» деп сынап жатыр. Бұл жөнінде не айтасыз?

А.Мамашұлы: – Әрине, сұрақтарына жауап алғысы келген журналист бәрібір амалын табары анық. Бірақ әр нәрсенің өзінің уақыты барын да ескеруіміз қажет. Журналист кешкі жаңалықтарға ақпарат беріп үлгеруі керек десек, ал депутат кешкі сағат алтыдан кейін ғана жұмыстан шығуы мүмкін, тіпті кешкі 20:00-21:00-ге дейін шықпауы да мүмкін ғой. Яғни журналист бүгінгі болған оқиғаға байланысты депутаттардың көзқарасын сұрай алмайды, ұстанымын біле алмайды. Бұл, ең әуелі, ақпаратты кешіктіру. Мемлекеттік телеарналар мен БАҚ-тың өзі ақпаратты кешіктірер болса, онда басқаларға не жорық?!

Депутаттарға саяси салмағы бар сұрақ қоятын журналистер онсыз да санаулы ғана. Олар, негізінен, тәуелсіз басылымдардың өкілдері. Ал кейін сол тәуелсіз басылымдардың бәрінің аккредитациясын жойып, Парламентке кіргізбейтін қылды. Соның бір айқын көрінісі – «Азаттық» радиосы. Қазір олардың бірде-бір журналисі депутаттарға сұрақ қоя алмайды. Қалған журналистердің сұрақтары кейде жеңіл-желпі, тіпті кейде күлкілі. Сондықтан, шындап келгенде, депутатты былай шығарып алып сұрақ қойдың не, баспасөз орталығында қойдың не – айырмашылығы шамалы болып қалды.

Х.Тәжіқұл: – Журналистердің депутатты көшеде немесе ғимарат сыртында тоқтатып, сұрақ қойғанын әдепсіз әрекет деп бағалау дұрыс емес. Өйткені журналистің міндеті – қоғам үшін маңызды ақпаратты алу. Егер оған ғимарат ішінде сұрақ қою мүмкіндігі берілмесе, ол ақпарат алудың басқа заңды жолын іздейді. Әрине, депутаттың жолын бөгеп, күш көрсетіп, жеке кеңістігіне заңсыз басып кіру немесе бірнеше журналист болып қысым жасау кәсіби стандартқа сай емес. Бірақ камера ұстап, «осы мәселе бойынша пікіріңіз қандай?» деп сұрақ қоюды әдепсіздік деуге мүлдем болмайды. Себебі саясаткер – қоғам алдында есеп беретін тұлға, ал журналист – сол қоғамның сұрағын жеткізуші.

Сондықтан «журналистер депутаттарды неге көшеде қуалап жүр?» дегеннен бұрын, «Неге журналистер депутатқа ғимарат ішінде еркін барып сұрақ қоя алмайды?» деген мәселе көтерілуі керек. Егер билік қауіпсіздік пен тәртіп мәселесін алға тартса, оны қамтамасыз етудің басқа жолын табуға болады. Бірақ шешім журналист пен депутаттың тікелей байланысын барынша шектеу емес, қауіпсіздік сақтала отырып, жедел сұрақ қою мүмкіндігін қамтамасыз ететін формат болуға тиіс. Өйткені кулуарлық журналистика дегеніміз – билік өкілінен халық атынан күтпеген, ыңғайсыз, бірақ маңызды сұраққа жауап талап ету мүмкіндігі. Осы мүмкіндік сақталмаса, журналистика дайындалған мәлімдемелерді ғана тыңдап, оны әрі қарай таратып отыратын құралға айналады.

Жолдас Өрісбай
Жолдас Өрісбай. Фото: ашық дереккөз

Ж.Өрісбай: – Егер журналист заңды түрде аккредиттелген орган ғимаратында өз міндетін толық атқара алмаса, жұмыс бөлмелеріне кіруге тыйым салынса, балама жол қарастыруға мәжбүр болады. Депутаттарды көшеде ұстау – журналистің еріккеннен жасаған әрекеті емес, редакция мен оқырман алдындағы міндетін орындаудың соңғы құралы дер едім. Ал журналистердің Құрылтай ғимаратының сыртында депутаттарды торуылдап тосып отыруына сол Құрылтайдың дайындап жатқан ішкі ережесі түрткі болып отыр. Сосын саяси тұлғалардың жеке кеңістік шекарасы қарапайым азаматтарға қарағанда әлдеқайда тар. Олар мемлекеттік бюджеттен жалақы алады, қоғамның тағдырын шешетін заңдар қабылдайды. Сондықтан олар кез келген жерде қоғамдық маңызы бар мәселелерге жауап беруге міндетті.

Сосын этика туралы сөз қозғағанда, журналистерді айыптау – аурудың өзін емдемей, симптомымен күресу. Асылы, журналист көп, ал еркін пікір білдіретін билік өкілі аз болғанда сондай жағдайға куә боламыз. Оны этикаға сай емес дейтіндер сөз бостандығы деген ұғымды түсіне қоймайтындар дер едім. Әйтпесе, журналистердің сұрақтарын толық қанағаттандыратындай мүмкіндік жасалса, журналистер былай топырлап, бір спикерді қоршап, сұрақтарын жаудырмас еді.

– Халықаралық журналистика, дамыған шет мемлекеттер мұндай мәселенің қалай тігісін жатқызып, шешімін тауып отыр? Негізі журналистің депутатқа немесе басқа да билік өкілдеріне кез келген жерде, тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, қысқа сұрақ қоюы қалыпты тәжірибе емес пе?

А.Мамашұлы: – Әдетте біз мұндай ситуацияларда дамыған мемлекеттерді, соның ішінде АҚШ пен Батыс елдерін мысалға аламыз ғой. Мысалы, АҚШ Конституциясында «АҚШ-та цензура жоқ» деп жазылған. Баспасөз жұмысын заңмен шектемеуге осы бір‑ақ жол жеткілікті. Цензура жоқ болған соң баспасөзге кедергі келтірілмейді, қай жерде сұхбат алады, қалай сұрақ қояды – журналиске ешқандай тыйым салынбайды. Батыста қарапайым адамның өзі үкімет үйіне кіріп кете алатын жағдайлар кездеседі. Өзім Аустрияда мұндай ситуацияны көзіммен көрдім. Олар кез келген уақытта кіріп, сұрақ қойып, ақпарат ала береді. Бұдан бөлек, Батыста баспасөздің сұрағына жауап беру мәселесі дұрыс жолға қойылған. Әдетте сұрақты жауапсыз қалдыру – тағылған айыптың немесе кінәнің расталғанын білдіреді. Ал бізде депутаттарға немесе өкілетті адамдарға барғанда жауап бермей қою, арнайы хат жазғанда жауап бермеу – қалыпты жағдай.

Х.Тәжіқұл: – Халықаралық тәжірибеде журналистің депутатқа немесе басқа мемлекеттік қызметкерге қоғамдық жерде қысқа сұрақ қоюы – қалыпты әдепкі іс. Керісінше, көптеген демократиялық елдерде қауіпсіздік пен тәртіп талаптары сақтала отырып, журналистердің билік өкілдеріне тікелей қол жеткізуіне жағдай жасалады. Журналистерге депутаттар жиналатын дәлізге кіруге рұқсат бар және бұл журналистердің депутаттармен тікелей сөйлесуіне мүмкіндік береді. Әрине, бұл «журналист парламентте кез келген жерде шектеусіз жүре алады» деген сөз емес. Британия парламентінде де аккредитация, қауіпсіздік, түсірілімге арналған арнайы орындар сияқты ережелер бар. Бірақ сол ережелер журналисті депутаттан оқшаулау емес, журналист жұмысын қауіпсіз әрі дұрыс реттеуді көздейді. Мысалы, парламенттің ресми нұсқаулығында журналистер үшін арнайы түсірілім және сұхбат орындары көрсетілген.

АҚШ Конгресінде де осыған ұқсас қағида бар. Капитолийде журналистер үшін арнайы аккредитация және түсірілім орындары белгіленген, сонымен бірге журналистерге ғимараттың ішінде де, сыртында да сұхбат жүргізуге мүмкіндік жасалған. Арнайы stake-out орындарында Конгресс мүшелерімен де, басқа ресми тұлғалармен де сұхбат жүргізуге болады.

Еуропарламентте де журналистерге парламент ішінде жұмыс істеуге жағдай жасалған. Халықаралық тәжірибеде қауіпсіздік пен журналистің еркін сұрақ қою мүмкіндігі бір-біріне қарама-қайшы ұғым ретінде қаралмайды. Оларды қатар қамтамасыз етуге болады.

Ж.Өрісбай: – Ең әуелі депутат сұрақтан қашпауы керек. Орынсыз себеп айтып, кетіп қалудың амалын жасамай, журналистің бар сауалына жауап беруге тырысуы тиіс. Егер журналист сұрақтарын бұрмалап, біреуді айыптай отырып, пікір сұраса, оны да депутат бірден танып, анықтап, сұрақ қойыңыз деп ескертуіне болады. Сондай диалогтар арқылы коммуникация реттеледі.

Батыс елдерінде, әсіресе, АҚШ-та солай. Ол жақта да журналистерді ғимаратқа кіру үшін аккредиттеу бар. Бірақ ғимарат ішінде жүруге шектеу қойылмаған. Тек отырыс кезінде отырыс залына кіруге болмайды. Ал одан шыққаннан кейін журналистер депутаттың пікірін диктофонын тосып жазып ала береді. Одан бөлек, АҚШ Конгресінің ғимаратында Reuters, AP секілді алып медиа ресурстардың өз жұмыс үстелдері бар. Тұрақты тілшілері сол орнын кеңсе ретінде пайдаланады. Бұған қоса, журналистердің іштегі жүріс-тұрысын «Корреспонденттер комитеті» реттейді. Бұл ұйымның Конгрестің өзіне еш қатысы жоқ, одан тәуелсіз, журналистердің дауыс беруі арқылы сайлаған өкілдері қызмет етеді. Дәл соған ұқсас жағдай Германияда да бар. Немістердің Бундестагында федералды баспасөз конференциясы дейтін ұйым жұмыс істейді. Оны журналистердің өзі басқарады. Бундестаг ішіндегі баспасөз жиындары мен сұхбаттарды парламенттің баспасөз қызметі емес, журналистердің өздері ұйымдастырады. Ғимарат ішіндегі қозғалыс еш шектелмейді.

P.S. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мерзімді басылымдардың бірінші бетінен «Төртінші билік, төрге шық!» деген ұранды жиі көзіміз шалатын. Расында да ол кезде БАҚ-тың құзыреті біршама кең еді. Тіпті журналистер биік-биік мінберлерден сол кездегі президент Н.Назарбаевтың өзін састыратын сұрақтар қоя алатын. Кейін журналистиканың көкжиегі бірте-бірте тарылды да, бүгінгі күйге түстік. «Төртінші билік» қазір төрде емес, ол Құрылтай ғимаратындағы құрқылтайдың ұясындай бөлмеде қамалып отыр...

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз