Без Категории

Ресейде Қырым татар белсендісі 2,5 жылға сотталды

Ресей оңтүстігіндегі Дондағы Ростов қаласында әскери сот "терроризмге жария түрде шақырды" деп айыпталған Қырым татар белсендісі, блогер Нариман Мемедеминовті 2,5 жылға соттады.

Ресейде Қырым татар белсендісі 2,5 жылға сотталды

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы белсендіге тағылған айыпты "негізсіз" деп атап, үкімді сынады.

Бұл "Ресей билігінің Қырым татар белсенділерін қуғындауының кезекті көрінісі" делінген 2 қазан күні жарияланған ұйым мәлімдемесінде.

Прокуратура өкілдері оны алты жылға соттауды сұраған. Белсенді соңғы сөзінде Ресей сотын "көзбояушылық" ретінде жұмыс істейді деп айыптап, журналистерді Қырымдағы жағдай мен онда тұратын азаматтардың ісі жайлы ақпарат таратуға шақырған.

Құқық қорғаушылар және Батыс елдері Мәскеудің Қырымды аннексиялауына қарсылық танытқан түркі тілді Қырым татар белсенділерін қуғындауын айыптады.

Қылмыстық іске Мемедеминовтың 2013-2015 жылдары аралығында Youtube-те жариялаған видео жазбалары түрткі болған. Онда блогер Қырым татар белсенділерінің сот отырыстарынан видео жариялап, саяси оқиғаларға пікірін білдірген. Сотта блогер өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Мемедеминов 2018 жылы наурыз айында ұсталып, қамалған. 1 қазанда Киевте белсендіні қолдау акциясы өтті.

2014 жылы наурызда Ресей Украинаның Қырым аймағын аннексиялап алған еді. Халықаралық ұйымдар Ресейдің бұл әрекетін заңсыз деп сынаған. Батыс елдері Қырым аннексиясынан кейін Ресейге санкция салған. Мәскеу Қырымды аннексиялап алғанын жоққа шығарады және мұны "тарихи әділдіктің орнауы" деп атайды.

Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз