Live

Ресей Қазақстанға АЭС салуға несие бермек

Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр.

Қазақстан

 Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Сәтқалиевтің айтуынша, жобаны қаржыландыруда қиындық болмайды. Қазір Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие тетігін пысықтап жатыр.

Оның сөзінше, екі келісім қарастырылған: біріншісі – АЭС құрылысының өзіне қатысты, екіншісі – Ресей тарапынан қаржыландыру туралы.

«Жалпы қаржыландыру құрылымы бойынша 85 пайызы несие түрінде, 15 пайызы Қазақстан үкіметінің үлесі ретінде қарастырылып отыр. Бұл құжаттар жоғары дайындық деңгейінде», – деді ол.

Жобаның нақты құны жобалау жұмыстары аяқталған соң анықталады. Алдын ала есеп бойынша, әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын екі энергоблоктың құны шамамен 15 миллиард долларды құрайды.

Сәтқалиевтің айтуынша, алғашқы станция бойынша жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Балқаш маңындағы Үлкен кенті жанындағы алаңда жобалық-іздестіру жұмыстары толық аяқталған.

Ол сондай-ақ жобалау кезеңі орта есеппен 5–7 жыл, ал құрылыс жұмыстары 10–15 жылға созылатынын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстанда ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр. Бұл құрылым барлық АЭС-тердің иесі болып, оларды пайдалану және қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады.

«Бұл атом энергетикасын дамытуға және жергілікті үлесті арттыруға бағытталған әртараптандырылған компания болады», – деді агенттік басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Сәтқалиев екінші АЭС-тің атауын жариялап, оны салу жоспарланған жаңа өңір туралы да мәлімет берген еді.

Жалпы, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясын іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ төртінші АЭС салу жобасы да қарастырылып отыр.

Жангүл Есениязова
Жангүл Есениязова Жангүл Есениязова

Оқыңыз