Саясат

Ресей мен Украина энергетикалық нысандарға соққыны тоқтатуға келісті — Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина энергетикалық инфрақұрылым нысандарына өзара соққы жасауды тоқтатуға келіскенін мәлімдеді.

Путин, Трамп пен Зеленский

Алайда материал жарияланған сәтте Мәскеу мен Киев жаңа келісімге келгенін ресми түрде растаған жоқ.

Бұған дейін Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийді Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен дизель отынына қатысты инфрақұрылым нысандарына шабуылды тоқтатуға ашық түрде шақырған еді.

АҚШ президенті Украинаның соққылары Ресейдегі жанармай өндірісінің азаюына және әлемдік нарықта дизель отыны бағасының өсуіне әсер етіп отырғанын айтты. Ал Киев бұған дейін Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын заңды әскери нысана деп атаған. Украина тарапы мұнайдан түсетін кіріс соғысты қаржыландыруға жұмсалатынын алға тартады.

Кремль Трамптың үндеуін қолдады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков азаматтық экономикалық инфрақұрылымды қорғау қажет екенін мәлімдеді. Сонымен бірге Ресей әскері Украинаның электр станцияларына, қосалқы станцияларына және газ нысандарына тұрақты түрде соққы жасап келеді.

Болжамды келісімнің егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ. Оның қашан күшіне енетіні, нақты қандай нысандарға шабуыл жасауға тыйым салынатыны және келісімнің орындалуын бақылау тетігі қарастырылған-қарастырылмағаны белгісіз.

Сондай-ақ келісім мұнай өңдеу зауыттарына, экспорттық терминалдарға, құбырларға және энергия ресурстарын тасымалдайтын кемелерге қатысты ма — бұл жағы да әзірге нақтыланбады.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз