Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 24 Қазан 2024

Ресейдің әскери техникалары Сайқында сайран салып жүр

1
Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданының тұрғындары Jas Alash редакциясына Сайқын кентінде Ресей туын ілген, көліктеріне Z және V әріптерін жазып алған әскери көліктердің видеосын жолдады. Әскери техникалар ауылды емін-еркін аралап, тіпті газ құбырын соғып кеткен. Бұл жағдай халықтың ашу-ызасын тудырып отыр.

 

Ыза тудырған полигондар

Даулы оқиғаға Ресейдің елімізден жалға алып отырған полигондарында жаттығу өткізетін әскери техникалары себеп болған. Жалпы Ресей Қазақстаннан гектарына 1 046 теңге төлеп, үш полигон жалға алған. Оның көлемі 8,6 млн гектар. Үш полигонның екеуі БҚО-да орналасқан. Оның аумағы 1,5 млн гектардан асады. Кейінгі кезде бұл полигондарға қатысты жергілікті халықтың наразылығы күшейген. Оған себеп – ресейлік әскерилердің белгіленген тәртіпті сақтамай, бей-берекет қару қолдануы, жер мен суды ластауы. Бұдан бөлек, жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жайылымдық жер жетпей жатқанын айтып, бірнеше рет дабыл қаққан. Алайда бұдан ештеңе өзгермеген. Jas Alash бұған дейін «Осы Төреғалиев «Капустин Яр»-ды біле ме екен?» деген тақырыпта бұл мәселені көтерген еді. Мақалада Капустин Яр полигонының әсерінен бір ауданда 500-дей мүмкіндігі шектеулі азаматтың барын, зымыран кесірінен жайылымдық жерлердің қалай бүлініп жатқаны тұрғындар сөзімен егжей-тегжейлі жазылған.

Осы аптаның басында тағы да сол «Капустин Яр» полигонынан дау шықты. Шекара маңындағы Сайқын ауылына кіріп кеткен Ресейдің әскери техникалары жұрттың үрейін ұшырған. Тұрғындар редакциямызға жолдаған видеодан 5 әскери техниканы көруге болады. Әскерилер көліктеріне Ресейдің туын іліп, Z, V белгілерін жазып алған. Бұл әріптер Ресейдің Украинаға соғысқа шақыруының белгісі. Сондықтан қазақстандықтар мұндай белгілерге қарсы және қолдамайды. Ауыл тұрғындарының ашынуына осы белгілер де себеп болған.

1
Сайқын аулының газ құбырын соғып кеткен әскери техника. Фото: видеодан скриншот

Елді дүрліктірген С-300 зымыраны

«Жас Алаш» тілшісі аталған даулы оқиғаға байланысты ауыл тұрғындарымен тілдесті. Сайқын халқының айтуынша, Ресей жалға алған «Капустин Яр» полигоны ауылға жақын. Әскери техникалар ауыл шетімен ары-бері өтеді. Олар бұған дейін негізінен арнайы жолмен кіріп-шығып жүрген. Ауылға кіреберісте айналма жол бар. Кешегі оқиғаға себеп болып отырған жайтта ресейлік әскерилер айналмадан бұрылмай, ауылдың ішіне кіріп кеткен.

«Видеодан көрген болсаңыз, қарулы техникалар ауыл ішінде жүр. С-300 сияқты зымырандарды тасымалдайтын көлік қалай ауыл ішінде жүргені түсініксіз. Оның ішінде зымырандары бар шығар, білмейсің ғой. Оларды алып жүретін көліктері болуы керек. Әскери полиция ма, болмаса өздерінің «УАЗ» көліктерімен алдарында жолды көрсетіп отыруы керек қой. Бей-берекет ауылымызға келіп, ары-бері жүреді. Көрінбей қалатындай емес, ұзындығы жиырма, ені алты метр көлік. Сол жағдай халықтың наразылығын туғызды. Олар әдейі арандату туғызып отыр ма? Мұндай неше түрлі жағдайлар болады. Мысалы, ертең ауылдың тұрғындары осылай наразылығын білдіріп жатса, мұның өңін айналдырып, «міне, Ресейге қарсы шығып жатыр» деуі мүмкін. Қазір арандататын ақпараттық соғыс өте көп. Біздің ел оларға шет мемлекет. Сондықтан бір жауапты лауазымды тұлғалары келіп, тым болмаса әкімдікке барып: «біздің әскер бағыттан жаңылып кетіпті» дегендей, бір ауыз кешірім сұрауға, түсініктеме беруге болады ғой. Жоқ, түк те істемеді. Мына жағдай біреудің ауласына біреу мылтықпен кіріп кеткенмен бірдей. Одан «қаруыңның ішінде оқ бар ма?» деп сұрамайсың. Мысалы, көршің аулаңа кіріп, тайраңдап бүлдіріп, газ құбырыңды қиратып, мылтықпен жүрсе, саған қалай әсер етеді? Бұл да сол сияқты. Бұлар С-300 зымыранымен келіп, тайраңдап жүр. Біздің ҰҚК қайда қарап отыр, Шекара қызметі қайда? Жаттығу полигонында басқа елдің әскер не істеп жатқанын біле ме? Қандай қару алып келгенін тізімдеп отырмай ма екен? Қазір ХХІ ғасыр, дамыған заман. Бәрін бақылауға болады. Полигонның ішінде де қандай қарумен қай жаққа атқанын қарау керек. Олар жалға алдық деп, бей-берекет ата бермейтін болар», – дейді Сайқын ауылының тұрғыны Қуаныш Шәріпқалиев.

«Жас Алаш» аталған оқиғаға байланысты ҰҚК-ге бірнеше сауал жолдады. Алайда мақала жазылып, дайын болғанша Шекара қызметінен ешқандай жауап келген жоқ.

Қуаныш Шәріпқалиев
Қуаныш Шәріпқалиев

Қуаныш Шәріпқалиев – жеке кәсіпкер. Мал шаруашылығымен айналысады. Осы оқиғалармен қатар оның шаруа қожалығына қарайтын жайылымдық жерге зымыран қалдығы түскен. Кәсіпкер зымыранның қайдан ұшқанын, қайда бағыт алғанын білмейді. Бірақ көлемі бірнеше метр зымыран қалдығы үйіне бір шақырымдай жерде шашылып жатыр. Кәсіпкердің редакцияға жолдаған видеосында зымыран қалдығының 2-3 метрдей екенін көруге болады. Шәріпқалиевтің айтуынша, зымыран қалдығы жаңбыр жауып тұрған кезде түскен. Әйтпесе, шабындық жер әп-сәтте өртеніп кетуі де мүмкін екен.

«Зымырандар алдымен жоғарыға қарай тік көтеріліп, кейіннен көлденең бағытта ұшып кетеді. Менің түсінігімше, жерімде жатқан зымыранның қажетті жылдамдыққа жетіп алғанша жанармаймен қамтамасыз ететін бөлігі. Түсінбей тұрғанымыз, жеке қожалықтың жеріне зымыран қалдығы қайдан түсті. Оны қайдан, қай жерге атты. Бұл жер полигон емес. Жерді үкіметтен жалға алып отырмын. Бұл жерде осындай түсінбестіктер өте көп», – дейді Сайқын ауылының кәсіпкері.

Жергілікті әкімдік ақталады, тұрғындар олардың сөзін жоққа шығарады

Бұл оқиғаға қатысты «Жас Алаш» тілшісі БҚО әкімдігіне де хабарласты. Әкімдік өкілдері аталған фактіге байланысты оқиғаның орын алуына толассыз жауған жаңбыр мен батпақ жолдардың кесірі себеп болғанын алға тартты. Сондықтан Ресейдің әскери техникасы Сайқын ауылының ішімен жүруге мәжбүр болыпты.

«Бөкей ордасы ауданының аумағында халықаралық шарт бойынша Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясы жалға алған полигон бар. Ресейлік техника аталған полигонға елді мекендерден тыс келісім бойынша белгіленген маршруттар бойынша кіріп-шығады. Алайда кейінгі бірнеше тәулікте жауған жауын, ауа райының қолайсыздығынан 20 қазанда Сайқын ауылының ішімен 5 әскери техника өтті. Көліктердің бірі газ құбырына тиіп кеткен, бірақ қатты зақым келмеген немесе газ апаты болмаған. Қазіргі уақытта жергілікті тергеу бөлімі мен Бөкей орда аудандық полиция бөлімі оқиғаның мән-жайын анықтап, кінәлілерді жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатыр. Келісімдерге сәйкес, бұл әскери техниканы полицияның арнайы көлігімен алып жүру қарастырылмаған», – деді БҚО әкімдігі.

Ал сайқындықтар әкімдіктің бұл жауабына қанағаттанбайды. Тұрғындар қанша жаңбыр жауып, жол батпақ болса да жеңіл көліктерімен діттеген жерлеріне жетіп жүргендерін айтады. Сондықтан жергілікті әкімдіктің ресейліктерді ақтауы орынсыз.

«Біз жеңіл автокөлікпен осы жерден өмір бойы жүреміз. Ал олар толық жетекті жүк көлігімен келді. Әскери техника бұл жолдан жаңбыр жауса да, қиналмай жүре береді. Ауылдың кіреберісінде айналма жол бар. Оның белгілері айқын, ілініп тұр. Әскерилердің қозғалыс маршруты деген болады. Олар бір елдің шекарасын кесіп өтіп тұр ғой. Оларға «Қазақстанның кез келген жерінен шекарасын кесіп өт те, кез келген жеріне ата бер» деп айтылмаған шығар. Екі ел арасында карта маршруты болады. Әскери техника сол картамен жүріп, сол картамен шығады», – дейді Шәріпқалиев.

P.S. Қазір Сайқын халқының басым бөлігі «бұл не деген бейбастық пен басыну» деп ашынып отыр. Ресейлік әскерилердің келіп кешірім сұрамағанына наразы. Тұрғындар арасында «Ауылымызға келді, газ құбырымызды қиратты, әскери ауыр техникаларымен келіп ауламызды бүлдіріп, есікті бір теуіп шығып кеткен неғылған қонақ?!» деген наразы сөздер айтылып жатыр. 

Тұрсынбек БАШАР