Саясат

Reuters: Трамп 28 шілдеде Зеленскийді қабылдауы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі 28 шілдеде Вашингтонда өтуі мүмкін.

Трамп пен Зеленский

Бұл туралы Reuters агенттігі Ақ үйдегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Украинадағы дереккөздің айтуынша, Зеленскийдің АҚШ-қа баруға қызығушылығы бар. Алайда оның командасы Ақ үйден Трамптың жұмыс кестесіне қатысты ресми растауды күтіп отыр.

Дереккөздердің мәліметінше, Украина мен АҚШ өкілдері Ресейге Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа ұсыныстар топтамасы аясында әуе кеңістігінде уақытша бітім орнату туралы бастама жасауды талқылаған.

Бұған дейін Киев Ресей президенті Владимир Путинге атысты тоқтатуды ұсынғанымен, Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамаған. Дегенмен кейбір сарапшылар Ресей экономикасына украиналық дрондар мен зымырандардың соққылары күшейген сайын Кремльдің ұстанымы өзгеруі мүмкін деп есептейді.

Бейбіт келіссөздерге қатысты жаңа бастамалар

22 шілдеде Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен телефон арқылы сөйлесіп, Ресеймен бейбіт келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігін талқылады. Осыдан кейін Зеленский Украина мен АҚШ өкілдерінің жақын күндері Америкада кездесуі мүмкін екенін мәлімдеген.

24 шілдеде Украина қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Евгений Хмара, Қарулы күштердің бас қолбасшысы Михаил Драпатый және Бас штаб бастығы Игорь Скибюк Киевте АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитэкермен кездесті. Тараптар Ресейге қарсы әскери стратегияны, Украина әуе қорғанысын күшейтуді және Patriot зымыран кешендерін орналастыру мәселесін талқылады.

Зеленскийдің АҚШ сапары

24 шілдеде Трампты қолдайтын америкалық блогер әрі белсенді Лора Лумер Зеленскийден сұхбат алып, Украина президенті келесі аптада АҚШ-қа барып, Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.

Сонымен қатар Зеленскийдің 28 шілдеде Вашингтонда өтетін республикашыл сенатор Линдси Грэмді жерлеу рәсіміне қатысуы мүмкін екені хабарланды. Сол шарада Дональд Трамп сөз сөйлейді деп күтілуде. Ал Грэм 29 шілдеде туған жері – Оңтүстік Каролина штатында жерленеді.

Линдси Грэм Украинаға әскери және саяси қолдау көрсетудің белсенді жақтастарының бірі болды. Ресейдің  басқыншылығы басталғалы бері ол Украинаға он рет барған.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз