Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 29 Тамыз 2024

Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінің премьерасы Пусанда өтеді

"Әбіл" фильмінен стоп кадр
"Әбіл" фильмі

Қазақстандық кинорежиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» толықметражды көркем фильмінің әлемдік премьерасы XIX-Халықаралық Пусан кинофестивалінде өтеді.

Фильм кинофестивалдің негізгі конкурстық бағдарламасы – «New Currents» секциясына қатысып, жүлделі орында бақ сынамақ. Фестиваль 2024-жылдың, қазан айының 2-11-і аралығында, Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткізіледі деп жопарланып жатыр.

Пусан – әлемнің түкір-түкпіріндегі кәсіби кино майталандардың назарын жыл сайын өзіне аударып келе жатқан Азиядағы ең ірі кинофестивальдердің бірі. Фестиваль аясындағы Конкурстық «New Currents» бағдарламасы дәстүрлі түрде жас режиссерлердің бірінші және екінші фильмдеріне баса назар аударып, айтар ойы бар, көркемдік сапасы жоғары туындылардың халықаралық көрермендерге жетуін мақсат тұтады.

Елзат Ескендірдің шығармашылық жолында Пусан кинофестивалінің орны ерекше. 2016 жылы Елзаттың «Өліара» қысқаметражды көркем фильмі осы фестивальдің «Wide Angle» конкурстық бағдарламасына қатысып, бас жүлде – «Sonje» сыйлығына ие болған. Биыл да режиссер Пусанға арнайы барып, «Әбіл» фильмін халықаралық көрермендерге таныстырмақ.

Елжат Ескендір
Елзат Ескендір 2016 ж. Пусан ХКФ

«Әбіл» фильмі Совет Одағы құлап, колхоз-совхоз тарап, мал-мүлік бөліске түсіп, елде приватизация орын алған кезеңдегі қиянатқа ұшыраған қарапайым адамдар мен қараусыз қалған қазақ ауылындағы бейберекетсіздікті суреттейді. Сол арқылы кинотуынды тәуелсіздік басындағы күрделі уақыт ағымындағы қазақ халқының рухани кейпіне, психологиялық күйіне әлеуметтік талдау жасауды ұсынады. Фильмде советтік жүйе кезіндегі адам өмірінің құнсыздығы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігі мен өз жерінде, өз елінде кемсітушілікке ұшырағандығы, социализнен капитализмге ауысу кезеңіндегі екіұдай сезім, сонымен қатар, жемқорлықтың пайда болуы жайлы да ой қозғайды.

Елзат Ескендірдің "Әбіл" фильмінен стоп кадр

Фильм үлкен тарихи оқиғалар кезіндегі кішкентай адамдардың тағдырын суреттеуді негіз еткен.

"Әбіл" фильмінің түсірілу сәті

Фильм халықаралық үлкен мамандардың қатысуымен түсірілген. Солардың бірі, белгілі режиссер Сергей Дворцевойдың «Тюльпан», «Айка» фильмдерінің қоюшы-операторы, Польяк киносының ірі өкілі Йоланта Дылевска.

 Йоланта Дылевска
 Қоюшы-оператор Йоланта Дылевска

Кинотуынды Алматы облысы, Ұйғыр ауданында түсірілген. Фильм подюсерлері Серік Әбішев, Сергей Әзімов, Ерлан Бекқожин. Ко-продюсер Юлия Ким.

"Әбіл" фильмінен стоп кадр

Басты рөльдерде белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутай, М.Әуезов театрының белгілі актерлері Нұржан Бексұлтанова, Әлихан Лепесбай, Ғ.Мүсірепов театрының актері Ұлан Нүсіпәлі ойнайды.

"Әбіл" фильмі

Фильм Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің тапсырысымен, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Қазақфильм киностудиясында түсірілді. Кинокартинаның дистрибьюторы «Tanaris» студиясы.