Робот қанша жерден ақылды болса да, оны адам басқарады
Кез келген дамыған елдің жетістігі зауыттар мен фабрикаларда, мектептер мен ауруханаларда, егіс далаларында тер төгіп жүрген қарапайым жұмысшылардың адал еңбегіне негізделеді.
Адамды адам еткен де, қоғамды ілгерілеткен де тек қана еңбек. Қазір біздің мемлекетіміздің ұстанып отырған ұстанымы да осыған саяды. Біз бүгін зауытта қарапайым еңбек адамы болып жұмыс істейтін Роллан Жылқыжиаровпен пікірлесіп, өз жұмысының мехнаты мен барақаты туралы сөйлестік.
– Роллан мырза, сіздің өндірісте жұмыс істеп жүргеніңізге 20 жылдан асыпты. Естуімше, Сеулге де барып жұмыс істеп келіпсіз. Қарапайым еңбек жолыңыз туралы айтып өтесіз бе?
– Иә, зауытта дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін. 20 жылдан астам еңбек өтілім бар. Оңтүстік Кореяға барып, бір жыл жұмыс істеп келдім. Айырмашылық бар екен. Ол жақта техникалық база жетілген. Бізде де бұл жағы енді қолға алынып жатыр. Мен желдеткіш шығаратын зауытта жұмыс істеймін. Тұрмыс жаман емес. Жалақым да көңілді көншітеді. Шетел дегенімізбен өзіміздің елге жетпейді. Сондықтан өзіміздің зауытта жұмыс істеуді дұрыс деп шештім.
– Қазір еңбек адамына айрықша көңіл білініп, насихаттап жатырмыз. Осыған байланысты не айтасыз? Бұл бастаманың қарапайым жұмысшыларға берері не деп ойлайсыз?
– Негізінде, кез келген өндірістің жүрегі қарапайым жұмысшы. Барлық жұмысты жүргізетін де солар. Осыны ұмытпау керек. Мысалы, мен алғашқыда мынадай үлкен цехтарды, алып пештерді көріп, тіпті сескенгенім де бар. Менің әкем де, ағам да осы өндірісте жұмыс істеген, яғни біз – жұмысшылар әулетіненбіз. Өндіріс дегенде мен өз қолыммен шыққан өнімнің мемлекетіміздің игілігіне жарап жатқанын мақтан тұтамын. Қарапайым жұмысшы болмаса өндірістің жұмысы өнбейді. Осыны ұмытпаған жөн. «Еңбек адамы» деген сөздің астарында моншақтап төгілген тер, төзімділік пен адалдық жатыр. Ол – зауыттың шуына, пештің ыстығына шыдап, ел үшін өнім өндіріп жатқан әрбір қарапайым жұмысшы. Ең үлкен баға мен марапат – атқарған жұмысыңның сапалы шығуы және айдың соңында отбасыңа маңдай теріңмен тапқан адал табысыңды апару.
– Зауыттағы жұмыс өте ауыр әрі қауіпті екені белгілі. Сіздердің бір күндік жұмыс ауысымдарыңыз қалай өтеді?
– Иә, өндірісте темірдей тәртіп пен қатаң қауіпсіздік ережелері бірінші орында тұрады. Біздің жұмыс ауысыммен (сменамен) өтеді, кейде түнгі уақытта да еңбек етеміз. Жұмыс алдында міндетті түрде медициналық тексерістен өтіп, арнайы киімдерімізді киеміз. Бұл жерде әр секунд маңызды, әр жұмысшы өз орнын нақты білуі керек. Бір адамның қателігі бүкіл цехтың жұмысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жауапкершілік өте жоғары.
– Қазіргі зауыттарға жаңа технологиялар, автоматтандырылған жүйелер келіп жатыр ғой. Болашақта роботтар жұмысшыларды толық алмастыра алады деп ойлайсыз ба?
– Технология өмірді жеңілдетеді, шетелде зауыттарда көбіне пультпен, компьютермен басқарады. Бірақ робот қанша жерден ақылды болса да, оны басқаратын, бақылайтын және төтенше жағдайда шешім қабылдайтын – адам. Демек зауыттың жаны – адам. Робот ешқашан адамның кәсіби түйсігін алмастыра алмайды. Мысалы, мен дәнекерлеушімін. Қазіргі заманға сай сұраныс өте көп. Болашақта «дәнекерлеушінің рөлін робот алмастыра алады» деп ойламаймын. Әрбір металды сапалы дәнекерлеп, оның беріктігін қамтамасыз ету үшін қаншама тер төгеміз. Әдетте жастар «үйретіңізші» деп келіп жатады. Соған қарағанда бұл мамандықты робот алмастыра алмайды-ау. Ал зауыттардың технологиялық базасы жаңаруы керек. Заманға сай жаңарған технология бізге қажет. Робототехниканың дәуірі келеді. Сондықтан осы салада мамандарды оқытып, біліктіліктерін жетілдірген дұрыс деп есептеймін.
– Жастарға, болашақ жұмысшыларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Қара жұмыстан, өндірістен қашпау керек. Қазіргі жастардың көбі диплом ала салысымен офисте жұмыс істеуге қызығады. Басшылық қызметке үйір. Жұрттың барлығы жарқыраған офиске қарай жүгіре берсе, өндірісті қалай жетілдіреміз?! Мені осы жағы ойлантады. Бұрын СПТУ дегендер болды. Қазір кәсіптік техникалық колледждер деп жүрміз. Бұл оқу орындары бізге қажет. Ұлттық жұмысшы табын қалыптастыру үшін керек. Сондықтан мұндай оқу орындарына мемлекеттік қолдауды күшейту тиіс. Біз қазір экономикамызды отандық өндірісті дамытсақ қана көтере аламыз. Сондықтан келешекте өнім өндіретін зауыттардың қатары көбеюі қажет. Осындай сәтте ол зауытта жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамдары: инженерлер, техниктер, технологтар болуы шарт. Сондықтан осы жағын ойласақ, кәсіптік-техникалық мамандарға сұраныс келешекте екі есе артатын болар деген ойдамын. Жұрттың барлығы офисте, басшылық қызметте немесе мемлекеттік қызметке үйір бола берсе, қарапайым жұмысшылар легі қалай қалыптасады. Осыны ескерсек, слесарь, шебер, дәнекерлеуші, автомеханик, тағы басқа мамандықтардан қашпау керек. Балаларды сол жаққа бағыттап, адал еңбекпен нан табуға үйрету қажет. Бұл енді жұрттың барлығы қара жұмысшы болсын деген үндеу емес. Зауытта шыңдалған адам өмірдің кез келген қиындығына төтеп бере алады. Нағыз ер азаматты еңбек тәрбиелейді. Қай салада жұмыс істесең де, өз ісіңнің майталманы болсаң, қоғамда әрқашан сыйлы боласың. Осыны ұмытпаған жөн. Қарапайым еңбек адамын бағалап, сұхбат алып жатқан «Жас Алашқа» рақметімді айтамын. Бұл үлгі болатын іс. Еңбек адамын құрметтеп, насихаттау – барша өндіріс орындарында, басқа да салаларда қарапайым жұмыс істеп, адал нанын тауып жүрген азаматтарға деген құрмет.
Сұхбаттасқан
Қарлығаш САЙЛАУОВА