Рухани астананы салуға қанша қаржы кетті?
Шөкеев ресми статистикамен келіспейді
2018 жылы облыс орталығы болған, ал биыл 31 наурызда Түркі кеңесіне мүше елдер басшыларының саммитінде ресми түрде Түркі әлемінің астанасы деп жарияланған Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталды. Өткен жұмада елордада орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев рухани астананы салуға осы уақытқа дейін қанша қаржы жұмсалғанын жария етті.
–Түркістан қаласының инфрақұрылымына, туризм саласын дамытуға қанша қаржы жұмсалды, бұл шығындарды қайтару үшін қандай жоспарларыңыз бар? – деген сауалға Шөкеев:
–Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңіне жалпы бюджеттік, жекелеген инвестицияларды қосқанда, 400 миллиард теңгеден астам қаражат салынды. Әрине, оның басым бөлігі инфрақұрылымға қаралған. Бұл дегеніңіз – жол, энергетика, ауызсу, көгілдір отын, канализация, жылумен қамтамасыз ету. Түркістанның инфрақұрылымы халықаралық деңгейге сай болуы тиіс. Осыдан үш жыл бұрын Түркістанда 175 мың адам тұрса, қазір 220 мыңға жетті. Бас жоспар бойынша 2025 жылы қала тұрғындарының саны 350 мың болады. Ал қазіргі инфрақұрылым 500 мың адамға арналып жасалып жатыр, – деді облыс басшысы. Шөкеев бұрынғы аудандық деңгейдегі қаланы облыс орталығы ғана емес, Түркі әлемінің рухани астанасына айналдырудың оңай еместігіне тоқталды.
Жуырда Finprom.kz порталында Түркістанның туристік әлеуетіне қатысты материал жарияланды. Ондағы мәліметтерге қарағанда, Түркістан облысының мәдени, демалыс, ойын-сауық саласын дамыту үшін негізгі капиталға 2019 жылы 8 миллиард теңге, 2020 жылы 125 миллиард теңге салынған. Биылғы тоғыз айда бір ғана Түркістан облысының осы саласына 80 миллиард теңге жұмсалыпты. Ал қалған 16 өңірде бұл қаражаттың көлемі 86 миллиард теңгені құрайды екен. Яғни бір Түркістанның өзіне бүкіл Қазақстанға кеткен қаражат құйылған деген сөз.
Алайда Түркістан іс жүзінде күткендегідей нәтиже көрсете алмаған. Мысалы, ішкі туризм бойынша келушілерді орналастыру орындарындағы қызмет көрсету бойынша көш басында Алматы (447,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (289,5 мың адам) және Алматы облысы (165,9 мың адам) тұр. Түркістан облысы бұл тізімде ортадан төмен, дәлірегі 9-орын алған. Рухани астанаға келген шетелдіктердің де саны салыстырмалы түрде алғанда аз. Алты ай ішінде Түркістанға 870 шетелдік ат басын бұрыпты. Осы уақыт аралығында Алматы – 54,2 мың, Нұр-Сұлтан – 34,9 мың, Қостанай облысы 5,5 мың шетелдік қонақты қарсы алған.
Түркістанның туризмін дамытуға салынып жатқан миллиардтар неге жемісін бермейді? Шөкеевті осы сауал айналып өткен жоқ. Тіпті ол брифинг барысында бір емес, үш қайтара қойылды.
–Сайттар «80 миллиард туризмге салынды, бірақ нәтиже жоқ» дегенді жазды. «Туристер аз» дейді. Бірақ туристердің саны дұрыс есептелмеген. Қонақүйлердегі нөмірлердің қаншасының жалданғаны алынған. Бұл дұрыс емес. Алматының қонақүйлерінде 12 мың нөмір болса, Түркістанда 1000 ғана. Бізге келетін туристер, негізінен, зияратшылар. Олар тек бір күнге келеді. Оның үстіне пандемия кезінде шектеулер болды, шекара жабылды. Сондықтан қазір қандай да бір қорытынды жасауға болмайды, – деп жауап берген Шөкеев Түркістанда бесжұлдызды бес қонақүйдің салынғанын, Әзірет Сұлтан кесенесіне биыл 1,5 миллион зияратшының келгенін алға тартты.
Алайда жоғарыдағы порталдың Түркістанның туризміне қатысты келтірген мәліметтерді аспаннан алмағаны немесе бал ашып білмегені анық. Бұл мәліметтер былтыр президент Тоқаевтың жарлығымен құрылған стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы таратқан ресми ақпараттардан алынған. Сонда Шөкеев ресми статистикамен келіспей ме?
Жалпы, әлемдік тәжірибеде туризм өте табысты сала саналады. Табыс туристерге қызмет көрсететін нысандар: қонақүйлер, мейрамханалар, басқа да ойын-сауық орындары арқылы түсетіні түсінікті. Түркістанға келген туристердің санын Әзірет Сұлтан кесенесіне кіріп шыққан зияратшылар арқылы есептеу дұрыс тәжірибе ме? Бір күндік зияратшылар туристік саланың көсегесін көгерте ала ма?
Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тұрмысы жағынан республикадағы ең соңғы орындарда тұратын. 2018 жылы Шымкент өз алдына енші алып, облыс халқы 2 миллионға азайды. Соның өзінде Түркістан облысы «жалақысы ең аз», «кедейлері ең көп өңір» деген аттан құтыла алмай-ақ қойды. Алайда осы жуырда 2 миллион теңгеге жуық жалақы алатыны жария етілген Шөкеев брифингте бұл мәліметтермен де келіспейтінін білдірді. Бірақ осындай ақпараттардың бәрін статистика комитеті таратып отыр емес пе? Әлде Шөкеевтің жұмыс істеу тәсілі өзгеше ме?
Айтпақшы, брифингте журналистер жақында Түркістан музыкалық драма театрының шымылдығын ашқан «Бөрте» қойылымына бюджеттен 246 миллион теңге бөлінгенін алға тартып, «Бұл қаражат көп емес пе?» деген сауалды да көлденеңдетті.
–Мен олай ойламаймын, сметаны тексердік, бәрі негізді, 200 миллион дегеніңіз көп ақша емес, – деп жауап берді Шөкеев.