Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 03 Шілде 2024

Садықовтың өліміне қатысты Украина бас прокуратурасы мәлімдеме жасады

Украина
Фото: Украина бас прокуратурасы

2 шілде күні Киевтегі жан сақтау бөлімінде қайтыс болған қазақстандық журналист Айдос Садықовтың өліміне қатысты Украина бас прокуратурасы мәлімдеме жасады.

Украина прокуратурасының мәліметінше, журналистке қастандық жасады деген күдіктінің айыптау бабы өзгереді.

Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар деп хабарланған күдіктіні адамдар тобының тапсырысы мен алдын ала келісімі бойынша жасалған кісі өлтіруге оқталудан - "қасақана кісі өлтіру бабына" өзгерту туралы хабарлама дайындап жатыр, (Украина ҚК 115-бабының 2-бөлігі 11, 12 тармақтары), делінген хабарламада.

Айта кетейік, 18 маусымда Киевтің Шевченков ауданында оппозициялық журналист, «Бәсе» арнасының авторы Айдос Садықовтың өміріне қастандық жасалған болатын. Ол басынан жараланып, 13 күн жансақтау бөлімінде жатты. Ал, 2 шілде түнде сол жерде қайтыс болды.

Тергеушілердің мәліметінше, қылмысқа Қазақстанның екі азаматының қатысы бар. Украинаның бас прокуратурасы оларға халықаралық іздеу жариялады. Тергеушілердің айтуынша, Жақанбаев пен Қаратаев Украинаға 2 маусымда келген, содан кейін олар Садықовты бақылауды ұйымдастырған. Олар журналистке қастандық жасалған күні елден шығып кеткен. Күдіктілердің бірі Қазақстанда ұсталды, оның өзі полицияға хабарласқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандыққа түсініктеме бере отырып, елдің құқық қорғау органдарының тергеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда кейін сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстан қастандық жасады деген күдіктіні Украинаға экстрадицияламайтынын айтты.

Айдос Садықов пен Наталья Садықова 2014 жылы Украинаға көшіп кеткен. Наталья Садықованың айтуынша, олар саяси себептермен қылмыстық қудалауға ұшыраған. Сондай-ақ ол күйеуінің өліміне Қазақстан билігін айыптайтынын мәлімдеді.