Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:55

Садриддин Ахмедов АҚШ-тағы жекпе-жегінен кейін марқұм Шерзатты еске алды

Садриддин Ахмедов

14 желтоқсан күні АҚШ-тың Санта-Инез қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық Садриддин Ахмедов (15-0, 12 KO) жергілікті боксшы Рафаэль Игбоквемен (17-6, 7 КО) жұдырықтасты. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған, бірақ жетінші раундта Садриддин техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Жекпе-жектен кейін Ахмедов өзге қазақстандық спортшыларға сай келмейтін мінез танытып, елдегі саяси-әлеуметтік оқиғаларды тілге тиек етті. Ол күн сайын ушығып бара жатқан Талғардағы Шерзат Болат өліміне назар аударды.

«Бұл жеңісіммен барша қазақ елін 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Сондай-ақ Қазақстанда көп жағдай болып жатқанын жақсы білесіздер. Соның бірі – Шерзатқа байланысты жағдай. Шетелде жүрсек те, оның бәрі жүрегімізге батады. Еліміздің көк туын осындай ареналарда көтеру – біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ елі, сіздерді қатты жақсы көремін. Осы жеңісімді қазақ еліне арнағым келеді», – деді Садриддин Ахмедов.

Ахмедов әңгімесін жатық ағылшын тілінде бастап, жоғарыдағы сөздерді қазақ тілінде айтты. Әуесқой бокста жүргенде жастар арасындағы бәсекенің бәрінде жеңіске жетіп, болашағынан үлкен үміт күттірген Садриддин небәрі 20 жасында кәсіпқой боксқа ауысқан. Бірақ ортада 2-3 жыл рингтен алыстап, біршама уақытын жоғалтып алды.

Дегенмен ол әлі 26 жаста, биылдан бастап АҚШ-та өнер көрсетіп жүр. Кәсіпқой бокстың шыңына шығамын десе, әлі уақыт жеткілікті. Оның үстіне қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкинмен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген промоутер Том Леффлердің қол астына өтті. Қазіргі жаттықтырушысы да – GGG-ді жетістікке жетелеген Абель Санчес. Демек күрзі жұдырығы мен азаматтық мінезі сай келген Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстың биігін бағындыруы бек мүмкін.