Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:51, 08 Сәуір 2024

Сағым қуған Made in Kazakhstan

Made in Kazakhstan

Қазақстанда саудаланып жатқан киім-кешектің 2 пайызы ғана отандық өнім. Қалған 69 пайызы – Қытайдан, 13 пайызы – Түркиядан, 7 пайызы Ресейден импортталады. Бұдан бөлек, көрші Қырғызстанның да өнімдері жетерлік. Тапшы болып тұрған тек – Made in Kazakhstan.

Қазақстандықтар азық-түліктен соң осы жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне көп қаражат жұмсайды. Сұраныс ауқымды әрі жылдан жылға өсіп келеді. Мәселен, былтыр киім, текстиль, аяқ киім нарығының ішкі сыйымдылығы – 50 пайызға, яғни 1,5 трлн теңгеге артқан. Алайда сұранысты жауып отырған – импорт. Олардың бағасы арзан, таңдау көп. Ал аз-маз отандық өніміміздің бағасы бәсекеге қабілетсіз. Оның себебі де айқын – шикізат сырттан келетіндіктен өнімнің өзіндік құны көбейеді. Салық жүктемесіне қарамай мата әкеліп, цехта киім тігіп жатқандардың өзі көбіне-көп тендер алып, формалар мен «спец» киімдер шығарумен айналысуда. Өйткені қолжетімді шетелдік тауарлар нарыққа шығуға мүмкіндік бермей тұр.

КСРО кезінде ел бюджетінің 25 пайыздан астамын жеңіл өнеркәсіп құраған. Оның өнеркәсіп өндірісі көлеміндегі үлесі 1990 жылы – 15,8 пайыз болса, 2000 жылы – 2,3 пайызға дейін қысқарды. Ал 2011 жылы небәрі 0,1 пайызды көрсетті. Сол құлдырағаннан әлі тұрмыз. Тағы бір мысал, 1985 жылдары салада 200 мыңнан астам адам жұмыс істесе, қазір 22 мың ғана. Соған қарамастан, жеңіл өнеркәсіпке қатысты «жағымды» статистикалар айтылып жүргені таңғалдырады. Мысалы, 2022 жылы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 178 млрд теңгеге өнім өндіріп, бір жылдағы құн бойынша өсім 27,1 пайыз болды делінді. Бірақ мұндай динамика өнеркәсіптің өсуінен емес, әлемдегі бағаның қымбаттау тенденциясынан пайда болды. Заттай көріністе өндіріс көлемі тек 6 пайызға артқан. Сол секілді 2023 жылы өндіріс 12,2 пайызға артқаны айтылуда (221,3 млрд теңге). Алайда Қазақстанда тек 1445 кәсіпорын мен мата шығаратын бір ғана ірі фабрика бар екенін ескерсек, 20 млн халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін әлі біраз жыл пайыздарға «тойып», пайыздарды «киюге» тура келетін секілді.

Өндірістің аздығы, оны дамытуға күш салу керектігі – айтып ауыз, тыңдап құлақ жауыр болған тақырып. Ал кәсіпкерлер үнемі мемлекеттен қолдау керектігін айтып шырылдайды. Соңғы өткен Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жалпы съезінде де аталған мәселе алға шығып, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Наталья Ахшабаева шикізат тақырыбын қозғады. Кәсіпкер Бауыржан Жамалов саланы дамытуға қатысты барлық мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау қажет екенін айтса, тағы бір кәсіпкер Алмагүл Қадырқұлова саланың басты мәселесі кадр тапшылығы екенін, өнеркәсіп саласына бөлінген білім гранттарының көбісі бос қалатынын жеткізді.

Қалай қарасақ та, негізгі мәселе – шикізат. Не матаны алып келуде шынайы салықтық жеңілдіктер болуы керек, не өзіміз мата өндіруіміз қажет. Сонда өндіріс қарқын алып, дүкен-базарларда, нарықта отандық киімдер көбейеді деп үміттенуге болады. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық мәселесін шешуге де оң ықпал ете алатыны белгілі.

Мәселен, синтетикалық маталар эконом және орта кластағы киімдер тігуде әлем бойынша кеңінен қолданыста. Мұндай полиэстер маталар жасау үшін мұнай-газ өңдеу өнеркәсібінің өніміне жататын полиамид талшықтары қажет. Мұнайы мол ел үшін бұл перспективалы бағыт десек қате болмайды... Табиғи талшық пен мата өндіруге қажетті жануарлардың жүні мен өсімдіктерден де кем емеспіз. Осының бәріне қарамастан, Қазақстанда мата-текстиль шығаратын бір ғана ірі фабрика жұмыс істеп тұр. Ол – Шымкенттегі Azala textile фабрикасы. Ал жаһан елдері текстильді жолға қойып, үлкен табыс көзіне айналдырып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының есебіне сүйенсек, Қытай, Үндістан, Германия, Италия, Түркия, Бангладеш, АҚШ, Франция, Жапония, Вьетнам – мата экспортының лидерлері. Бұл туралы, дизайнер, кәсіпкер Диана Амалбек былай дейді:

«Қытай ең озық жабдықтар мен технологияларды қолданып отырса да, онда өндіріс арзан. Ал шикізаты мен дайын өнімі өте сапалы. Италиялық маталар өзінің киіс беретін төзімділігімен танымал. Әрі онда сән үлгілері мен стильдерге, маусымдарға сай маталардың фактурасы мен палитрасына таңдау көп. Түріктер болса, сапалы мата өндіргенімен қоймай, өте қолайлы баға белгілейді. Ал Жапония мата өндірісінде ультрадыбыстық, нанотехнологиялық әдістерді қолданып, өңдеу мен бояудың тиімді жолдарын тапқан. Дәл сол секілді жаңа технология мен инновация Бангладеш пен Вьетнамның да өнеркәсібін дамытып отыр. Аталмыш елдердегі өндіріс арзан, өнім сапасы мықты, жоғары санатты тігіншілер көп, ал еңбекақы деңгейі төмен. Осы факторлардың әсерінен әлемдік брендтер мен масс-маркеттерден тапсырыс артып, өндіріс өскен. Оған қоса, маталар мен киімге арналған бояулары да дүниежүзінде сұранысқа ие. Осы секілді технологиялар мен жабдықтарды әкелсе, біздегі шикізат қорымен де мата өндірісін дамытуға мүмкіндік бар».

Алысқа бармай-ақ, Қырғызстандағы киім өндірісі мен экспорты да бізге үлгі боларлық. Өздері мата өндірісін жолға қоймаса да, мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау есебінен жеңіл өнеркәсіп жетекші салаларының біріне айналып келеді. КСРО ыдырағаннан кейін дәл Қазақстан секілді тоқырау кезеңіне тап болып, зауыт-фабрикалары жабылып қалса да, жеңіл өнеркәсібі құлдыраса да Қырғызстан бүгінде эконом кластағы киім-кешек өндіруге әбден машықтанып, экспортты жолға қойып отыр. Олар шикізаттың 90 пайызын Қытайдан алады. Қырғызстандық киім-кешекке сұраныстың артқаны сонша, кадрлық жетіспеушілік туындап, бұл мәселені шешу үшін мемлекет Өзбекстан, Пәкістан, Бангладештен кадр тарту үшін квоталар бөлуді қарастыруда. Осы жөнінде кәсіпкер, Талдықорған мен Жетісу облысында бірнеше филиалы бар «Айсұлу» тігін цехының негізін қалаушы Жарылқасын Болатұлы:

«Мемлекет Қытаймен, Гуанджоу сынды қалалардағы ірі мата өндіретін фабрикалармен келісімдер жасап, мата мәселесін оңтайлы шешіп бере алады. Осылайша, шикізат арзан болса, қырғыз, өзбек ағайыннан асып түспесек, кем қалмаймыз. Қазір біз киіп жүрген футболка, худи, поло сынды күнделікті киімдеріміздің көпшілігін осы елдер өндіріп отыр. Олар тіпті Балтық елдеріне, Ресейге экспортқа шығып жатыр. Тіпті өзге мемлекеттерден ірі тапсырыстар да алады. Өндірістерін көтеріп алған соң онда тігіншілердің жалақысы да, мамандықтың тартымдылығы да жақсы. Тура солай біз де өз халқымызды жұмыспен, киіммен қамтып, экспортқа шыға аламыз. Сөреде бірдей бағадағы Қазақстанның, Қырғызстанның, Қытайдың киімі тұрса, қазақтікі өтпей қалмайды. Нарық өзі-ақ реттеліп, ұсынылған тауардың сапалысы сұраныста болады. Кәсіпкерлер де, өндіріс те соған бейімделіп отырады. Тек мемлекет шикізат мәселесіне мұқият мән беруі керек. Оны өзімізде өндіруге де жол ашық. Сапалы мата шығару үшін шамамен 20-50 млрд теңге аралығында қаржы кетеді. Өкінішке қарай, еліміздегі ірі кәсіпкерлер өндіріске бас қатырғысы келмейді, одан да сауда үйін салып, жалға беріп қояды. «Пассивный доходқа» немесе жеңілірек жолға ұмтылады. Бірақ өндіріс дамуы тиіс. Сондықтан бұл орайда да мемлекеттің араласуы қажет», – дейді.

Бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де мәселеге ден қойып қарамаған секілді. Қазіргі өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев та қызметіне келгеніне жарты жылдан асса да, мәселеге қатысты мардымды ештеңе айтпады. Әйтеуір, наурызда жалғыз мата фабрикамызды аралап, мәз болып қайтқан...

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: