Сараптама

Салық реформасы: бизнестің бүйірі шықпады, бюджеттің жыртығы жамалмады

Қазақстан үкіметі былтырдан бері жаңа Салық кодексінің экономиканы түбегейлі жаңғыртатынын, бизнесті қолдайтынын айтып келеді. Үкіметтің жаңа салық саясатын таныстырғандағы негізгі мақтаныштары мен уәделері: мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікті нығайту, әкімшілік кедергілерді жою, әділ салық жүйесіне көшу, көлеңкелі экономиканы азайту және бюджеттің бүйірін толтыру болған.

Салық

Жаңа Салық кодексі жайлы сөз еткенде осы реформаның «кіндігін кескен» министр атанып кеткен ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық жүйесін жаңартсақ, бюджеттің жыртығы толық жамалатынын меңзейтін. Тіпті министр салықты қымбаттатсақ, Ұлттық қорға да қол сала бермейтінімізді айтқан. Сөйтіп, жаңа Салық кодексін насихаттауда шенеуніктер алдына жан салмады.

Міне, төртінші айдан асты, осы жаңашылдықпен күнелтіп келеміз. Қаржы министрлігінің 1 сәуірдегі дерегі бойынша, биыл үш айда бюджетке 7,27 трлн теңге түскен. Соның 6,98 трлн теңгесі – салық. Яғни мемлекеттік қазына ең алдымен халықтың төлейтін салығымен толыққан. Бірақ салықтың қымбаттағанына қарамастан, бюджет тағы да минуста. Бұл жолғы үш айдағы тапшылық 593,7 млрд теңге. Сала мамандары жыл соңына дейін бұл тапшылықтың тағы да өсе түсетінін еске салады. Себебі осы қымбат салықтың салдарынан елдегі біраз бизнес үкімет айтқандай өркендемеді, керісінше, жабылып тынды.

Бұған қатысты Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, салық кодексі күшіне енген 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 9,1 мыңнан аса компания жабылған. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш 1,6 есе артқан. Жабылған компаниялардың 99,8 пайызы – шағын кәсіпорын. Орта көлемдегі жабылған компаниялар саны да былтырғымен салыстырғанда 2,4 есе өскен. Бір тоқсанда нарықтан негізінен сауда саласында жұмыс істеген компаниялар кеткен. Олардың саны – 3 000. Құрылыс саласында – 1 000, ал өңдеу өнеркәсібінде 523 компания жұмысын тоқтатқан.

Бизнестердің жабылуына салық реформасы себеп деп санайтындар көп. Алайда вице-премьер әрі министр Серік Жұманғариннің сөзінше, салық реформасының алғашқы нәтижесі жақсы. Оның сөзіне сенсек: «Ал шағын және орта кәсіп санының азаюы бизнестің жаңа бағытқа өзгергенін білдіреді».

Мақсат Халық

Экономист-сарапшы Мақсат Халықтың пікіріне сүйенсек, үкіметтің мақтануды ерте бастап кеткенін аңғарамыз. Экономист-маман әу баста Салық кодексі қабылданып жатқан кезде «үкімет қысқа мерзімде мақсатына қол жеткізеді, бастапқыда бюджет кірісі артады, белгілі бір дәрежеде бюджет тапшылығын жабуға қадам жасалады, өйткені салық өскеннен кейін ә дегенде түсімдер ұлғаятыны түсінікті. Сосын кейін барып үкімет «алға қойған межені орындадық» деп мақтанатын болады» деген болжам айтқан.

«Қазір үкіметтің ертерек мақтанып қойғанын көріп отырмыз. Негізінде бұл ең ерте дегенде жылдың аяғындағы қорытындыда нақты белгілі болады. Осы жылғы бюджет түсімі едәуір жоғары болады деп ойлаймын. Себебі қосылған құн салығы өскен, бизнеске қойылған нақты меже бар. Дегенмен бұл өзгерістер көп бизнестің төлем қабілетін белгілі бір дәрежеде түсіріп жатыр. Олар қазір бұл салықты төлеуге дайын, бірақ көбі жабылу үстінде. Ол компаниялар келесі жылы салық төлемейді деген сөз. Яғни келесі жылы қазіргі картина, келтіріліп отырған мәліметтер мүлдем басқа сипатта көрініс табарына сенімдімін», –  дейді экономист Мақсат Халық.

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов те «қымбат салық бюджеттің бүйірін тоқ қылады» деп қатты сенуге болмайтынын айтады. Себебі дәл қазір есеп беретін уақыт емес. Мақтануға ерте, тым құрығанда бір жыл күту керек.

«Қымбат салық бюджеттің бүйірін тоқ қылады деп аса үміттенген дұрыс емес. Қазақстанда ресми салық мөлшерлемелері «қалыпты» деп айтылады. Жеке табыс салығы – 10 пайыз, корпоративтік табыс салығы – 20 пайыз, ҚҚС – 16 пайыз. Бірақ бұл – қағаздағы көрсеткіш қана. Шын мәнінде, жекелеген азамат жалақысынан зейнетақы жарнасын, медициналық сақтандыруды, әлеуметтік аударымдарды төлейді. Жұмыс беруші де бөлек салық аударады. Ақыр соңында осының бәрі тауар бағасына қосылып, қайтадан қарапайым халықтың қалтасына түседі. Яғни Қазақстанда салықты кәсіпкер емес, дүкенге кірген сатып алушы төлейді. Билік ҚҚС-ны көтерген сайын «бюджетке ақша керек» дейді. Бірақ сол ақшаның қайда кетіп жатқанына келгенде нақты жауап аз. Себебі бюджет шығыны жылдан-жылға өсіп барады. Мәселен, биылғы үш айда ғана мемлекеттік қарызды өтеуге 1,19 трлн теңге жұмсалған. Үкімет жаңа зауыт салуға емес, ескі қарыздың пайызын жабуға ақша төлеп отыр. Басқаша айтқанда, бүгінгі салық кеше алынған қарыздың құнын өтеуге кетуде. Бұл енді экономикалық даму емес, «несиемен өмір сүретін елдің» белгісі. Сондықтан бұлай әрекет ете берсе, қымбат салықтан экономикаға да, бюджетке де пайда болмайды», – дейді ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Салықтан түскен қаражат қайда кетіп жатыр?

Мамандардың сөзінше, салықтан түскен қаражаттың есебі ашық болуы керек. Мәселен, үкімет салықтан түскен қосымша қаражат еліміздегі ең төменгі жалақыны өсіруге, зейнетақы мен жәрдемақыларды арттыруға және әлеуметтік нысандар (мектеп, аурухана) салуға жұмсалатынын айтқан. Енді келесі жылы мұны халық нақты сезініп отыр ма, жоқ па, сол жағы белгілі болады. Үкіметке келер жылы «ауруханадағы кезек азайды ма, медициналық қызметтің сапасы артты ма, мектеп мәселесі шешілді ме, ауылдағы жол дұрысталды ма?» деген сұрақтарға ашық жауап беруге тура келеді. Мәселен, биыл үш айда ауыл шаруашылығына 415 млрд теңге бөлінген. Бірақ ауылдық аймақтардың шешілмеген мәселесі әлі шаш етектен. Денсаулық сақтау саласына да жүздеген миллиардтар жұмсалады. Бірақ халық әлі сапалы медициналық қызметке зәру.

«Демек, бұл арада мәселе ақшаның аздығында емес. Мәселе – ақшаның қайда және қалай кетіп жатқанында емес пе? Ең қауіптісі – үкіметтің салықты «оңай ақша» көруі. Экономиканы өсіру қиын. Өндіріс ашу қиын. Инвестиция тарту қиын. Ал ҚҚС-ты көтеру оңай. Халық үндемесе болды. Бірақ шексіз салықпен экономика өспейді, керісінше, халық кедейленеді, бизнес көлеңкеге кетеді, баға шарықтайды. Қазір Қазақстанда өте қауіпті модель қалыптасып келеді. Үкімет шығынды азайтудың орнына халықтан көбірек ақша жинауға көшті. Салықтың ғана емес, айыппұлдардың да көлемі жыл сайын өседі. Бұл – бюджет реформасы емес, «қалтаны қағу» саясаты», – дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Жалпы, қаржы министрлігінің мәліметінде, биылғы үш айдың ішінде әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 1,84 трлн теңге бағытталған. Бұған зейнетақылар, жәрдемақылар, түрлі төлемдер кіреді. Екіншісі, білім беру саласына – 1,46 трлн теңге. Бұған мектептер, университеттер, мұғалімдердің жалақысы және инфрақұрылым шығындары жатады. Ал денсаулық сақтау саласына тікелей бюджеттен бөлінетін шығыс шамамен 101 млрд теңге болыпты. Алайда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын (929,9 млрд теңге) қоссақ, триллионнан асады. Қомақты қаражат экономиканы және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Көлік және коммуникациялар – 386,9 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 377,7 млрд теңге, ауыл шаруашылығы – 415,3 млрд теңге. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 394,3 млрд теңге жұмсалса, қорғанысқа – 282,8 млрд теңге жұмсалған.

Салалық мамандардың пайымдауынша, қазір Қазақстан үкіметіне үнемдеу аса қажет. Қазынаның қаражатын орынсыз шашпау маңызды. Тіпті бюджеттің есебінен әлеуметтік төлемдер ғана төленіп, мемлекеттің қолдауына мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіліп, жәрдемақы, зейнетақы беріліп қана отырғаны дұрыс. Ал экономиканы жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, тағы басқа салаларды жетілдіруге жекелеген инвесторлар арқылы қол жеткізу керек. Үкімет мұндай салаларды дамыту үшін инвесторлардың қаражатын елге тартуы қажет. Бюджеттің қаражатын үнемдеуде, үкіметке ең алдымен осыны үйренуі керек деседі мамандар.

Су жаңа кодекс қайта өзгергелі жатыр

Ең қызығы, үкімет биыл жылдың соңына дейін жаңа Салық кодексіне 50 шақты өзгеріс енгізгелі жатыр. Салық кодексіне енгізілетін түзетулердің бір бөлігін Парламенттің қазіргі құрамы қарастырмақ. Ал одан тыс, яғни 50 шақты өзгерісті Құрылтай сайланған соң, жаңа құрам қабылдамақ. Бұл жөнінде өткен аптада ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді. Оның сөзінше, Салық кодексіне қатысты түзетулер Конституциядағы өзгерістермен байланысты және олар мемлекеттік органдардың одан әрі жұмыс істеуі үшін енгізілуі қажет. Үкіметтің мәлімдеуінше, салық заңнамасын жаңартудағы мақсат – салық жүйесінің тиімділігін арттыру және қазіргі экономикалық жағдайға бейімделу.

Сапарбай Жұбаев
Фото: qazradio

«Жас Алашқа» пікір білдірген сарапшылар, экономист-ғалымдар қажет болса, жаңа Салық кодексін қайта қарау керектігін бірнеше мәрте айтқан. Бұл ретте экономист-ғалым Сапарбай Жобаев: «Әрине, қайта қарау керек. Мұны менен де басқа экономистер, қаржыгерлер айтып жүр. Барынша олигархтар, бай-манаптар, табысы жоғары шенеуніктер төлейтін салықтарды көтеру қажет», – деді.

Экономистің сөзіне сүйенсек, әу бастағы бұл реформаның негізгі мақсаты – олигархтардың компаниялары табатын корпоративтік табыс салығын (КТС) Норвегия елі сияқты 30-35 пайызға көтеру болған. Бірақ бұған біздің олигархтар келіспеді. Тек 25 пайызға көтеруге ғана көнді. Тіпті кейбір компаниялардың табыс салығы әлі сол 20 пайыз деңгейінде қалды. Яғни олигархтар өздерінің табысын халықпен бөліскісі келмеді. Корпоративтік табыс салығынан бөлек, бай-манаптардың жеке табыс салығын көтеру жоспары да жүзеге аспай қалды.

«Жоспар бойынша, осы жаңа Салық кодексін пайдаланып, үкімет табысы жоғары байлардың жеке табыс салығын 10 пайыз емес, 20-25 пайызға көтеру керек еді. Бірақ үкімет оны әлі жүзеге асыра алмай отыр. Қазір кімнің жалақысы 3 млн теңгеден асады, соларға ғана жеке табыс салығы 15 пайызға көтерілді. Ал енді қараңыз, Қазақстанда 3 млн теңгеден жоғары жалақы алатындар небәрі 26 мың адам. Сонда бізде 11 млн адам салық төлейтін болса, соның 26 мыңы ғана жеке табыс салығын 15 пайыз мөлшерінде төлейді. Бұл – 0,1 пайыз ғана. Яғни біздің 1,5-2,5 млн теңге жалақы алатындар сол баяғыша, басқа ел қатарлы 10 пайыз табыс салығын төлеп жүре береді. 1,5 млн, 2 млн теңге табыс табатындар негізінен үкіметтегілер. Сонда олигархтар компанияларынан түсетін табыстан жоғары корпоративтік табыс салығын төлемесе, шенеуніктер мен байлар 20-25 пайыз жоғары жеке табыс салығын төлемесе – бұл реформаның бюджетке ешқандай тиімділігі болмайды. Жалақысы төмен еден жуушы мен мейірбике де бюджетке 10 пайыз табыс салығын төлейді. Ал жаңағы 1,5 млн, 2 млн теңге табыс табатын шенеуніктер мен бай-манаптар да 10 пайыз табыс салығын төлейді. Бұл – әділетті де, сауатты да емес. Реформа сауатты әрі әділетті болуы үшін ірі компаниялардың КТС-ін және байлар мен шенеуніктердің жеке табыс салығын өсіру керек. Ендігі өзгерістерді енгізгенде үкімет осыған қол жеткізе алса, игі», – дейді Сапарбай Жобаев.

Мамандардың айтуынша, қосымша құн салығы – бұл халықтың және отандық шағын кәсіпорындардың төлейтін салығы. Сонда жаңа салық саясаты шағын және орта бизнестің, сондай-ақ халықтың мойнына артылып отыр. Ал алпауыт бай компаниялар жоғары салықтан тағы сытылып кетті. Мұнымен бюджеттің жыртығы толыққанды жамалмайды. Сондықтан жоғарыда айтылған сауатты әрі экономикаға тиімді өзгерістер енгізілгені дұрыс. Олай етпесек, үкіметтің біраз уәдесі орындалмай қалайын деп тұр. Бағытты сауатты жаққа бұрмасақ, әсіресе атқарушы билікке «Ұлттық қордан қаржыны көсіп алмайтын боламыз» деген уәдені орындау да қиын болмақ. Айтпақшы, Ұлттық банк осы жолы тек қана мамыр айында Ұлттық қордан бюджет қажеттіліктері үшін 500 млн доллар қаражат алынатынын мәлімдеп те қойды...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз