Сараптама

Трамп пен Си кездесуі: дипломатия сахнасындағы үнсіз соғыс

АҚШ президенті Дональд Трамптың 13-15 мамыр аралығында Қытайға жасаған сапары сырт көзге салтанатты қабылдау, жылы жүздесу, «достық» сипаттағы кездесудей көрінді.

Трамп пен Си

 Бірақ осы сапардың астарына үңілсеңіз, бұл жай ғана екі ел басшысының кездесуі емес, әлемдік тәртіп үшін жүріп жатқан үлкен айқастың бір көрінісі екенін байқайсыз. Бейжің бұл жолы Вашингтонды келісім үстелінде ғана емес, саяси сипатта қысым көрсетіп қарсы алды. Трамп Қытайға келісім жасау үшін барғандай әсер қалдырды. Ал Си Цзиньпин әлемге Қытай асықпайтынын, эмоцияға ермейтінін, өзін қысқа мерзімді саяси циклмен емес, ұзақ өркениетті уақытпен өлшейтінін көрсетті.

Дональд Трамптың Қытайға сапары 13 мамырда басталып, 15 мамырда аяқталды. Бұл оның 2017 жылдан бергі Қытайға алғашқы сапары. Сапар бірден жоғары деңгейдегі салтанатпен басталды. Reuters Трамп пен Сидің Чжуннаньхайдағы бақты бірге аралағанын, бұл орынға шетелдік лидерлердің өте сирек кіргізілетінін жазды. Сырттай қарағанда бәрі дәстүрлі дипломатиялық форматқа ұқсайды. Бірақ Қытай дипломатиясында кеңістік кездейсоқ таңдалмайды. Қай залда қабылдау өтті, қай жерде шай ішілді, қандай саябақ көрсетілді, қай ағаштың жасы айтылды – мұның бәрі саяси мәтіннің бір бөлігі. Бейжің Трампты тек президент ретінде емес, Қытай тарихын, мемлекетшілдігін көрсетіп қабылдады.

Келіссөздердің ресми күн тәртібі де ауқымды болды. Тараптар сауда, инвестиция, Тайвань, Иран, Ормуз бұғазы, жасанды интеллект, ядролық қауіпсіздік, санкциялар, сирек металдар және ауыл шаруашылығы өнімдері туралы сөйлесті. Алайда халықаралық басылымдардың басым бөлігі бұл сапарда ірі серпіліс болмағанын атап өтті. Guardian саммиттен кейін Иран, Тайвань және жасанды интеллект секілді негізгі мәселелер бойынша нақты келісім жасалмағанын жазды.

Трамп пен Си
Фото: ашық дереккөз

Трамп кездесуден не күтті, Си не көрсетті?

Трамптың стилі белгілі. Ол дипломатияны көбіне жеке қарым-қатынас, лидерлер арасындағы мәміле жасау қабілеті арқылы көрсеткісі келеді. Оның саяси тілінде «мен жақсы келісім жасадым», «біз тамаша сөйлестік», «ол менің досым» деген тіркестер жиі қолданылады. Бұл жолы да Трамп Си Цзиньпинмен жеке байланысын алға шығаруға тырысты. Бірақ Қытай жағы мүлде басқаша әрекет етті. Си Цзиньпин үшін бұл кездесу бірреттік мәміле емес, ұзақ стратегиялық ойынның бір бөлігі болды. Сол себепті бұл саммитте Си көп сөйлемей-ақ, көп нәрсені ым-ишара арқылы ұқтырды. Washington Post талдауынша, Си бұл кездесуде Трампқа ірі жеңілдік бермей-ақ, тұрақтылық пен бақылау образын қалыптастырды. Си саммиттен «дипломатиялық жеңіспен» шыққандай, Қытайдың негізгі басымдығын сақтап қалғандай әсер қалдырды.

Трамп пен Си
Фото: ашық дереккөз

Нақты келісімдер болды ма?

Ақ үй сапардан кейін бірнеше экономикалық нәтижені алға тартты. Тараптар сауда және инвестиция бойынша екіжақты кеңес құруға, Қытайдың Boeing ұшақтарын сатып алуына, АҚШ ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға, сондай-ақ кейбір нарықтық шектеулерді жеңілдетуге байланысты уағдаласқан. АҚШ тарапы мұны табыс ретінде көрсетуге тырысты. Әсіресе Boeing ұшақтары, америкалық соя, сиыр еті, ауыл шаруашылығы өнімдері туралы көбірек айтылды. Бұл Трамптың ішкі аудиториясына өте маңызды тақырып. Өйткені оның сайлаушылары арасында фермерлер, өндіріс штаттары, экспорттан үміт күтетін бизнес өкілдері көп. Бірақ мәселе бұл уағдаластықтардың біразы нақты, міндетті, толық ашық келісім ретінде емес, саяси ниет, жалпы түсіністік немесе алдағы келіссөздерге арналған «елес» ретінде көрінді.

Сондықтан АҚШ пен Қытай арасындағы басты қайшылықтар – Тайвань, технологиялық бәсеке, санкциялар, әскери тепе-теңдік, әлемдік ықпал үшін күрес сол күйінде қалды.

The New York Times басылымының жазуынша, Трамп бұл жолы нақты келісімдерден гөрі Си Цзиньпинмен жеке қарым-қатынас орнатуға көбірек мән берген. Бейжіңдегі банкетте Трамп Сиді «менің досым» деп атап, оның құрметіне тост көтерген. Келесі күні журналистер алдында ол Қытай басшысымен «шынымен дос болғанын» айтқан. Алайда Қытай сыртқы істер министрлігі Си Трампты дос санай ма деген сұраққа дипломатиялық қалыптағы қысқа жауаппен шектелген. NYT сарапшыларының пікірінше, бұл жағдай Трамптың жеке харизма мен лидерлік қасиетке сүйенетін сыртқы саясатының әлсіз тұстарын көрсетті. Басылымның жазуынша, Қытай басшысы Трамптың мақтау мен дипломатияға бейімділігін жақсы түсінеді және оны өз пайдасына қолдана алады. АҚШ-Қытай қатынастары жөніндегі сарапшы Орвилл Шелл саммитті «нақты негізі жоқ, тек ниет деңгейіндегі кездесу» деп бағалаған.

Сапар барысында Трамп Си туралы ерекше жылы пікірлер айтып, тіпті оның сырт келбетін де мақтаған. Fox News арнасына берген сұхбатында ол Сиді «бұл ел үшін өте ұзын бойлы адам» деп сипаттап, «өйткені олар аласа бойлы» деген даулы пікір айтқан. Сарапшылар Трамптың мұндай жеке қарым-қатынасқа негізделген дипломатиясы бұған дейін де нәтиже бермегенін атап өтті. Мәселен, ол алғашқы президенттік кезеңінде Ким Чен Ынмен жақсы байланыс орнатқанын айтқанымен, Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға көндіре алмаған. Сол сияқты Владимир Путинмен тұрақты байланысына қарамастан, Украинадағы соғысты тоқтата алған жоқ.

Сондықтан шетелдік БАҚ-тың жазуынша, Қытай тарапы да Трамп жариялаған көптеген «жетістіктерді» ресми түрде растаудан бас тартқан. Мысалы, Трамп Қытайдың 750 Boeing ұшағын сатып алуы мүмкін екенін мәлімдесе, Қытай сыртқы істер министрі Ван И бұл мәселе әлі толық келісілмегенін айтқан. Соған қарамастан, Трамп саммиттің басты нәтижесі ретінде нақты келісімдерді емес, екі ел басшылары арасындағы қарым-қатынасты атады.

«Ең маңыздысы – қарым-қатынас. Бәрі соған байланысты. Бұл мағынасыз көрінетін шығар, бірақ шын мәнінде бәрін шешетін де сол», – деді АҚШ президенті. Қытай тарапы да кездесудің жеке дипломатиялық сипатына жоғары баға берген. Қытай СІМ басшысы мемлекет басшылары арасындағы дипломатияны «әлемдегі ең маңызды әрі күрделі екіжақты қатынастардың бағдаршамы» деп атаған.

Трамп Си Цзиньпинді қыркүйекте Вашингтонға шақырды. Бұдан бөлек, екі лидер 2026 жылы тағы бірнеше халықаралық шара аясында кездесуі мүмкін. Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл кездесулер АҚШ үшін нақты саяси не экономикалық нәтиже бере ме, ол жағы әзірге белгісіз. Оның үстіне Си Цзиньпиннің келесі аптада Қытайға келетін Владимир Путинмен байланысын жалғастыруы Бейжіңнің Мәскеуді маңызды геосаяси серіктес ретінде қарастыратынын көрсетеді. Ал Вашингтондағы көптеген саясаткерлер бұл байланысты АҚШ қауіпсіздігіне қауіп деп санайды.

Си мен Трамп
Фото: ашық дереккөз

Тайвань – жабық есіктің ар жағындағы ең ауыр тақырып

Бұл сапардағы ең маңызды мәселе – Тайвань. Бейжің Тайваньды «Қытайдың ажырамас бөлігі» деп санайды және Вашингтонның аралға қару сатуына, саяси қолдау көрсетуіне қатты қарсы. Шетелдік БАҚ Си Цзиньпиннің Трампқа Тайвань мәселесі дұрыс болмаса АҚШ пен Қытай арасында қақтығыс, тіпті соғыс қаупі туындауы мүмкін екенін ескерткенін жазды. Қызығы, Ақ үйдің ресми қорытындысында Тайвань мәселесі қатты алға шығарылмады. Бұл да көп нәрсені аңғартады. Трамп ішкі аудиторияға сауда, Boeing, ауыл шаруашылығы, экономикалық нәтиже туралы айтқысы келді. Ал Сидің басты мәселесі Қытайдың нені қалайтынын еске салу еді. Бұған Трамп та көнгендей болды. Себебі ол кездесу барысында берген сұхбатында АҚШ Тайвань үшін Қытаймен соғысқысы келмейтінін алға тартты.

Иран мен Ормуз

Сапар қарсаңында әлем назарында Иран мен Ормуз бұғазы да тұрды. Ормуз – әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды жол. Бұл бұғаздағы кез келген дағдарыс мұнай бағасына, инфляцияға, әлемдік нарыққа әсер етеді. АҚШ Қытайдың Иранға ықпал етуін қалауы мүмкін. Себебі Қытай – Иран мұнайының басты сатып алушыларының бірі әрі Таяу Шығыстағы ірі ойыншы. Бірақ бұл тақырыпта да нақты серпіліс байқалмады. Бірнеше БАҚ Трамптың Иран бойынша айқын келісім болмағанын жазды. Бұл жерде де Қытайдың ұстанымы түсінікті болды. Бейжің Вашингтонның Таяу Шығыстағы дағдарысын шешетін қосалқы күшке айналғысы келмейді. Ол АҚШ-қа «көмектесуге дайын» деген әсер қалдыруы мүмкін, бірақ нақты міндеттеме алуға асықпайды. Себебі Қытай үшін Иран – тек ядролық мәселе емес, энергетика, геосаясат, Ресеймен байланыс, АҚШ-пен текетірес және «Батысқа қарсы балама тәртіп» мәселелерімен қабаттасып жатқан күрделі түйін. Кездесу барысында Қытай тарабы Таяу Шығыстағы қақтығыс мәселесін шешу үшін көмектесуге дайын екенін білдірген. Алайда кейін АҚШ өкілдері өздерінің Иран мәселесін шешуде ешкімнің көмегіне зәру емесін ашық мәлімдеді.

5 мың және 250 жыл – айтылмаған сөздің саяси салмағы

Сапардан кейін әлеуметтік желілерде ең көп тараған әңгіменің бірі – Си Трампқа «сіздердің тәуелсіздіктеріңізге – 250 жыл, ал біздің өркениетімізге – 5000 жыл» дегендей ишара жасады деген пікір. Бәлкім, БАҚ беттерінде мұндай ақпараттың тарауына Сидің Трампты Чжуннаньхайдағы тарихи бақты аралатып, 200, 400, тіпті 1000 жылдық ағаштарды көрсетуі себеп болған болуы мүмкін. Ғаламтордағы видеода Трамптың көне ағаштарға таңғалып, олардың сонша ұзақ өмір сүретініне қызығушылық танытқаны байқалады. Міне, осы сәт әлеуметтік желіде «өркениеттік психологиялық ойын» ретінде қабылданды. АҚШ 1776 жылғы тәуелсіздік декларациясынан бері 250 жыл тарихы бар мемлекет ретінде аталады. Ал Қытай өзін 1949 жылы құрылған Қытай Халық Республикасымен ғана шектемейді. Ол өзін бірнеше мыңжылдық өркениеттің мұрагері санайды. Әрине, тарихи тұрғыдан қазіргі ҚХР-ға 70 жылдан асты. Бірақ Қытай саяси текстінде «5000 жылдық өркениет» деген ұғым жиі қолданылады. Си осы ұстанымды ашық ұрандатпаса да, Чжуннаньхайдағы бақ, көне ағаштар, жабық билік кеңістігі арқылы сол ойды меңзегендей.

Трамп пен Си
Фото: Li Xiang/XinHua/Global Look Press

Желідегі орындық дауы

Саммиттен кейін әлеуметтік желіде ең көп талқыланған детальдардың бірі – Трамп пен Сидің отырған орындығы. Көпшілік Сидің орындығы биігірек, ал Трамп төменірек отырғандай көрінді деп жазды. Осыдан кейін «Қытай Трампты әдейі кішірейтіп көрсетті», «Сиге жоғары орын берілді», «камера бұрышы арнайы таңдалды» деген пікірлер тарады. Бірақ мұнда да факт пен интерпретацияны ажырату қажет. Бұл дау негізінен әлеуметтік желідегі видеолар мен қолданушылардың пікірінен туды. Біреулер Сидің диваны биігірек деді, енді біреулер Трамптың өзі жастықты алып тастаған болуы мүмкін деген болжам айтты. Шетелдік БАҚ та бұл тақырыптың интернетте вирус болғанын, бірақ нақты дәлелденген протоколдық айла екені белгісіз екенін жазды. Дегенмен мұндай әңгіменің тез тарауы кездейсоқ емес. Себебі қазіргі саясатта визуалды образ сөзден де тез әсер етеді. Кім жоғары отыр? Кім төмен отыр? Кім алға еңкейген? Кім шалқайған? Мұның бәрі цифрлық дәуірде дипломатияның бір бөлігіне айналды. Қытайдың протоколға аса мұқият қарайтыны белгілі. Сондықтан жұрт мұны жай ғана кездейсоқтық деп қабылдауға дайын емес.

 Владимир Путин  мен  Си Цзиньпин
Ресей Президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) Пекин. 4 ақпан. Фото: Getty Images

Путин Қытайға барады

Дональд Трамптың Қытайға сапары аяқталысымен, Бейжің енді Владимир Путинді қабылдауға дайындала бастады. Бұл кездейсоқ дипломатиялық кезек емес. Қытай үшін мұндай хронологияның өзі үлкен саяси ишараға айналып отыр. Алдымен АҚШ президенті келді, енді оның басты геосаяси қарсыластарының бірі – Ресей басшысы Путин Бейжіңге ат басын бұрады. Осы арқылы Си Цзиньпин Бейжіңді әлемдік саясаттың жаңа орталығы ретінде көрсетуге тырысып жатқандай.

Жоғарыда жазғанымыздай, Трамптың сапары Қытай мен АҚШ арасындағы бітімді сақтап қалуға бағытталды. Бірақ нақты айтарлықтай жасалған жоқ. BBC сарапшыларының бағалауынша, екі тарап бұл жолы түбегейлі татуласуға емес, уақыт ұтуға көбірек мән берген. Яғни Қытай АҚШ-пен ашық қақтығысты кейінге ысырып, өз позициясын күшейтуге тырысып отыр. Дәл осы тұста Путиннің Қытайға сапары Си үшін маңызды саяси құралға айналады. Ресей соңғы жылдары Батыс санкцияларының салдарынан Қытайға бұрынғыдан да тәуелдірек болып қалды. Мұнай, газ, шикізат, технология, сауда бағытында Мәскеуге Бейжіңнің маңызы арта түсті. Сондықтан Путиннің Қытайға баруы Сиге екі нәрсені көрсетуге мүмкіндік береді. Біріншіден, Қытай АҚШ-пен сөйлескенімен, Вашингтонның ығына жығылмайды, екіншіден, Бейжің Мәскеу мен Тегеран сияқты АҚШ-қа қарсы немесе Батыстан алшақ ойыншылармен байланысын сақтай береді.

Бұл жерде Қытайдың қолындағы басты тетік – соғыс пен энергетика. Трамп Украинадағы соғысты да, Иранмен текетіресті де тоқтатқысы келеді. Бірақ Ресей де, Иран да Қытаймен тығыз байланыста. Демек, Вашингтонға бұл дағдарыстарды Бейжіңсіз шешу қиын. Си мұны жақсы түсінеді. Сондықтан Путинді қабылдау арқылы ол Трампқа: «Қытай тек АҚШ-пен келіссөз жүргізетін ел емес, әлемдік дағдарыстардың кілтін ұстап отырған держава» деген белгі беруге ұмтылып жатыр.

Екінші мәселе – энергетика. Трамп Қытайды америкалық мұнай мен газды көбірек сатып алуға көндіргісі келеді. Алайда Бейжің бұл бағытта нақты міндеттеме алған жоқ. Керісінше, Путиннің сапары кезінде Ресей мен Қытай арасында газ тасымалы, соның ішінде «Сібір күші-2» жобасы тағы да талқылануы мүмкін деген болжам бар. Егер Қытай Ресей газын көбірек алуға келіссе, бұл Мәскеуге Еуропадан айырылған табыстың орнын толтыруға көмектеседі. Ал бұл, Ресейдің Украинадағы соғысты жалғастыруына жанама экономикалық тірек болуы ықтимал.

Сондықтан Трамптың Бейжіңдегі сапары сырттай жылы өткенімен, оның артынан Путиннің Қытайға баруы бұл «жылылықтың» шартты екенін көрсетеді. Си Цзиньпин АҚШ-пен ашық қақтығысқа бармай, уақытша тұрақтылықты сақтағысы келеді. Солай бола тұра Қытайдың Ресеймен стратегиялық байланысын үзуге ниетті емес екенін аңғартады.

Осы тұрғыдан алғанда, Трамптың сапары Қытай үшін келісімнен гөрі саяси сахна болды. Ал Путиннің келесі сапары сол сахнаның жалғасы іспетті. Бірінші көріністе Си АҚШ президентін қабылдап, Қытайдың салмағын көрсетті. Екінші көріністе ол Путинді қарсы алып, Вашингтонға Бейжіңнің өз бетінше шешім қабылдайтын держава екенін тағы да еске салмақ. Яғни Қытайдың басты мақсаты – Трамппен татуласу емес, АҚШ, Ресей, Иран және басқа ойыншылар арасындағы қайшылықты өз пайдасына жаратып, уақыт ұту және әлемдік тәртіптегі орнын күшейту болмақ.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз